Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру: 20 мыңнан астам азамат мүмкіндікті пайдаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрғын үй реформасынан кейін жалға берілетін баспананы бөлу тәртібі өзгерді. Енді пәтерлер азаматтың тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қойылған күні мен отбасы табысының деңгейіне қарай беріледі.

Мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру: 20 мыңнан астам азамат мүмкіндікті пайдаланды
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.

— Жалға берілетін баспана тұрғын үйге мұқтаж азаматтың кезекке қойылған күні мен отбасы табысының деңгейіне қарай бөлінеді. Биылғы сегіз айда азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді, — деді Бақытжан Жүнісбеков.

Оның айтуынша, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Осы уақыт ішінде 20 мыңнан астам азамат бұл құқықты пайдаланған.

— Биылғы сегіз айда 6824 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендірді. Оның ішінде 3649 отбасы тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру мүмкіндігіне ие болды, — деді комитет төрағасы.

Бұдан бөлек, табысы жоқ немесе төмен азаматтардың төрт санатына тұрғын үйді жалдау шығындарының бір бөлігін мемлекет субсидиялайды. Алайда бағдарлама талаптары сақталмаған жағдайда субсидия төлеу тоқтатылады.

Айта кетейік, жақында пәтер жалдау субсидиясы қандай жағдайда тоқтатылады.