«Мен де GGG секілді қазақпын»: Головкинді Даңқ залына қабылдау алдында америкалық жанкүйерлер ерекше құрметпен қарсы алды

Халықаралық бокс даңқы залына қабылданған тұңғыш қазақстандық Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында жанкүйерлерімен кездесіп, тарихи рәсім қарсаңындағы көңіл күйімен бөлісті.

«Мен де GGG секілді қазақпын»: Головкинді Даңқ залына қабылдау алдында америкалық жанкүйерлер ерекше құрметпен қарсы алды
Фото: Геннадий Головкиннің жеке мұрағатынан

Тарихи рәсім қарсаңында Геннадий Головкин АҚШ-тың Канастота қаласында өз жанкүйерлерімен жүздесті. Қазақстандық боксшы «Museum Grounds» кешенінде өткен дәстүрлі «Ringside Talks» кездесуі аясында жанкүйерлермен еркін әңгімелесіп, олардың сауалдарына жауап берді. Бұл шара Даңқ залына қабылдау апталығының басты оқиғаларының бірі саналады.

Кездесу барысында жанкүйерлер әйгілі боксшының спорттық мансабындағы қызықты оқиғаларды тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қолтаңба алды.

Геннадий Головкин
Фото: Геннадий Головкиннің жеке мұрағатынан

Даңқ залына қабылданған Геннадий Головкинге америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының қызығушылығы да ерекше болды. Белгілі спортшыдан сұхбат алуға ниетті журналистердің қарасы көп еді.

Геннадий Головкин
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Келесі кездесу Канастота қаласындағы орта мектепте өтті. Мұнда жанкүйерлер Головкиннен қолтаңба алып қана қоймай, арнайы естелік бұйымдарды сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Геннадий Головкин
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Қазақстандық боксшының қолтаңбасын алғысы келгендердің қарасы қалың. Павильон ішін толтырған кезек сыртқа дейін созылып, жанкүйерлер Геннадий Головкинмен жүздесу үшін бірнеше сағат күтті.

Геннадий Головкин
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Тарихи сәт қарсаңында Геннадий Головкин Kazinform агенттігінің тілшісіне сұхбат берді.

Геннадий Головкин
Фото: Рүстем Қожыбаев\Kazinform
Геннадий Головкин
Фото: Рүстем Қожыбаев\Kazinform
Геннадий Голвкин
Фото: Рүстем Қожыбаев\Kazinform

— Атыңыздың халықаралық бокс тарихының бір бөлігіне айналуы сізге қандай сезім сыйлайды?

— Мені қолдап, осы оқиғаны жұртшылыққа жеткізіп жүргендеріңізге рақмет. Не сезініп тұрғанымды екі ауыз сөзбен айтып беру қиын. Бұл — үлкен мақтаныш. Расында да, тарихи сәт. Мұхаммед Әли, Майк Тайсон секілді бокстың дамуына өлшеусіз үлес қосқан аңыздармен бір қатарда тұру мен үшін зор мәртебе. Оның мәні өте терең, маңызы өте үлкен.

Ресми салтанатты рәсім ертең өтеді. Адам ұзақ уақыт бойы ұмтылған мақсатына жеткенде, арманы орындалып, еңбегі мойындалғанда қандай күй кешетінін сөзбен жеткізу оңай емес. Бокспен айналысып жүргеніме 35 жылдан асты. Бұл — менің өміріммен біте қайнасқан жол. Біз өмір бойы бірге келе жатқандаймыз.

бокс
Фото: Рүстем Қожыбаев\Kazinform

Бүгінде әлемдік бокс қауымдастығының, осы спорттың таңдаулы өкілдерінің мойындауына ие болып отырмын. Меніңше, спортшы үшін бұдан асқан бақыт жоқ.

АҚШ-та Геннадий Головкиннің кәсіби жолын алғашқы күннен бері бақылап келе жатқан жанкүйерлер аз емес.

Чикаго қаласынан келген ағайынды Эрик пен Остин Канастотаға арнайы ат басын бұрып, қазақстандық боксшының Даңқ залына қабылдану рәсіміне қатысуға келген.

— GGG-дің Нью-Йорктегі алғашқы жекпе-жегінен бері жанкүйерімін. Ол — керемет боксшы ғана емес, өте қарапайым адам. Меніңше, Ол орта салмақ тарихындағы ең үздік боксшылардың бірі, — деді Эрик.

Ал Остин Головкиннің мансабын он жылға жуық уақыт бойы бақылап жүргенін айтты.

— Оның жекпе-жектері әрдайым ерекше әсер қалдыратын. Мұнда Қазақстаннан шыққан спортшыларды жақсы көреді. GGG қарапайым ортадан шығып, әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды. Енді оның Даңқ залына қабылданып жатқанын көру — үлкен қуаныш. Ол бұл құрметке әбден лайық, — деді жанкүйер.

бокс
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Эрик қызықты оқиғасымен бөлісіп, өзінің отбасылық өміріне Геннадий Головкиннің жанама әсері болғанын айтты. Болашақ жұбайымен танысқанда оның Қазақстаннан екенін біліп, қазақтарға деген ықыласы одан сайын артқан.

— Жұбайым «Сен қазақсың ба?» деп сұрады. Мен «Жоқ, мен кореймін» дедім. Бірақ көбі мені қазаққа ұқсатады. Сол сәтте «Мен де GGG секілді қазақ екенмін ғой» деп әзілдегенмін. Қазір отбасымыз бар. Сондықтан белгілі бір деңгейде GGG-дің де үлесі бар деп айта аламын, — дейді ол күліп.

Ал Алан Фредерик Канастотаға Головкиннің қолтаңбасын алу үшін арнайы келгенін айтты.

бокс
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

— Соңғы жиырма жылдағы ең үздік боксшылардың бірі екені сөзсіз. Оның Даңқ залынан орын алуы заңдылық. Жұрттың бәрі оны жақсы көреді. Ол — әлемдегі ең мықты боксшылардың бірі, — деді Алан.

Тағы бір жанкүйер Билл өмір бойы боксқа қызығып келе жатқанын айтып, Канастотаға Геннадий Головкиннің қолтаңбасын алу үшін келгенін жеткізді.

— Ол Даңқ залынан орын алуға әбден лайық. Головкин — керемет боксшы. Канело Альвареспен өткізген жекпе-жектерінің өзі көп нәрсені аңғартады. Сондықтан оның бұл құрметке ие болғанына қатты қуанып отырмын, — деді Билл.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 2023 жылы кәсіби мансабын аяқтады. Қазір ол Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін басқарады. Сондай-ақ 2025 жылдың қарашасынан бері World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарып келеді.

14 маусымда қазақстандық боксшыны Халықаралық бокс даңқы залына қабылдаудың ресми салтанаты өтеді.