Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мемлекеттік сараптамаға ұсынылатын жобалау құжаттамасын ЖИ тексереді

АСТАНА. KAZINFORM — Енді барлық жобалар жаңа цифрлық шешімнің көмегімен міндетті түрде алдын ала тексеруден өтеді, деп хабарлайды Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі.

документы, компьютер
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

«Мемсараптама» РМК мемлекеттік сараптамаға ұсынылатын жобалау құжаттамасының толықтығын тексеруге арналған жасанды интеллект технологиялары негізіндегі пилоттық модульді енгізді.

— ЖИ-модуль құжаттардың құрамын, рұқсат беру құжаттарының өзектілігі мен қолданылу мерзімін, олардың нақты жобаға тиесілі екенін, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Ол үшін компьютерлік көру, мәтінді оптикалық тану және құжаттардың құрылымы мен мазмұнын талдауға мүмкіндік беретін тілдік модельдер технологиялары қолданылады. Нәтижесінде құжаттардың толықтығын тексеру мерзімі бес жұмыс күнінен екі жұмыс күніне дейін қысқарды. Өтініш берушілер ескертулер туралы ақпаратты бұрынғыдан екі еседен астам жылдам алып, сараптаманың келесі кезеңдеріне жедел өте бастады, — дейді мамандар.

Министрлік атап өткендей, жасанды интеллект алдын ала талдау құралы ретінде пайдаланылады. Жобаны мемлекеттік сараптамаға қабылдау немесе оны кері қайтару туралы түпкілікті шешімді «Мемсараптама» РМК мамандары қабылдайды.

Айта кетейік, пилоттық модуль ұлттық суперкомпьютер базасында жұмыс істейді және QPortal.kz жүйесімен интеграцияланған. Бұл шешімді іске асыру сараптамалық қызметтің тиімділігін арттыруға және құрылыс саласын одан әрі цифрландыруға бағытталған.

Бұған дейін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев QazTech, жаңартылған eGov 3.0 порталы, eGov GPT, eGov Business тәрізді платформалар жөнінде мағлұмат берді.