Мемлекеттік кітапханалардың қорын бір жерден цифрландыру керек - Рауан Кенжеханұлы

PDF нұсқаны электронды кітапханадан оқу өте күрделі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің баспа индустриясын дамыту тақырыбындағы жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Рауан Кенжеханұлы
Фото: Рауан Кенжеханұлының жеке мұрағатынан

«Бұл тақырып біз үшін өте маңызды. Өйткені мемлекеттік тілді тиісті тұғырына шығару, оның қолданыс аясын кеңейту сияқты көп жағдай қазақ тіліндегі мазмұн мен әдебиетке, оқу сауаттылығына келіп тіреледі. Осы саладағы цифрландыру процесіне тоқталмақпын. Әлемде кітап басып, өсіп жатқан баспа үйлері соншалықты көп емес. Керісінше, олардың таралымы азайған, себебі бұл сала цифрландыруға өтіп жатыр. Мәселен, орыс тілінде цифрлы кітаптар мен аудио кітаптарды тарататын «Литрес» платформасы бар. Осы «Литрестің» өзі жылына 40 млн долларды тек жаңа кітаптарға салып, авторларға қаламақы төлейді және кітаптардың емін-еркін таралуына жағдай жасайды. Бұл секілді платформалар Қазақстанды өзінің нарығы ретінде таниды. Олар осында жергілікті баспалар екенін немесе бұл салада реттеу талаптары қарастырылғанын ойлаймайды», - деді Р. Кенжеханұлы.

Оның пайымынша, бұл баспалар қазақша контентке де келуі мүмкін. Сондықтан еліміз осы саладағы мүмкіндіктер мен қатерлерге дайын болу керек.

«Цифрландыру мәсесіне тоқталсақ, елімізде орталық әрі аймақтық кітапханаларда жинақталған қорды өз бетінше цифрландырып жатыр. Осы жұмысты барлығы қатар жасап отыр және бәрі де бірдей кітаптарды цифрландыруға кіріскен. Осы кітаптар сканерден өтіп жатыр. Бірақ оның форматы жоқ, оның бәрі PDF-ке өткен. Ал енді электронды кітап таратуда басқа тиімді форматтары бар. Бұл форматта жасау үшін тиісті мамандар мен қаражат керек. Оны өз бетінше кез келген кітапхана жүзеге асыра алмайды. Осындай жеңіл форматтағы цифрландыру болмағаннан кейін, PDF нұсқаны электронды кітапханадан оқу өте күрделі. Осы мәселені ескере отырып, мемлекеттік кітапханалардың қорын бір жерден цифрландыруды жүзеге асырған жөн», - деді қоғамдық бірлестік президенті.

Соңғы жаңалықтар