Мемлекеттік тізілім тізіміне қандай отандық өнімдер кіруі мүмкін
Әділет министрлігі «Алматы апортының» құқығын шетелде заңмен қорғайды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«13 қазан күні «Алматы апорты» мемлекеттік тізілім тізімінде қазақстандық брэнд ретінде тіркелді. Бұған дейін қазақстандық алма өсірушілер қауымдастығы Ұлттық зияткерлік меншік институтына Алматы апортының географиялық көрсеткіші, яғни шығу тегі Қазақстан екенін растау туралы өтініш жолдаған болатын. Бірлескен ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл жұмыстар аяқталды. Енді алматылық апорт шетелдік сауда орындарында сатылатын болса, географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетіледі.
Өздеріңіз білетіндей, Франция шарабы мен пармезан сырымен, ал Ресей Алтай балымен танымал. Енді Қазақстанды Алматы апортымен танымал ету жолында жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді министрлік өкілі апталық брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, енді әлемдік сауда нарығында Алматы апортының шығу тегі Қазақстан екенін мойындату үшін отандық өндірушілер қай елдерде сауда жасауға ниетті екендіктерін білдіріп, тізім жолдауы керек. Сәйкесінше сол елдерде Әділет министрлігі тарапынан «Алматы апортының» құқығы заңмен қорғалатын болады.
«Бұдан бөлек географиялық көрсеткіш ретінде мемлекеттік реестрге «TURKISTAN» шоколады, «TURKISTAN» балмұздағы және Қарағанды балмұздағы да енді. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі өңірлерде шығатын өнімдерді аталған тізілімге енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әлі де «географиялық көрсеткіш» ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар тауар бар. Олардың қатарында Қызылорда күріші, әміре қауыны, Түркістан қауыны, құрт, кондитерлік еті, Жаңарқаның соғымы, Қоғалының картобы сияқты түрлі тауарды атауға болады. Негізінен географиялық көрсеткіш ауыл шаруашылығы, азық-түлік, өндірістік тауарлар мен қолөнер туындыларына қатысты қолданылады. Географиялық көрсеткіштің ұлттық брэндті насихаттау және оны шет елдерде таныстыру кезінде маңыздылығы зор», - деді Талғат Уәли.