Мен амалсыз екі тілде сөйлеуге мәжбүрмін - Нұрсұлтан Назарбаев

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы аптада ел өмірінде біраз жаңалықтар болды. Алайда соның барлығы Президенттің бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатының көлеңкесінде қалып қойған сыңайлы. Себебі Мемлекет басшысы халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап берді. Ел, жер, тіл, билік, тіпті өзінің президенттік қызметіне қатысты ойларымен бөлісті, іштегісін ақтарды. Қазір көшеде құлақ түрсең, «Кеше Президентті көрдіңіз бе?», «Иә, жақсы айтты» деген әңгімелерді де естіп қаласың. ҚазАқпарат тілшісі сол сүбелі сұхбаттың маңызды деген тұстарына шолу жасағанды жөн көрді.    
None
None

Жерді ешкім арқалап әкетпейді

Өз сөзінде Президент республикада ауыл шаруашылығы алқаптары көп болса да, дайын өнімнің аздығы жайында айта келе: «Сол себепті жерді жеке меншікке беру мәселесі көтерілген болатын. Жердің өнімділігін көтеру үшін ол жерде нақты иесі болуы қажет. Егер біз жерді жалға берсек, онда ол кәдімгідей пәтерді жалға берумен бірдей болады. Ондай пәтерде тұратын адамның ештеңеге құлқысы соқпайды. Дұрыс па? Жөндеу жұмыстарын да жасамайды. Ол ақшасын төлеп отыр. Болды. Ертең жалдамалы баспанасын тастап, басқасына көшіп кете салады. Жер де солай. Сондықтан түптің түбінде бізге осы мәселені шешу керек. Себебі ауыл шаруашылығының өрлеуі соған тікелей байланысты», - дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жерді өз азаматтарымызға жеке меншікке берудің қажеттілігін түсіндіріп беруге тырысты. «Қазақтың жеріне жаны ашитын екі қазақ болса, екеуінің бірі мен шығармын. Себебі шекарамызды шегелеген кезде 14 мың шақырымның әр метрі үшін күрестік. Ешкімге ештеңені бермеу үшін, берсек, дәл сондайды алу үшін... Сондықтан жерді ешкім арқалап әкетпейді. Мен білемін ол қорқыныш-үрейдің қайдан шығып жатқанын. «Көршілер жерді алып кетпей ме, өйтпей ме, бүйтпей ме» дейді. Жерді машинаға, я болмаса, вагонға тиеп, ешкім алып кетпейді. Бұл - Қазақстанның жері. Қазақстаннның заңдары да бар. Оған сәйкес, басқа адамдарға жерді сатуға рұқсат жоқ. Сондықтан қазір өз азаматтарымызға жекеменшік құқығын берсек, алайда соның өзін алатындар жоқ болып тұр ғой, әлі де бизнес қатты құлшыныс танытып жатқан жоқ», - дейді Президент.

Оның айтуынша, Батыс елдерінде ауыл шаруашылығы саласында жерге жекеменшік құқығы кеңінен тараған. Себебі өз кәсібін дамытамын дейтін инвестор алдымен жеке меншігі үшін алаңдайды, ол меншіктің мемлекет тарапынан қорғалуын талап етеді.

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!

Президент қазақ тілінің болашағына, үш тілді оқытуға, латын әліпбиіне, шет тілдерден келген терминдер мәселесіне кеңінен тоқталды. 

«Тілімізден, мәдениетімізден айырыла жаздап, әбден қаймығып қалғанбыз, сол қорқыныш пен үрей бар, әсіресе үлкен буындарда. Қазір қазақ тіліне қарсы Қазақстанда бір адам жоқ. Сондықтан басты мәселе - біздің өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру қажет. Мысалы, кейбіреулердің айтатынын білемін, «Президент барлық жерде қазақша сөйлемей, ол болмайды» дейді. Егер де 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?!», - деп жауап берді Елбасы тілшінің тілге қатысты қойған сауалына.

«Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің президенті тек қана өз тілінде сөйлейді, Американікі де өз тілінде сөйлейді, Түркиянікі өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі бірдей тілде сөйлеп отырған адаммын. Бұл жағдай мәңгі солай болмайды, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерге енгізуге жұмыс жасаймыз».

Президент өзге тілдерден ажырап қалу дұрыс емес екендігін атап өтті.

«Қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Біз қазақ, орыс тілі арқылы дүниежүзі әдебиетіне жол ашқан халықпыз. Әлемнің ғылымына жол ашылды. Ал енді ағылшын тілі Жолдаудағы мәселелерді орындау үшін керек. Неге ағылшын тілі? Мысалы, ағылшын тілінде жаңа медициналық теория ашылды делік. Ол орыс тіліне аударылғанша, кемінде 5 жыл кетеді. Қазақ тіліне аударуды күтсек, қанша уақыт кетеді?!
Егер ғылым, мәдениет, ақпарат орыс тілінде жүретін болса, барша әлем орыс тілін меңгерер еді, егер қытайлықтардан шықса, барлығы қытай тілін білетін еді. Ол амалсыз солай болады. Біз соны қалағаннан емес, еріккеннен көтеріп отырған жоқпыз, ол қажеттіліктен туып отыр. Оны насихаттаудың өзі де керек емес, балалардың барлығы оқып жатыр. Олар мектеп бітіргенде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін болады. Барлық қозғалыс осы бағытта жүріп жатыр, оған күмән жоқ. Ақпарат, ақпараттық технологиялар ғаламат күшпен ұлғаюда, бізге үлгеріп отыру керек. Білемін мен, жазушылардың, ағайындардың айтатынын. Жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Қазақтың мәдениет жылы деп қаншама мәдениет ошақтарын аштық. Қазір университеттерде де қазақша сабақ берілетін болды, біз ептеп-ептеп латиницаға көшуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы, сонымен қатар, қазақ тіліндегі шет тілдерден енген терминдерді аударуды құп көрмейтіндігін айқын білдірді.

«Бізде 1600 шетелдік терминдер бар. Соны қазақтың тіліне енгізіп, қазақтың тілін байытудың орнына, біздің лингвистік комиссия соларды неше түрлі етіп аударады. Марқұм Еркеғали Рахмадиев өлгенінше айтып кетіп еді, «мен «композитор» едім, «сазгер» болдым енді» деп. Менің «пианиномды» «күйсандық» деп аударыпты дейтін. Пианино деген - «Piano» емес пе, барлық тілдерде солай ғой. Неге оны енгізіп, тілімізді байытпасқа. Толып жатыр сондай сөздер, балконды «қылтима» дейді, «пайыз» деп алдыңыздар, мен «пайыз» деген сөзді қолданбаймын тіпті, «percent» барлық тілде де. Өз ішімізде мемлекеттік сөз, мемлекеттік тіл, мемлекеттік басқару органдары өз тілімізде жүретін болады. Бірақ оған асығыстық жасаудың еш қажеттілігі жоқ. Ел ішінде сабырлық, өзара сенімділік, барлық азаматтардың құқықтарын сақтау, тілден, діннен, мәдениетінен шектеп жатқанымыз жоқ, барлығы өз кезегімен келе жатыр. Әр азамат өз мәдениетінде, өз тілінде болсын, бір-біріне қысастық жасамасын», - деп атап өтті Президент.  

Мемқызметшілердің жалақысын көтерсек, жемқорлықтан құтыла аламыз ба?

Президенттің айтуынша, жемқорлықпен күрес жұмыстары жалғаса береді. Бүгінде аталған шаралардың нәтижесі де жоқ емес. Қазақстан халықаралық жемқорлық рейтингісінде біртіндеп өз позицияларын жақсартып келеді. «Әрине, жемқорлықты азайту үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жұмысына сай болуы қажет. Ол - бір. Екіншіден, бүгінде мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жұмыстары меритократияға негізделген. Ондай біреудің таныс-тамырласын қызметке қою деген жоқ. Адамның жеке қабілеттері бағаланады. Мемлекеттік қызметке мықты азаматтар келуі керек. Резервте де мықтылар тұруы қажет. Әрине, халық та атсалыспаса жемқорлық сияқты қоғамдық дертті жеңу қиын», - дейді Мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттік аппараттағы жемқорлыққа қатысты атышулы істерді де еске алды.

«Әне, «Болашақты»  бітірген жап-жас министр өзінің жолдастарымен, достарымен жемқорлық топ құрып ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Таяуда ғана Геология комитетінде де анықталып отыр. Арнайы комитет құрған едік. Өйткені Қазақстанның жері қол тиместен жатыр. Ашылғандары, бұл шағын ғана бөлігі. Геологтар іздеу жұмыстарымен айналысуы тиіс, сол үшін комитет кұрылды. Ал аталған комитет және оның басшылығы болашағы бар кен орындарын өздерінің таныстарына таратып бере бастаған. Біз мына жерде отырып, мұны қарамайды деп ешкім де ойламасын. Мемлекеттік қызметшілерді бақылайтын көз көп. Адамдар, нанын құрдан бос жеп отырмаған құқық қорғау органдары қарап отыр», - деді ҚР Президенті.

Осы ретте Мемлекет басшысы ұрланған қаржының барлығы мемлекетке қайтарылып, бұзушылықтарға жол бергендердің барлығы жазаланатындығын баса айтты.

Мен бір рет сатқындық жасағанға қайтып сенбеймін!

Сұхбат барысында журналист Нұртөре Жүсіп Президентке: «Сіздің құзыретіңізде шешім қабылдау деген мәселе бар. Кейбіреуді тағайындайсыз, кейбіреуді аласыз. Сол алған кезде олардың сеніміңізден шықпай қалғаны сіздің жаныңызға бата ма?» - деп сұрады. Оған Елбасы шешендерден қалған аталы сөзді мысал ете отырып жауап берді. «Батады. Баяғыда Бұқар жыраудан сұраған екен ғой, сіз үшін ең қиын нәрсе не болды бұл дүниеде деп. Сонда ол: «Көш бастау қиын емес, қонатын көл болса; қол бастау қиын емес, қол бастайтын ер болса, дүниедегі ең қиын нәрсе - ел алдына шығып сөз бастау», - деген екен. Сол сияқты мен үшін де, басқалары үшін де кадрларды таңдау - ең қиыны», - деді Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Мұхтар Әбілязовты да еске алды. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас жігіттерді министр етіп тағайындадым. Ана Әбілязовтың өзі небәрі 30 жасында министр болып еді. Барлық уақытта оған жақсылық жасадым, сүрінді. Екінші рет те кешір, ал үшінші рет қош айтыс. Мен осы пікірді ұстанамын. Жалпы, мен өзім бір рет сатқындық жасағанға қайтып сенбеймін. Мен мұны дұрыс деп санаймын. Мүмкін қатаң болуы да мүмкін, бірақ дұрыс. Ол міндетті түрде тағы да солай жасайды», - дейді Елбасы.

Президент қызметінен шаршаған жоқсыз ба?

Ия, Президент осы сұраққа да жауап берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта қандай өзгерістер болса да, жаңартылған Конституцияның 91-бабы бойынша Қазақстанның стратегиялық бағыты өзгермеуі тиіс.

«Мен қолымда барын істедім, енді менен кейін бұдан да жақсы істеп көрсін». Бұл - танымал бір саясаткердің сөзі. Ол өте жақсы жауап берді. Сондықтан ұзақ жұмыс істей ме, аз жұмыс істей ме, сосын адамның жасы да көп нәрсені шешеді деп айта алмаймын. Өйткені 30 жастағы адамның өзі кәрі адам ұқсап жүруі әбден мүмкін. Меніңше, Мемлекет басшысы xалықтың жағдайын жақсартып жатыр ма, жоқ па, дәл осыны басты талап ретінде қарастырған жөн. Мәселен, Маргарет Тэтчер «Англия мені қанша қажет етсе, сонша жұмыс істеймін»,-деп жауап берген. Сөйтіп, шаршағанша жұмыс істеймін деген. Ал Уинстон Черчилль, «Менің бұл қызметте отырғаным кездейсоқтық емес, заңдылық» деген екен. Ал, енді, шынымды айтсам, Президент болу оңай емес, үнемі ой шырмауында жүресің, мемлекетке тағы не істеуге болатынын ойлайсың. Мен өзіме сұраныстың бар екенін сезіп отырмын. Ол жұмыс қолымнан келеді де», - дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мемлекет басшысы өзінің президенттік мерзімі 2020 жылға дейін жалғасатынын тағы бір мәрте еске салып: «Ойлануға әлі де уақыт бар. Барлығы xалықтың сеніміне байланысты болады. Ол - бір. Екіншіден, жұмыс істеп жатқан адамның денсаулығы мен күш-жігеріне байланысты. Меніңше, бұл қызметте бар күшіңді, тәжірибеңді, тіпті өміріңді сарп етуге әзір болу керек. Олай істеуге жағдайың келмесе, ол жерде текке уақыт кетірудің қажеті жоқ», - деп түйіндеді.

Адам болғаннан кейін басқалардың мақтаулары көңіліңе жағады

Сұхбатта Нұрсұлтан Назарбаев өзінің есімін Астанаға беру ұсынысына қатысты өз пікірін де білдірді. «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек Елбасынан:

«Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, елордамыздың бас архитекторы дейді. Ол бұлтартпас шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Осы орайда, әріптесімнің сөзін толықтыра кететін сұрақ бар. Астанаға атыңызды берсек дейді. Мен Астанада ұзақ жыл тұрдым, қызмет істедім. Журналист ретінде қасыңызда жүріп, көп ғимараттың ашылуына қатыстым. Кеше әріптестеріммен отырғанда кейбір нысандардың құрылысы қалай басталып, қайсысы бұрын салынғанын ұмытып қалыппын. Сіздің есіңізде ме?», -деп сұрады.

«Сенің балаларың енді қалай есінде сақтайды? Соларға сен айтып отырмасаң. Астанаға менің атымды беру, басқалары да анау күні Парламентте айтылды. Конституцияға өзгерістер енгізген кезде де айтты. Менің істеген еңбегімді атап жатыр. Адам ретінде маған, әрине көңіліме жағады. Бірақ, ел басқарып отырғаннан кейін тек қана маған жағады деген жағдаймен жүрмеу керек. Қазір Астана  - әлемдік бренд», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы бүгінгі күні елордамызда Сирия проблемасына қатысты келіссөздердің және басқа да халықаралық жиындардың өтетін орнына айналғанын баса атап өтті.

Экономиканы дамытамыз десек, ескі психологиядан арылу қажет

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ел экономикасын дамыту, соның ішінде орта және шағын бизнесті көтеруге қатысты өз ойларымен бөлісті. «Мен осы қызметке келгелі бері бизнесті дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөліп келемін. Бірақ оны көбісі түсінбейді. Себебі бізде кеңестер заманынан қалып қойған бір психология бар. Ол кезде бәрі жаттанды болды ғой. Адам туады, балабақшаға барады, одан кейін «октябренок», «комсомолец», партияға алса, мүшелікке өтесің. Содан соң оқуыңды аяқтайсың, саған жұмыс береді. Сөйтіп, өмір бойы сол жұмыста істейсің. Себебі ол жерден үй берді және тағысын тағы. Тіпті, адамды жерлеу шығындарын да мемлекет төлеп беретін. Міне, біз бәріміз сондай өмірге үйреніп қалғанбыз. Қазір өмір түбегейлі өзгерді.  Кез келген мемлекеттің экономикасы алып өндірістердің негізінде емес, орта кәсіпордардың арқасында дамып отырады. Сосын ондай экономика заман ағымына қарай өзгеріп тұрады. Мәселен, сен бүгін етік тіксең, ертең көйлек тігу керек болады. Өйткені етікке сұраныс төмендеуі әбден мүмкін. Орта және шағын кәсіпкерліктің басты арқтықшылығы сол, кез келген уақытта өндіріс саласын ауыстыруға болады», - деп атап көрсетті Назарбаев.

Осы орайда Президенті бұқаралық ақпарат құралдарына халықты бизнеске үйрету, тың жобаларды насихаттау, осы саладағы мемлекеттің қолдау шараларын көрсету жағынан үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жеткізді. 

Президенттің айтуынша, бұрын «Кеңестер одағы Еуропадан 40 жылға қалып қойды» деген дерек болған. Ендігі кезекте Қазақстанға сол алшақтықты еңсеру керек. 

Соңғы жаңалықтар