Мемлекеттің қатысуынсыз құрылған академиялардың атауларында «ұлттық» сөзі болмауы керек
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

- Заң Қазақстанда эндаумент қорларды қалыптастырып, дамыту үшін құқықтық негіз құрады. Біріншіден, «меценаттық қызмет объектілері» деген ұғым алынып тасталды, оның орнына «эндаумент-қорлардың, нысаналы капиталдың қайырымдылық бағдарламаларында қалыптастырылатын қайырымдылық» деген ұғым енгізілді. Бұл инвестициялық кіріс есебінен қаржыландырылатын қайырымдылық көмекті жүзеге асыру мерзімдері мен тәртібін қамтитын шаралар жүйесі деп нақтыланды. Екіншіден, инвестициялық кірістен қаржыландырылатын эндаумент-қордың, нысаналы капиталдың қайырымдылық бағдарламалары білім-ғылым, инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрілік қамтамасыз ету, медициналық қызметтер және халықты әлеуметтік қорғауға арналды. Үшіншіден, әрбір эндаумент-қордың қайырымдылық бағдарламасы бөлек әзірленіп, бекітіледі. Пайда алушы, яғни адресат эндаумент-қордан алынған қаражатты бекітілген қайырымдылық бағдарлама бойынша ғана және эндаумент-қор қалыптастырған бағыттар бойынша ғана пайдалана алады, - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, депутаттар барлық құрылған эндаумент-қорларға тәуелсіз аудит жүргізетін норма енгізді. Мұнымен қоса, эндаумент-қордың қаражатын тиімді әрі кәсіби деңгейде басқару үшін арнайы лицензиясы бар кәсіби басқарушы компанияларға сенімгерлік басқару институты енгізілді. Эндаумент-қордың инвестициялық кірісі бұрын 15 000 АЕК-ке жеткенде ғана сенімгерлік басқаруға берілсе, жаңа редакцияға сәйкес бұл деңгей 10 000 АЕК-ке дейін төмендетілді.
Жұмыс тобы жұмысының нәтижесінде негізгі заң жобасына келесі түзетулер енгізілді:
– әкімшілік-шаруашылық шығыстардың шекті көлемі: инвестициялық табыстың 30%-ынан 15%-ына дейін және активтердің орташа таза құнының 1%-ынан 0,5%-ына дейін төмендетілді;
– қолданыстағы қорларды бір жылдың ішінде қайта тіркеуді міндеттеген өтпелі ережелер алынып тасталды;
– Қамқоршылық кеңес пен атқарушы органның өкілеттіктері нақтылады;
– жылжымайтын, жылжитын мүлік пен зияткерлік меншік нысандарын басқару тәртібі нақтыланды.
Сонымен қатар, ілеспе заң жобасы аясында келесі заңдарға түзетулер енгізілді:
– «Аудиторлық қызмет туралы» Заңына нысаналы капитал қорларын міндетті түрде сыртқы аудит жүргізілетін ұйымдар тізбесіне қосу жөнінде түзету енгізілді;
– «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңына нысаналы капитал қорларын қоғамдық мүдде танытатын ұйымдар қатарына жатқызу жөніндегі өзгерістер енгізілді;
– «Ғылым және ғылыми-техникалық саясат туралы» Заңына мемлекеттің қатысуынсыз заңды тұлға түрінде құрылған академияларға өз атауларында «ұлттық» сөзін толық немесе қысқартылған түрде, кез келген тілде қолдануға тыйым салу жөнінде түзету енгізілді.
Осы нормаға байланысты өтпелі ережелер көзделген:
– мемлекет қатыспай құрылған және атауында «ұлттық» сөзі бар академиялар бір жыл ішінде өз атауын осы норманың талаптарына сәйкес келтіруге және құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті;
– егер бұл талап орындалмаған жағдайда, осындай академиялар уәкілетті органның сотқа жүгінуі арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен таратылуға жатады.
- «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына Түркістан облысындағы Кентау қаласын (оның ішінде Бүргемді қоса алғанда) және оған іргелес орналасқан Ащысай, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ, Қүшата және Шаштөбе ауылдарын экологиялық жағдайдың алдын-алу аймағы деп тану туралы өзгерту енгізілді. Заң жобаларын қарау барысында депутаттар редакциялық сипаттағы түзетулер мен нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобасының мазмұнын сапалы жақсартқан түзетулер енгізді, - деді депутат.
Бұл екі құжат 2025 жылғы 16 сәуірде Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.