Меморгандар енді дәйексіз деректерді тапсыра алмайды — депутат

екатерина смышляева
Фото: Жаслан Жұмабеков

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте депутаттар бастамашылық жасаған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Өзгертулер статитикалық деректерді жинау тетігін жетілдіруге бағытталған. Заң жобасында Ұлттық статистика бюросын мемлекеттік органдар мен екінші деңгейлі банктер жинайтын статистикалық ақпараттарды жинау операторына айналдару көзделеді. Осы орайда Kazinform агенттігіне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева ұсынылып отырған өзгерістер жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

— Екатерина Васильевна, қазіргі уақытта статистика жинау жайы қалай болып жатыр? Аталған заң жобасын қабылдау қажеттігі неден туындап отыр?

— Бүгінде Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесі мемлекеттік органдардың статистикалық есебі мен ведомстволық деректеріне сүйене отырып, ресми статистикалық ақпаратты қалыптастырады. Ол елде бар «үлкен деректердің» жалпы көлемінің шағын, ресми бөлігін ғана құрайды. Демек, деректердің басым бөлігі ресми статистикадан тыс қалыптасады әрі белсенді түрде қолданылады деген сөз. Дегенмен, әлемнің көптеген экономикасында қазірдің өзінде үлкен деректер іскерлік процесті басқарудың негізгі саналады. Мұндай әдістің болашағы зор.

Бірақ, үлкен деректердің бүкіл әлеуетін қолдану үшін Ұлттық статистика бюросының бүкіл жұмысын, мүмкін одан кейін Ұлттық деректер бюросын трансформациялау және цифрландыру қажет. Ол шын мәнінде цифрлық ведомствоға айналуы тиіс. Бұл жайында осы уақытқа дейін Мемлекет басшысы да айтқан болатын.
Үлкен деректерді тиімді пайдалану ғана емес, сонымен бірге ақпараттарды қолмен жинау шығындарының қысқаруы да нәтижеге айналады, респонденттерге жүктеме төмендейді, бір-бірін қайталатын процестер мен қателіктер жойылады.

Қазіргі уақытта цифрландыру төменнен басталды. 2023 жылы заңға өзгертулер енгізіліп, ол қағаз форманы алып тастауға және статистикалық есеп-қисапты тек электронды форматта қабылдауға көшуге мүмкіндік берді. Бұл респонденттер тәртіпін айтарлықтай арттырды. Бүгінде есеп-қисаптың 97 пайызы уақытылы тапсырылады. Бұған қоса, қолданыстағы заң біз жоғарыда атап өткен ақпаратпен жұмыс істеудің ескірген процесін сипаттайды. Сондықтан да өзгерістер қажет. Заң жобасымен мемлекеттік статистиканы дамытудың түжырымдамалық бағыттары айқындалған. Ол статистикалық деректерді автоматтандырылған, барынша толық жинауды, жедел өңдеуді ұйымдастыруға және де ең бастысы сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

— Бүгінде статистика бойынша қанша есеп-қисап бар? Олар бір-бірін қайталап отыр ма?

— 2022 жылы статистикалық есеп-қисап саны — 146. Мұның үстіне статистикалық есеп-қисаптың басым бөлігі өзге мемлекеттік органдардың есеп-қисабын қайталап отыратын. Ал бұл респонденттерге жүктемені айтарлықтай арттыра түсетіндігі анық. 2023 жылы ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру есебінен олардың санын 128-ге, ал 2024 жылы 120-статистикалық формаға қысқартуға мүмкіндік туды. Заң жобасы қабылданғаннан кейін формаларды қысқарту процесі айтарлықтай жеделдей түседі. Есептемелерді кәсіпкерлік субъектілері, бюджеттік ұйымдар тапсырады, сауалнамаға қарапайым азаматтар қатысады. Бұл — жүктеме. Ал дер уақытында тапсырмағаны немесе күмәнді деректер үшін жауапкершілік қарастырылған. Бірақ, қазіргі уақытта әкімшілік дереккөзінің деректер базасында жеке-жеке құрылым және жетілдірудің түрлі деңгейі бар. Бұл да олардың ықпалдасуын қиындата түседі.

Салалар бойынша деректерді ретке келтіру және олардың сенімділігін арттыру үшін заң жобасында ел экономикасы мен тіршілікті қамтамасыз етудің барлық саласы бойынша орталықтандырылған ұлттық тізілімдерге құқықтық мәртебе беріледі. Ұлттық тізілімдер эталондық деректер базасы сияқты болады. Онда тек тазартылған, форматты-логикалық бақылаудан өткен деректер ған сақталады. Бұл да деректердің сапасы мен шынайылығына қатысты проблеманы шешеді. 

Ұлттық тізілімдер түрлі мақсаттар үшін (мемлекеттік қызметтер, бизнес орта мен азаматтардың өзара іс-қимылы) сенімді деректердің бірыңғай дереккөзі ретінде базаға айналады. Осылайша, түрлі ведомстволардың мемлекеттік деректер базасындағы деректердің қайталану проблемасы шешіледі, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың көптеген әкімшілік процедуралары оңтайландырылады. Деректер қалай жиналатындығы да заң жобасымен регламенттеледі.

— Банктер, табиғи монополия субъектілері, ұялы байланыс операторлары қалыптастыратын балама деректер жайында толығырақ айтып берсеңіз. Енді статистиканы қалыптастыру барысында аталған деректерді қолдануға құқықтық мүмкіндік енгізілмек. Осы уақытқа дейін бюро олардың деректерін қолдана алмайтын ба еді?

— Жылдам өзгеретін жағдайға жедел әрекет ету үшін деректермен уақытылы қамтамасыз ету маңызды. Бұл мақсатта балама дереккөздері қолданылуы мүмкін — транзакциялық белсенділік көрсеткіштері, жүк тасымалының көлемі, электр энергиясын тұтыну, ұялы байланыс операторларының деректері және шынайы уақыт режиміндегі өзге де көрсеткіштер.

Мұнан бөлек, ақпараттық ресурстарды әрбір қолданушы цифрлық із қалдырады. Ол мемлекеттік, сонымен қатар балама дереккөздерінде жинақтала береді. Бұл деректерді өзгелермен — жалпыға қолжетімді немесе жеке деректермен ұштастырғанда жекелеген индикаторларды шығару, бизнес-модельдерді әзірлеу немесе қазақстандықтардың жалпы игілігі жолында шешімдер қабылдау үшін қажетті заңдылықтарды ашуға мол мүмкіндіктер береді.

Бүгінде құпиялық ережелері мен бәсекелестікке байланысты себептермен, сонымен қатар ақпараттарды алу және алмасумен байланысты шығыстардың салдарынан аталған деректерге қолжетуде шектеулер бар. Бұл ретте балама дереккөзері қазірдің өзінде халықаралық тәжірибеде белсенді түрде қолданылады. Заң жобасын әзірлеу барысында біз дәл осындай халықаралық тәжірибені зерделеген едік. Балама деректердің ресми статистикадан айырмашылығы жылдам әрі кез келген уақытта қалыптастырылады. Келешекте, дереккөздеріне сапалы әрі тұрақты қолжетімділік құпталғаннан кейін олар статистикалық есептемелердің айтарлықтай бөлігін алмастыра алады. Балама деректерді сараптамаға енгізу біртіндеп жүзеге асырылады. Оларды стандарттау, қайтадан тексеру үшін көп өзгертулер жасау қажет. Дегенмен, уақыт өте келе олар статистиканың ажырымас бөлігіне айналады.

— Балама деректер қалай алынбақ?

— Заң жобасында бюроға балама деректер иелерімен деректерді тегін, бірақ тек статистикалық мақсатта ғана беру туралы келісімдер жасасу құзіретін жүктеу ұсынылады.

— Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік органдар түзетін деректерге бақылауды қалай жүзеге асырмақ? Олардың дұрыстығы мен нақтылығы қалай тексеріледі?

— Сапаны басқару жүйесі — бұл ұлттық статистиканың бір бөлігі. Бірақ, статистикалық есеп-қисап сапасы ғана қамтамасыз етіледі және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жинақталатын деректердің сапасын бағалау тетігі жоқ.

Мұнымен мамандар — дата-бақылаушылар жұмыс істейтін болады. Деректердің сапасын бағалау өлшемшарттары әзірленеді. Сөз мынадай 8 негізгі көрсеткіш жайында болып отыр: нақтылық, толықтық, келісушілік, толықтылық, өзектілік, бірегейлік, дұрыстық және уақытылық. Деректердің осы өлшемшарттардың біріне сай келмеуі оларды күмәнді деп есептеуге негіз болады.

— Статистика жүйесі реформаланғаннан кейін қалай жұмыс істейтіндігін нақты мысалдармен айтып берсеңіз…

— Қазірдің өзінде үлкен деректер операторларымен және компаниялармен — есеп-қисаптың автоматтандырылған жүйесін әзірлеушілермен серіктестік негізде статистканың жекелеген салаларында үлкен деректерді пайдалануға қатысты бірқатар ілкі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде фискалдық чектер бойынша баға статистикасындағы инфляцияны қалыптастыру үшін фискалдық деректер операторының деректерін пайдалануға қатысты пилоттық жоба жүргізілді. Фискалдық деректерді пайдалану тұтынушылық себетіне көбірек тауар позициясын қосуға мүмкіндік береді, бастапқы ақпараттың тиімділігі мен сапасын арттырады, бағалық тексерулердің жоғары жиілігін қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, бюро интернеттегі баға деректерін автоматты түрде жинау және талдау құралын әзірледі. Дамыған елдердің көпшілігі бағаларды тіркеу кезінде интернет-сайттардың беттерінен деректерді сканерлеу және алу сияқты балама дереккөздерін қолданады. Бағаларды тіркеудің қолданыстағы тетігі фискалдық деректер операторларының деректері негізінде автоматтандырылған мониторингке ауыстырылатын болады. Ауыл шаруашылығындағы баға индекстерін, өнеркәсіптегі өндірушілерді, көтерме сауданы, экспорттық жеткізілімдерді құру кезінде пайдалану мүмкіндігі үшін электрондық шот-фактуралардың деректеріне талдау жүргізілді.
Қызметкерлердің саны мен халықтың жұмыспен қамтылуы туралы деректерді қалыптастыру процесі міндетті зейнетақы жарналарын аудару негізінде көрсеткіштермен толықтырылады.

Мобильді позициялау деректері туризм және көші-қон бойынша қолданыстағы статистикалық деректерге маңызды қосымша болады. Қазірдің өзінде деректерді жинау және өңдеу үшін жасанды интеллект технологиялары қолданыла бастады. Уақыт өте келе бұл мүмкіндіктер тек кеңейе түседі.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар