Мемлекеттік тілде сөйлейтінімді мақтан етемін – атыраулық тергеуші Юлия Кузнецова
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының полициясында мемлекеттік тілде сөйлейтін, ойын еркін жеткізетін өзге этностың өкілі аз емес. Соның бірі – Юлия Кузнецова.

Қазір ол Атырау қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі болып жұмыс істейді. Шені – полиция аға лейтенанты. Кіндік қаны Ресей Федерациясымен шекарадағы Құрманғазы ауданында тамған. Осындағы Бірлік ауылында орналасқан С.Имашев атындағы орта мектепті бітірген.
– Бала кезімнен қазақша сөйлеуге аңсарым ауды. Ауылдағы балалармен қазақша әңгімелесіп, олимпиадаға қатыстым. Қазір мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін. Неге мұндай қадамға бардым? Біріншіден, мемлекеттік тілде сөйлеу – Қазақстан азаматтарының міндеті. Екіншіден, қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін жете білуіме жол ашты. Үшіншіден, заң мен әділеттіліктің үстемдігін қамтамасыз ететін мамандықты таңдағандықтан, мемлекеттік тілді еркін меңгеруді парызым санадым. Қазақша сөйлегенімді мақтан етемін, - дейді Юлия Андреевна.
Мектеп бітірер кезде тергеуші болуды мақсат еткен. Сөйтіп, Ішкі істер академиясынына оқуға түскен.
– Тергеуші болудың өзіндік қиындығы бар. Әсіресе, осы мамандықты таңдаған әйелдерге оңай емес. Өйткені, әр істің астарына терең үңіліп, күдіктіге тағылған айыпты бұлтартпайтын дәлел керек. Сол себептен, әр іске жауапкершілікпен қараймын. Күдіктілермен, жәбірленушілер және куәгерлермен жиі кездесіп, олардың жауаптарын зерделеймін. Күдіктінің кінәсін дәлелдеуге сеп болатын айғақ заттарды екі шұқып, бір қараймын. Бір істі тергеуді бітіруге жақындағанда, тағы істі тергеуге тура келеді. Мұның бәріне төзімділік, кәсіби шеберлік қажет, - дейді Юлия Кузнецова.
Оның айтуына қарағанда, тергеуге алған істі жеңіл, не ауыр деп бөлмеу керек. Өйткені әр істің артында адам тағдыры бар.
– Күнделікті жұмысым күдіктіден жауап алудан басталады. Кейде оқиға орнына қайта баруға тура келеді. Қылмыстық істерді заң аясында тергеу үшін куәгерлермен, жәбірленушілермен сөйлесемін. Тергеу жүргізу кезінде орысша жетік сөйлей алмайтындар кездеседі. Сондай сәтте күдіктілермен, жәбірленушілер және куәгерлермен қазақша сөйлесемін. Қазақша сөйлегенім, олардың ашыла сөйлеуіне жол ашады. Міне, мемлекеттік тілді жетік меңгергенімнің жемісін осылай көріп жүрмін, - дейді тергеуші.
Тергеушінің пікірінше, қылмыстық істі сапалы тергеу үшін тыңдай білу керек. Бұл күдіктінің айыбын заң аясында дәлелдеп, салмақты шешім қабылдауға септігін тигізеді.
– Осы мамандықты таңдаған соң төзімді болуға тырысамын. Тергеушінің шеберлігіне қоса ішкі мәдениеті де, рухы да мықты болуы қажет. Кейбір күдіктінің де, жәбірленушінің де күйзеліске түскенін байқаймын. Сондай кезде заң аясында хаттама толтырумен шектелмей, қолдау көрсетудің де маңызы зор. Осындайда қазақ тілінің жылуы мен мейірімі ерекше рөл атқарады, - дейді Юлия Кузнецова.
Ол жұмыстан бос уақытын мәнді өткізуге тырысады. Спортпен шұғылданады. Ән салғанды, билегенді жаны сүйеді.
– Тергеушіге білімін, шеберлігін ұдайы жетілдіру қажет. Алдағы мақсатым – Ішкі істер академиясының магистратурасында, кейін докторантурасында оқу. Жас тергеушілерге тәжірибемді бөлісетіндей дәріс оқығым келеді. Ең бастысы – жастардың мемлекеттік тілде сөйлеуіне ықпал етсем деймін. Жастардың қазақша сөйлеуден ұялмағанын, елдің дамуына үлес қосатын белсенді, Отанын сүйетін патриот болғанын қалаймын, - дейді ол.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын судан төрт баланы аман алып шыққан қостанайлық наградаға ие болғаны хабарланған еді.