Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелер жетілдірілді
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.
– Қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, қоғамдық бірлестіктердің қызметін және олардың мемлекет пен өзара іс-қимылын реттейтін конституциялық нормалар нақтыланды. Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынас, Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық ережелер жетілдірілді. «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» бөлімінің жаңа атауы онда көзделген ережелердің мәнін барынша толық көрсетеді. Ұсынылып отырған жаңашылдықтар адам құқықтары мен бостандықтарының іске асырылуы мен қорғалуы кепілдіктерін күшейтеді. Халықаралық жалпы танылған ұстанымдарды ескере отырып, олардың мазмұнын толықтырады. Сондай-ақ озық конституциялық тәжірибеге сүйене отырып, жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның (Конституциялық комиссия) төртінші отырысы өтті.
Kazinform агенттігінің сайтында әдеттегідей отырыстан тікелей эфир ұйымдастырылды.