«Мен астаналықпын» деген сөзді бүгінде бас шаһардың тұрғындары асқан мақтанышпен айтады
Шар ішіндегі музей
Келешектегі Астананы елестеткенде, қиялдағы көріністің қақ ортасына хрусталь сфера орнай қалады. «Болашақтың музейі» деп аталатын шар пішіндес бұл үй - ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі символы. Оның диаметрі 80 метрге, биіктігі 97 метрге жетеді. Ал 8 қабаттық ғимараттың жалпы ауданы 26 мың шаршы метрге тең.
Алып сфераның әлемдік брендке татитындай ерекшелігі бар. Мәселен, Париждегі Эйфель мұнарасы конструктивизмнің хабаршысы болса, Монреальдағы «Хабитат 67» кешені брутализм бағытының дамуына қомақты үлес қосты. Сол секілді футуристік формадағы біздің музейге ұқсайтын бірде-бір ғимарат әлі дүние жүзінде жоқ.
Нысанның құрылысына иілмелі, сирек кездесетін шыны пайдаланылады. Әр панелі 850 келі тартатын бұл материал елімізде тұңғыш рет арнайы ЭКСПО үшін қолданылуда. Қасбеттік қаптаманың өзі фотоэлектрлік элементтерден құралған екен. Соның арқасында күннен алынған энергияны электр энергиясына айналдырып, қуат көзін үнемдеуге жол ашады. Бұдан бөлек, объектінің жоғары жағында 2 жел генераторы орнатылады. Ғимарат пішіні жел ағынын реттеуге мүмкіндік беретін қасиетке ие. Мұндай типтес ғимараттар ғаламда өте аз.
Шар-үйдің астыңғы қабатында тақырыптық маршруттар ұйымдастырылады. Сол арқылы қонақтар біздің мемлекетіміздің тарихы, республикадағы көрнекі орындар, мәдени дәстүрлер туралы мағлұмат ала алады. Ал цифрлық, мультимедиалық және интерактивті технологиялар 2-8 қабаттардағы «Болашақ музейін» барынша кеңінен қабылдауға қолайлы жағдай туғызады.
Пойыздар «қалашығы»
Елордалықтар тағатсыздана күтіп жүрген маңызды нысандардың бірі - теміржол вокзалы. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында пайдалануға берілетін әлеуметтік объект «Мыңжылдық аллеясы» ауданында бой көтереді. Ғимараттың ұзындығы - 630 метр, ені - 116 метр, биіктігі - 49,5 метр. Бұл дегеніңіз - ат шаптырымдай аумақ. Астананың қазіргі қолданыстағы вокзалы тәулігіне 7 мың адамды қабылдай алады екен. Ал жаңа вокзалдың қауқары күніне 35 мың жолаушыға қызмет көрсетуге жетеді.
Демек, көлемі жағынан ескісінен 5 есе ауқымды.
Вокзал ғимараты 6 қабаттан тұрады. Мұндағы заманауи технологияның көмегімен жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады. Айталық, нысан термальдық қуат көздерімен жабдықталған. Яғни, ол ғимарат температурасын қыста жылы, аптап ыстықта салқын етіп ұстайды. Лифтілер де, эскалаторлар да энергия үнемдегіш құрылғылармен жарақтандырылады.
Айтпақшы, пойыз күту процесі де едәуір жеңілдейді. «Екі иінінен дем алып жеткен» отарбалар енді тұп-тура вокзал ішіне кіреді. Сол үшін жабық үлгідегі 6 эстакада салынуда. Эстакаданың әрқайсысының ұзындығы - 2550 метр.
Вокзал жобасының сызбасын құрумен Санкт-Петербургтегі «Студия 44» сәулет өнері шеберханасы айналысыпты. Ілгеріректе аталмыш мекеменің жетекшісі Никита Явейннің бір сұхбатын оқыған едік. Сонда маман: «Астанадағы жаңа вокзалдың ең тартымды бөлігі - арка болады. Оған қараған кісі қазақ сияқты көшпелі халықтың тұрмысынан бірден хабар алады. Аркаға кереге элементтерін қостық. Ол вокзал мен сонда түйісетін жолдар арасындағы кемпірқосақ секілді иіліп тұрады. Мұнымен Астананың кеңдігін және әлемдегі теңдессіз қала атануға ұмтылысын көрсетпекпіз» деген еді.
Болашақ футболшылар үйі
Аяқдопқа аңсары ауған азаматтардан сүйінші сұрайтын күн де алыс емес. Себебі, елордада бірегей футбол кешені салынбақ. Ол «Хет-трик» футбол инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында бой көтереді. «Біз УЕФА тарапынан 8 миллион еуроға ие болдық. Оған қоса, Астана қаласының әкімдігі Момышұлы мен Тоқпанов көшелерінің қиылысынан 3,5 гектар жер бөлді. 2017 жылы сол аумақта үлкен футбол кешенін ұсынатын боламыз» дейді Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов.
Көп функционалды футбол кешені 2 блоктан тұрады. Оның жалпы ауданы 14 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың бірінші бөлігі - жабық манежде көрермендерге арналған трибунасы бар, ауданы 7140 шаршы метрге тең футбол алаңы орналасады. Стадион сапасы жағынан ең озық заманауи стандарттарға жауап береді. Ал екінші бөлік - әкімшілік ғимарат.
Кешен аумағын жасыл желектендіру және абаттандыру жоспарланған. Мұнымен қоса, орындықтар, урналар, тротуарлар мен көшелерді жарықтандыратын шамдар орнатылады, 500 көлік сыятын тұрақ жасалады. Сондай-ақ, спорттық жаңалықтар мен трансляцияларды көрсететін үлкен проекциялық экран ілінеді.
Ғимараттың бірінші қабатында вестибюль, ресепшн, атрибутика павильоны, киім ілетін орын, әжетхана, 100-120 адамға шақталған асхана, брендті тауарлар дүкені, бапкерлер бөлмесі және төрешілерге арналған бөлме болады. Екінші қабатында жаттығу кабинеттері және фитнес залы орналасады.
Ал үшінші қабат Қазақстан футбол федерациясының кабинеттеріне бөлінген.
Астанадағы «Алатау»
Астанаға тау көшіріп әкелгелі жатыр деген жаңалыққа сенер ме едіңіз? Ұқсата білетін нағыз шеберге шаһар ортасынан тау тұрғызу не тұрады екен, тәйірі?! Қысқасы, алдағы уақытта елордада салынатын Ұлттық банк ғимаратының сыртқы көрінісін сіз де, біз де ұнатарымыз анық.
Әуежай маңынан қоныс тебетін жаңа нысанның жобасын украиналық сәулетшілер ұшар шыңын қар басқан тау сілемдері пішінінде жасаған. «Архиматика» бюросының өкілдері осылайша елордаға жаңа келбет сыйламақшы. «Құрылысқа бөлінген аудан әлі толықтай игерілмеген. Онда қандай ғимараттар тұрғызылатыны әзірге белгісіз. Біздіңше, көп қабатты зәулім үйлер салынатын шығар. Сондықтан кім биік деп көршілермен бәсекелеспес үшін өзгеше стильді ойлап таптық. Астанаға келгенімізде бұл қалаға көсіліп жататын құба дөңнің жетіспейтінін ұқтық. Оның үстіне, тау формасы - Ұлттық банк үшін де жақсы ырым ғой» деп түсіндіреді жобалық топтың директоры Александр Попов тың идеяның қалай туғаны жайлы.
Ғимараттың сызбасы Іле Алатауына ұқсас. Қарлы шыңдары барынша шынайы көріну мақсатында құрылыс кезінде қар тәрізді аппақ әрі майда кедір-бұдыры бар материал қолдану жоспарланған. Кешен 2 параллель блоктардан тұрады. Олар атриуммен біріктіріледі. Ғимараттың 2 корпусы әкімшілік жұмыстарға, ал орталық бөлігі конференц-залдарға, бұқаралық іс-шараларға, банк қызметкерлері мен қонақтары баратын дәмханаларға арналады.
Жаңа объект Астанада салынған креативті әрі танымал ғимараттар тізімін толықтыратыны сөзсіз. Алда-жалда шетелге шыға қалғанымызда ол жақтағылар біздегі Бәйтеректі ғана емес, «бөркіне қар қондырған» Ұлттық банк ғимаратын да тіл жеткісіз әдемі әсермен әңгімелеп беретін болады.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ