Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға микроқаржы ұйымдары тартылады

АСТАНА. KAZINFORM — Нәтижесінде 2028 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі жалпы ішкі өнімге 21 пайызға дейін ұлғаяды.

инвестиция
Коллаж: Kazinform / Freepik

Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

— Инвестициялардың өсуін ынталандыру үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу бойынша жүйелі шаралар қабылданатын болады. Мұнда инвестициялау процесін жеңілдететін және жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде ашықтықты қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық инвестициялық платформа тартылады. «Инвестицияларға тапсырыс» қағидатына негізделген жаңа тәсіл енгізілуде. Құны 29,5 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобалар үшін басым салаларда 25 жыл ішінде заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісімдер жасалады, — деді ол.

Вице-премьер шетелдік инвестицияларды тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуеті де пайдаланылатынын айтты.

— Ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеуге және іске асыруға микроқаржы ұйымдары тартылатын болады. Нәтижесінде 2028 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың үлесі жалпы ішкі өнімге 21 пайызға дейін ұлғаяды, — деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.

Бұдан бұрын Үкімет ұзақ мерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық беретінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар