Мемлекеттік органдарға шағым: өтінішті қалай дұрыс жазу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Адамдардың көбісі өздерінің өтінімдері бойынша бірнеше апта бойы жауап күтуге мәжбүр. Көп жағдайда бұған мекемені дұрыс белгілемеу немесе өтініште нақты талаптың көрсетілмеуі себеп болады. Осы орайда мемлекеттік органға қалай дұрыс жүгіну керек екенін және онда нені көрсету маңызы жайында материал дайындауды жөн көрдік.
Аулада қоқысты заңсыз тастай бастаса, үйдің жанында еш түсіндірусіз нысанның құрылысы болса немесе кенеттен түсініксіз айыппұл келе қалса, шағымдануға тура келеді. Мұндай жағдайларда шағымдануға қажет, себебі билік әр мәселені бақылай алмайды, сондықтан тұрғындардың өтініштерінің арқасында көп нәрсе анықталып жатады.
Бұл ретте қоғамда арыздар бірнеше ай бойы кабинеттен кабинетке көшіп, нәтиже бермейді деген ой қалыптасқан. Іс жүзінде мәселе өтініштің қалай жазылғанына байланысты — дұрыс жолданған шағым проблеманың нақты қарастырылуы мүмкіндігін едәуір арттырады.
Өтініште нені көрсету керек
Кез келген өтініште бірнеше міндетті дерек болуы қажет. Бұл талап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бекітілген.
Өтініште мыналар көрсетілуі керек:
- өтінім берушінің тегі, аты және байланыс нөмірі;
- жауап алу үшін мекенжай немесе электронды пошта;
- мәселенің мәні;
- нақты талап.
Құжаттарды, фотосуреттерді немесе басқа да дәлелдерді қосып тіркеген дұрыс. Фактілер неғұрлым көп болса, соғұрлым тезірек тексеру басталады. Заңгерлер мәтінді қысқаша және нақты жазуға кеңес береді. Эмоциялар, ұзақ пайымдаулар мен айыптаулар әдетте мәселені шешуді тездетпейді.
Өтінімді қалайша онлайн беруге болады
Бүгінде шағымдар көбінесе электронды түрде жіберіледі. Бұл тезірек және ыңғайлы, себебі хат автоматты түрде тіркеліп, тиісті нөмірі белгіленеді.
Ең көп таралған әдіс — eOtinish жүйесі.
Өтініш жіберу үшін:
- EOtinish порталына кіріп, ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы авторизациядан өту қажет.
- Мәселе қаралатын мемлекеттік органды таңдаңыз.
- Проблеманы қысқаша сипаттап, талабыңызды жазыңыз.
- Қажет болса, құжаттарды немесе фотосуреттерді тіркеңіз.
- Өтініш жіберу.
Өтінім тіркелгеннен кейін, жүйе өтінішті қарастыру мәртебесін бақылауға болатын нөмір береді. Мемлекеттік орган белгіленген мерзімде жауап беруге міндетті. Егер өтініш басқа органға қайта жіберілсе, осы рәсімнің барлығын көріп отырасыз, яғни онда мемлекеттік қызметшінің аты-жөні, лауазымы және байланыс деректері ашық көрінеді.
Қанша күту керек
Өтініштерді қарау тәртібі ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен реттеледі.
Әдетте, азаматтардың өтініштері 15 жұмыс күні ішінде қаралады, бірақ қосымша тексеру немесе ақпарат жинау қажет болса, мерзім ұзартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш берушіні бұл туралы хабардар етуге міндетті.
Егер жауап себебін түсіндірусіз белгіленген мерзімде берілмесе, бұл жағдай мемлекеттік органның әрекетсіздігі деп есептелуі мүмкін. Сондықтан тұрғындар бұл дерек бойынша шағымдануға құқылы
Сонымен қатар, мемлекеттік орган өтінішті басқа басқармаға немесе ведомствоға қайта бағыттаса, хатты қарастыру мерзімі қайтадан басталмайтынын білу маңызды. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша өтініш жалпы мерзім ішінде, яғни 15 жұмыс күні шегінде қаралуға тиіс. Мысалы, өтініш тіркеліп, екі күннен кейін басқа бөлімге жіберілсе, оған жаңа мерзім белгіленбейді – жалпы 13 күн қалады. Өтініш одан әрі жіберілсе де, уақыт бірінші тіркелген сәттен бастап есептеледі.
Шағым беру кезінде жиі кездесетін қателіктер
Кейде өтініш ресми түрде қабылданады, бірақ арыз мәтінінің мазмұнына байланысты ұзақ уақыт қарастырылып жатады.
Мәселен, нақты бір ақпаратсыз жалпылама уәж жазылады: «біздің көшеде жол жоқ, ешкім ештеңе істемейді».
Оның орнына шағымда былай деп жазған жөн: «Абай көшесіндегі 11-үйден 22-үйге дейінгі жол жабынын жөндеуді сұраймын. Бұл аралықта асфальт жабыны жоқ, бұл өз кезегінде көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қиындатып отыр».
Тағы бір жиі кездесетін қателік - нақты талаптың болмауы. Сондықтан «көп шулайтын көршілерді жазалаңыздар» деп жазудың орнына: «біздің үйдің жанында тәулік бойы жұмыс істейтін және таңертеңге дейін ұйқы бермейтін жиһаз цехы ашылды. Абай көшесі, 11-үй мекенжайы бойынша түнгі уақытта тыныштық ережелерінің сақталуын тексеруді және заңнамаға сәйкес шара қабылдауды сұраймын», деп нақты белгілеген жөн.
Мәселе неғұрлым нақты сипатталса, мемлекеттік органға қандай әрекеттер жасау керектігін түсіну оңайырақ болады.
Жауап болмаса не істеу керек?
Белгіленген мерзім өтіп, жауап келмесе, азаматтар әрекетінің бірнеше нұсқалары бар. Алдымен, алдыңғы өтініштің нөмірін көрсете отырып, қайтадан өтінім жібере аласыз.
Егер жағдай өзгермесе, шағымды жоғары тұрған мемлекеттік органға беруге болады. Мысалы, аудандық немесе қалалық әкімдіктің әрекетсіздігін көрсетіп, облыстық әкімдікке жолдау керек. Тағы бір нұсқасы - заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратураға жүгіну.
Сонымен қатар, егер кез келген деңгейде реакция болмаса, тұрғындар мемлекеттік орган азаматтардың құқықтарын бұзды немесе өз міндеттерін орындамады деп санаса, онда сотқа әкімшілік талап-арыз жолдау құқығы бар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Цифрлық штабтың шешіміне сәйкес азаматтарда интернет балансы нөл болған жағдайда да eGov, Aitu және eOtinish қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі.