Меморгандар құқықтық екіұштылықты жою шараларын проактивті түрде қабылдауға тиіс - КС
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік органдар конституциялық іс жүргізу басталғанға дейін құқықтық түсініксіздіктер мен екіұштылықты жою шараларын проактивті түрде қабылдауға тиіс. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова айтты.

- Жолдауда заң шығару бастамасы аясында бірнеше мәселеге назар аударуды да ұсынамыз. Бұл жұмыста тиімділікке қол жеткізу үшін мемлекеттік органдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасау маңызды екенін түсінеміз, - деді Эльмира Әзімова.
Осы тұрғыда Конституциялық сот төрағасы Үкіметтің өз регламентінде Конституциялық сот шешімдерінің орындалуын үйлестіру жөніндегі функцияны Әділет министрлігіне бекіту туралы шешімі оң шешім болғанын айтады.
- Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың өздері конституциялық іс жүргізу басталғанға дейін құқықтық түсініксіздіктер мен екіұштылықты жою шараларын проактивті түрде қабылдауға тиіс. Бұл, әсіресе, цифрландыруды және мемлекеттік басқару процесінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жағдайында маңызды, - деді ол.
Бұған дейін Эльвира Әзімова Конституциялық сотқа азаматтардан жиі түсетін өтініштерді атаған еді.
Сондай-ақ оның айтуынша, Конституциялық сот қызметіне кіріскеннен бері 400-ге жуық қаулы қабылдады.