Мемлекеттік орталықтар құмар ойынға салынып кеткендерді анонимді негізде тегін емдейтін болады
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Әділет Тұрғанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде құмар ойынға қатты әуес қазақстандықтардың санын атады.

«Жұма күні біз психологтармен, басқа да мамандармен кездесіп, осы мәселені талқылаған болатынбыз. Сіз айтып отырған 30 мың адам деген санға келсек, нақтысы – 36 мың. Денсаулық сақтау министрлігі оны қандай да бір зерттеу немесе сауалнама арқылы шығарған жоқ. Бұл халықаралық тәжірибе бойынша жасалған. Олар бір математикалық модель жасап, халықтың жалпы санына шағып есептеген. Халықаралық тәжірибеде жалпы халықтың 2-3 пайызы құмар ойынға әуес дейтін есеп бар. Соның негізінде алсақ, 36 мыңдай адам бізде құмар ойынға қатты әуес болса керек. Бұл осы сан», - деді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, ол болашақта құмар ойыннан арылғысы келетіндер мемлекеттік орталықтарда жеке басының дерегін тіркетпей-ақ, тегін емделе алатынын айтты.
«Жұма күнгі дөңгелек үстелде денсауминдегі әріптестерім айтты. Олар емделу форматын өзгертпекші. Қазір құмар ойыннан мемлекет есебінен емделу үшін ресми тіркеліп, есепке тұру міндетті. Көбі содан қашады. Өйткені кейін жұмысқа тұру, әскерге бару қиындайды дегендей. Қазір «кеңес алуға тіркелу» деген тетік енгізбекші. Яғни, адам жеке басының деректерін тіркетпей-ақ, есепке тұрмай-ақ тегін емнің толық көлемін алады. Биыл осы нормативтік актіні қабылдап үлгерсе, келешекте психикалық денсаулық орталықтарында тегін, анонимді емделе алады. Ондай орталықтар бүкіл өңірде бар. Астана мен Алматыда республикалық орталық жұмыс істеп тұр», - деді Әділет Тұрғанбаев.