Мемлекеттік кірістер комитеті: Мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 1 қазан

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – осы жылдың 1 қазаны екенін ескертеді.

Налог на имущество: кто должен платить и когда — пояснения КГД
Коллаж: Kazinform

Комитеттің мәліметінше, жеке тұлғалардың мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы айқындайтын салық салу объектілерінің құны мен меншік құқығы иеленген нақты мерзімге байланысты есептеледі.

Салық сомасы көрсетілген хабарламалар салық заңнамасына сәйкес шілде айында меншік иелеріне жолданған. Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар арқылы ақпарат жеткізілді.

Сонымен қатар хабарламада төлем жасалмаған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны көрсетілген.

– Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 2 қазанынан бастап мүлік салығын уақытылы төлемеген азаматтарға өсімпұл есептелетінін ескертеді. Оған қоса салық берешегі туралы хабарламалар жіберілетін болады, – делінген құжатта.

2025 жылдың 14 қарашасынан бастап берешек сомасы 1 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) асқан жағдайда, жеке тұлғаларға салықтық бұйрықтар жолданып, 5 жұмыс күні ішінде төленбесе, олар мәжбүрлеп өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларының қарауына беріледі.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, жеке сот орындаушылары борышкерлердің банк шоттарына және мүлкіне тыйым салу, мүлікті сату, сондай-ақ шетелге шығуға шектеу қою сынды шараларды қолдануға құқылы.

Берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан жағдайда, азаматтың Қазақстан Республикасынан шығуына тыйым салынуы мүмкін. Бұл шектеу туралы ақпаратты Adilet Gov порталынан білуге болады.

Сонымен қатар 2024 жылғы 19 тамыздан бастап салықтық міндеттемелерді мәжбүрлеп орындатудың жеңілдетілген тәртібі күшіне енді. Ол 20 АЕК-тен кем берешек болған жағдайда қолданылады. Мұндай кезде салықты өндіру нақты сот орындаушыға берілмей, банк шоттарына автоматты түрде тыйым салынады және мүлікке қатысты операциялар шектеледі.

Айта кету керек, жеңілдетілген тәртіппен мәжбүрлеп орындату кезінде жеке сот орындаушысының қызметін төлеу немесе өндіріп алынған сома есебінен сыйақы ұстау (25%-ға дейін) қарастырылмаған.

Жеке тұлғалар өздерінің салық берешегі туралы мәліметті:

• e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы (Электрондық сервистер → Салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі → ЖСН енгізу),

• Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарды салықтық бұйрық жеке сот орындаушыларға жіберілгенге дейін мүлік салығын уақытылы төлеуге шақырады.

Еске сала кетейік, Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге маңызды хабарлама жасаған еді.

Соңғы жаңалықтар