Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

- Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру жоспарлануда. Іске асырылып жатқан Бақылау және оның деңгейін төмендету жөніндегі шаралар кешені өндірісті ұлғайту, баға белгілеуді мониторингілеу мен бақылау, сондай-ақ басқа да реттеуші шаралар арқылы инфляцияны бәсеңдету мақсатында қайта қаралатын болады, - деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің атап өтуінше, өнеркәсіптік негізді нығайту үшін сирек кездесетін және басқа да аса тапшы материалдарды өңдеуге арналған өнімдерді шығару бағытында бірқатар жоба іске асырылады. Геологиялық деректерді цифрландыру жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта олардың 60 пайызы цифрландырылған. Жұмысты толық аяқтау 2026 жылдың соңына қарай жоспарланған.
- Сонымен қатар геологиялық деректерді толық қамту үшін жасанды интеллектті қолдану арқылы Big Data ақпараттық жүйесін құру жұмыстары басталды. Бұдан басқа көмірсутек шикізатын терең өңдеу бойынша флагмандық жобалар пулы қалыптастырылады. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау аясында 1 трлн теңгеге 5 инвестициялық келісім жасалды.
Сондай-ақ, «Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестицияларға тапсырыс» жобасы іске асырылуда. Үш жылдық кезеңде осы бастама аясында жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге 200-ден астам жоба қаржыландырылатын болады, - деді ол.
Серік Жұманғарин осы жылдың соңына дейін Мал шаруашылығындағы агробизнесті дамытудың кешенді жоспары қабылданатындығын айтады.
- Оның аясында 5 пайыздық жеңілдетілген кредит беру бағытын және кредиттік өнімдер желісін кеңейту жоспарланған. «Даму» қоры агробизнестің қарыздарына 80 пайызға дейін кепілдік беретін болады. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні қолданыла отырып, Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасы әзірленеді. Ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатындағы жерлерді беруге арналған конкурстар электронды түрде комиссияның қатысуынсыз өткізіледі, - деді вице-премьер.
Бұған дейін Үкімет Жолдауды іске асыру жоспарын қабылдап, жолдағы қауіпсіздік мәселелерін пысықтайтынын жазған едік.