Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру қағидалары бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру қағидаларының жаңа редакциясын бекітті. 

баспана
Фото: freepik

2025 жылғы 31 наурыздағы бұйрыққа сәйкес:

— Мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж ретінде есепке сол елді мекенде тұратын осы мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері қойылады, — делінген құжатта.

Егер мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың тұрғын үй қорында бос үй болса, өтініш берген адамдарға баспана алу құқығы беріледі.

Есепке қою үшін уәкілетті органға келесі құжаттар қажет:

— Өтініш;

— Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелері;

— Некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктердің көшірмелері;

— Өтініш берушінің отбасына өзге тұлғаларды қосу туралы сот шешімі (бар болса);

— Өтініш берушінің (немесе отбасының) әлеуметтік осал топтарға жататынын растайтын құжат.

Уәкілетті орган өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйдің бар-жоғы туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы алады. Отбасы мүшелерінің мекенжайы туралы мәлімет те сол жүйе арқылы анықталады. Осылайша өтініш беру кезінде ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттар мен мәліметтер талап етілмейді.

Құжаттар қаралғаннан кейін, өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті орган келесі екі шешімнің бірін қабылдайды:

— есепке қою туралы, кезек нөмірін көрсете отырып, хабарлама жібереді;

— негізделген жазбаша бас тарту жібереді.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру туралы шешім тұрғын үй комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданады. Егер комиссия тұрғын үй беруді мақұлдаса, онда 15 күн ішінде өтініш берушімен мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын арасында тұрғын үйді жалға алу туралы шарт жасалады.

— Шарт үш дана етіп рәсімделеді, бір данасы уәкілетті органда сақталады, екіншісі мемлекеттік мүлік тізіліміне тіркеу үшін жергілікті атқарушы органға тапсырылады және үшіншісі берушіге беріледі және қоныстану құқығын растайтын жалғыз құжат, — делінген бұйрық мәтінінде.

Жалға алушылар (қосымша жалға алушылар) e-qazyna.kz веб-порталы арқылы өз шарттары, есептеулер, бюджетке төлемдер және айыппұлдар туралы ақпаратты көре алады.

Бұйрық 2025 жылғы 24 мамырдан бастап күшіне енеді.

Айта кетсек, биыл елімізде рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеген еді

Соңғы жаңалықтар