Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызмет көрсету қағидалары жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәдениет және ақпарат министрі 2025 жылғы 10 шілдеде мемлекеттік кітапханалар, музейлер және музей-қорықтар тарапынан ақылы қызмет түрін жүзеге асыру қағидаларын бекітті.

Бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік кітапханалар көрсететін ақылы қызмет түріне мыналар жатады:
— барлық тасымал түрі, пішіні мен стандарты бойынша көшірмелерді дайындау және оларды өңдеу;
— мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған материалдарды әзірлеу;
— құжаттарды талдамалық-синтетикалық өңдеу және қосымша библиография жасау;
— қолжазбалар, сирек кітаптар мен құжаттарды қалпына келтіру;
— көшпелі ақпараттық-көрмелік іс-шараларды ұйымдастыру;
— білім беру және аударма қызметі;
— қолжазбалар мен құнды кітаптарды сараптамадан өткізу;
— байланыс операторының келісімі негізінде интернет қызметін ұсыну;
— құжаттарды электронды жеткізу, тақырыптық ақпаратты іздеу және жасау;
— экскурсиялық қызмет көрсету, фото және бейне түсірілім;
— кітапхана шығарған оқу-әдістемелік әдебиет пен басқа да құралдарды сату.
Мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтардың ақылы қызмет түріне мыналар жатады:
— барлық тасымал түрі, пішіні мен стандарты бойынша көшірмелерді дайындау және өңдеу;
— байланыс операторының келісімімен интернет қызметін ұсыну;
— фото және бейне түсірілімдер жүргізу;
— сувенирлік және баспа өнімдерін сату;
— музей мен музей-қорықтар шығарған оқу-әдістемелік басылымдар мен өзге де әдебиеттерді сату;
— музей қорының материалдарын өңдеу, музейлік заттар мен коллекциялар туралы ақпарат пен анықтама дайындау, сондай-ақ жеке меншік иелігіндегі заттар мен коллекциялар бойынша жұмыс.
Құжатта атап көрсетілгендей:
— Мемлекеттік кітапханалар, музейлер мен музей-қорықтар ұсынатын қызмет (жұмыстар, қызметтер) бойынша бағаны мәдениет саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Мемлекеттік кітапханалар, музейлер мен музей-қорықтар көрнекі ақпаратты қазақ және орыс тілінде ақпараттық стендке және ресми сайттарға орналастырады:
— аталған қағидаларды (қысқартпай толық мәтін);
— көрсетілетін қызмет түрінің тізбесі;
— баға прейскуранты.
Мемлекеттік мекеме нысанында құрылған мемлекеттік кітапханалар, музейлер мен музей-қорықтар ақылы негізде қызмет ұсынған кезде:
— тиісті құжаттарды (шарт, түбіртек, шот-фактура, қызмет актісі, фискалды чек) рәсімдейді;
— көрсетілген қызметтің (істелген жұмыс) бағасы мен көлемі көрсетіледі.
Қолма-қол есеп айырысу мемлекеттік мекеме нысанында құрылған мекемелердің кассасы арқылы, міндетті түрде фискалдық жады бар бақылау-кассалық машинаны пайдалана отырып, тұтынушыға чек беру арқылы жүзеге асырылады. Ал қолма-қол емес есеп айырысу, ағымдық есепшотқа аудару арқылы жүргізіледі.
Ақылы қызмет көрсету кезінде іске асыру күні, түрі, құжаттың атауы мен саны, жауапты лауазымды тұлғаның аты-жөні көрсетілетін журнал (еркін түрде) жүргізіледі.
Мемлекеттік кітапханаларға түсетін кіріс келесі мақсатқа жұмсалады:
— материалдық-техникалық базаны нығайту;
— қызмет көрсету үшін тартылған мамандардың еңбекақысын төлеу;
— шаруашылық шығындарды өтеу (байланыс, көлік, электр, жылу, су және басқа да коммуналдық төлемдер, ағымдағы мақсатқа қажетті заттар мен материалдар сатып алу);
— кітап қорларын толықтыру үшін әдебиеттер, электронды жинақтар мен деректер базасын сатып алу;
— ғылыми және әдістемелік әдебиеттер шығару;
— оқу құралдары мен көрнекі материалдар сатып алу;
— жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырысы бойынша тренингтер, семинарлар, конференциялар өткізу;
— әдеби кештер, көрмелер, презентациялар, байқаулар, кітап күндері, фестивальдер өткізу;
— бланкілер, кітапшалар, авторефераттар, оқырман билеттері, талап парақтары, мұқаба басу, қаптау сияқты өнімдерді әзірлеу;
— кітапхана басылымдарын, дыбыс, бейнежазбаларды, фонограммаларды тарату;
— кітаптарды, журналдарды жөндеу, қалпына келтіру және түптеу;
— фото-, кино-, бейнетүсірілім, кітаптар мен мерзімді басылымдардан материалдарды микрокөшіру;
— мәдени мұралар мен тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру.
Мемлекеттік музейлер мен музей-қорықтарға түсетін кірістер мына бағыттарда пайдаланылады:
— материалдық-техникалық базаны нығайту;
— ақылы қызмет көрсетуге тартылған мамандардың еңбекақысын төлеу;
— шаруашылық шығындарды өтеу (байланыс, көлік, электр, жылу, су тағы сол сияқты);
— жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың тапсырысы бойынша оқыту үшін оқу құралдары мен көрнекі материалдар сатып алу, ғимарат жалдау.
Бұйрық 2025 жылғы 26 шілдеде күшіне енеді.
Жыл басында мемлекеттік кітапханаларда білім беру және мәдени іс-шараларды ақылы өткізу құқығын беру мүмкіндігі туралы хабарлаған едік.