Мен ІІІ съезде көтерілген мәселелер адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісімді жақтаушылар санын арттыра түсетініне сенімдімін - Елбасы

Қазіргідей әлемді дағдарыс жайлаған сәтте бұл мәселенің маңызы арта түспек. Сондықтан да рухани бастаулар әлемнің дағдарыстан кейінгі дамуының басты тетіктерінің бірі болуы керек», деді бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының III съезінің жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен съезде көтерілген мәселелер адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісімді жақтаушылар санын арттыра түсетініне сенімдімін. Мен сонымен қатар съезд өркениеттер мен мәдениеттердің және діндердің арасында диалог орнатуға зор ықпал етеді деген ойдамын. Олар сөз жоқ азаматтарды бір-бірімен жақындастырып, әлемдегі дінаралық түсіністікті нығайтады. Осы орайда айта кететін мәселе - мәдениетаралық және дінаралық диалог Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Бұны біз жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде негізгі бағыт ретінде ұстанып келеміз», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар бүгінгі жиынның аяқталғанын атап өткен Президент: «Съезге қатысушылардың саны күннен- күнге артып келеді. Съездің мән-мағынасы да тереңдеп, онымен байланысты диалог та қыза түсуде. Бұл біздің съездің қазіргі әлемге қажет екендігін көрсетеді. Біздің жиын адамдар арасындағы келісімді нығайтуға жол ашатын шара. Мен осы жиынға қатысушылардың барлығына да ризашылығымды білдіргім келеді. Біз Сіздермен қоштаспаймыз. Біз Сіздерге, Қазақстанның Астанасында көріскенше дейміз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.