Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше ақпараттық жүйені іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше ақпараттық жүйені іске қосты. Бұл туралы аталған комитет төрағасының орынбасары Әнуар Сүлейменов айтты. 

Мемлекеттік кірістер комитеті бірнеше ақпараттық жүйені іске қосты
Фото: Дамира Кеңесбай / Kazinform

Оның айтуынша, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесін, Smart Data Finance және Астана-1 кеден жүйесін іске қосудағы мақсаты — салықтық және кедендік әкімшілендірудің ашықтығын, ыңғайлылығы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ бизнес пен азаматтар үшін әкімшілік жүктемені азайту. Олардың ішіндегі маңыздыларының бірі салықтарды автоматтандырылған есептеуге арналған үлкен мәліметтер базасы — Smart Data Finance.

SDF-те 1,9 млн жеке кәсіпкер, 584 мың заңды тұлға және 20,4 млн жеке тұлға туралы мәліметтер бар. Мұнда салық төлеушінің сандық профилі қалыптасады: мүлік, жұмыс орны, салық төлеу, АӘК алушының мәртебесі туралы ақпарат. Заңды тұлғаларда қосымша еңбекақы төлеу қоры, қызметкерлер саны, салық есептілігінің және электрондық шот-фактуралардың тарихы тіркеледі.

— Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі ескірген 7 шешімді бірыңғай платформаға біріктіріп, кәсіпкерлерді тіркеуден бастап компания жабылғанға дейін толық салықтық қолдауды, соның ішінде дербес шоттарды жүргізуді, есептілікті қабылдауды, салық органдарының бақылау шараларын және мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етті. Атап айтқанда, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі 13 млн пайдаланушы үшін жүйенің қолжетімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Салық төлеушілердің жаңа кабинетінде бір мезгілде 100 мыңнан 250 мың пайдаланушыға дейін жұмыс істеу мүмкіндігі ұлғайтылды. Құжаттарды өңдеу уақыты бір сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды, — деді ол.

Әнуар Сүлейменовтің атап өтуінше, Астана-1 жүйесі кедендік процестерді автоматтандырады. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қашықтықтан өзара іс-қимылын енгізеді және жасанды интеллект элементтерін пайдаланады. Интеллектуалды іздеу жүзеге асырылып, мәліметтерді толтыру кеңестермен бірге жүреді.

Бұған дейін Қазақстанда жаңа Салық кодексі аясында цифрлық активтерді реттеуге бағытталған бірнеше нормативтік құқықтық акт (НҚА) әзірленіп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар