Меморгандардың кеңсе қағазына жұмсайтын шығындары 3 есе азаяды

Бұл туралы Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында айтылған.
«Кеңсе қағазына және онымен байланысты тауарларға арналған бюджет шығыстарын үш есеге қысқартуды қамтамасыз етсін», - деп жазылған құжатта.
Жарлық бойынша, мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінде қамтылған азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған тетігі енгізілмек.
Сондай-ақ, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттардың тізбесін қысқарады. Бұл құжаттардың әрқайсысын қанша мерзім бойы сақтау керектігі көрсетілуі керек.
«Нормативтік құқықтық актілер жобаларының «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарламаларды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, қоғамдық кеңестерге жіберу рәсімінің автоматтандырылуын қамтамасыз етсін», - деп жазылған аталмыш құжатта.
Еске салсақ, бүгін Президент мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды.