11:02, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Мен қазақ елінің намысын ғана қорғаймын ? Олимпиада чемпионы И. Ильин
ОРАЛ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ «Мен қазақ елінің ғана намысын қорғаймын. Ендігі арманым – Лондондағы олимпиада ойындарында тағы да топ жарып, көк байрағымызды биікке көтеру».
Ауыр атлетикадан Бейжің олимпиадасының чемпионы, екі мәрте әлем біріншілігінің жеңімпазы, жиырма бір жасқа иек артқан Илья Ильин Оралға келген сапарында ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында осылай деді. Оның айтуынша, бұдан былай да оның басты мақсаты спорттағы табыстарын баянды етіп, әлемдік және азиялық додаларға тыңғылықты дайындалу болып қала бермек. «Қаншама алтын беріп, шақырса да, шетелге бару мүлдем ойымда жоқ, - дейді ол ? Оның үстіне бүгінгідей әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан еңсесін түсірмей, алға басып келеді. Еліміздің болашағы зор екенін осыдан-ақ көруге болады».
Қазіргі кезде Қазақстанда спортты дамытуға да, басқа салада жұмыс бастаймын десең де толық мүмкіндік бар. Мәселен, И.Ильин қазақстандық сән үлгісін халықаралық деңгейге көтермек ниетте. Осы мақсатта оралдық белгілі модельер Ақкенже Девяткомен бірігіп, жаңа жобаны қолға алды. Қызылорда қаласында классикалық, спорттық үлгідегі ер адам киімдерін тігетін сән үйін ашқан олимпиада чемпионы осында дайындалған өнімдерді Оралдан соң Астана, Алматыға апарып жарнамалақ. Содан соң шетел асу ойда бар. Мұның еш сөкеттігі жоқ болса керек.
- Елімізде спорт саласының ойдағыдай дамып келе жатқанына Ақ Жайық жерінде алғаш болғанымда да көзім жетті, - деді ол. - Оралда қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтылған сәулетті залдар бар екен. Мұндағыдай мұз айдыны сарайы, жүзу бассейні Астана мен Алматыда ғана болар. Батысқазақстандықтарға бұл жағынан қызыға да қызғана қарауға болады. Облыс спортшыларының нәтижелері де тым тәуір. Облыстық дарынды балаларға арналған спорт-интернатты аралау кезінде үлкен әсер алдым. Ауылдан келген қаншама бала мемлекеттің аялы алақанының арқасында еш уайымсыз спорттың қыр-сырын меңгеруде. Жалпы алғанда, батысқазақстандық өрендердің талпынысы қуантарлық. Республикалық, халықаралық жарыстардан, әлем чемпионаттарынан жүлдемен оралуы ? ел ағаларының спортқа қосқан сүбелі үлестерінің нәтижесі. Спорт мектептерін аралау кезінде көңіліме кірбің ұялатқан бір нәрсе бар. Ол ? мұз айдыны сарайында орналасқан ауыр атлетика залы. Өзім осы саланың адамы болғаннан соң, басқасынан гөрі зілтемір, кір тастары тұрған залдарға көп көңіл бөліп қарайтыным анық. Қаладағы ауыр атлетика бойынша жалғыз секция айналуға келмейтін тар бөлмеде өтеді екен. Секцияға қатысатын 60-70 баланың мұнда қалай сыйып жүргеніне таңым бар. Құрал-жабдықтары да аздау, ескілеу болып көрінді. Бапкерлердің мықтылығын балалардың штанганы ұстау, көтеру техникаларынан аңғардым. Алайда жағдай жасалмаса, бұл жастар басқа спорт түрлеріне ауысып кетуі ғажап емес. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер ауыр атлетика бойынша олимпиада чемпиондығына жолдама бере алмайды.
-Сіз өзіңіз бұл спортқа қалай келдіңіз? Кездескен қиындықтарға байланысты ауыр атлетканы тастап кеткіңіз келген жоқ па?
-Бала кезден ауыр салмақты заттарды көтеруге құмарлығым бар еді. Атлет болу арманым болатын. Оның үстіне ағам Андрей ауыр атлетика бойынша секцияға қатысып жүрді. Соның бәрінің әсері болған шығар, осы салаға бет бұрдым. Оған еш өкінгенім жоқ және өкінбеймін. Енді жасөспірім шағымда ауыр атлетиканы тастауға ұмтылысым болғаны рас. Өмір болғасын әр түрлі жағдайлар кездеседі. Біреуге ренжисің, не сөзге келіп қаласың дегендей. Соған байланысты ұмытпасам, 12-14 жас аралығында сегіз рет спортты тастап кетуге талпыныс жасадым. Бірақ та бір-екі күннен кейін ашуым тарқап, жаттығу залына қайта келемін. Себебі спортсыз, соның ішінде зілтемірсіз алдағы өмірімді елестете алмаймын.
-Бір сұхбатыңызда олимпиада алтынын алуға бапкеріңіз Вилорий Пактың үлкен үлес қосқанын айтыпсыз...
-Олимпиада чемпионы болуыма бала кездегі бапкерлерімнен бастап, қазіргі жаттықтырушыларымның бәрі де сүбелі үлес қосты. Ата-анамның, тума-туыстарымның, достарымның, жалпы қазақстандықтардың дұға-тілегінсіз де менің жеңімпаз болуым екіталай. Вилорий Пакқа келетін болсақ, ол кісі мені олимпиадаға мықтап дайындады. 2006 жылы өткен Санто-Домингодағы әлем чемпионатынан, сонан соң Дохада болған Азия ойындарынан кейінгі жарыстарға жіберген жоқ. 2007 жыл олимпиадаға дайындықпен өтті. Көз алдыңызға елестетіп қараңызшы, жаттығу таңғы астан кейін басталады, түскі астан соң сәл демалып алып, жаттығу залына қайта барамыз, кешкі тамақтан соң, түнгі он екіге дейін тағы темір көтереміз. Жыл жарым уақыт бойы солай. Міне, осы кезде Вилорий Пак мені көпшіліктің көзінен жасырып ұстады. Көз тимесін деген ниетпен. Сол себепті біз көбіне Алматы облысының Текелі қаласында жаттықтық. Бапкеріміздің мұндай іске баруына ол кісінің көптеген шәкірттерінің үлкен жарыстардың алдында қайта-қайта жарақат алуы себепші болды. Шүкір, бапкерлерімнің сенімін ақтадым. Алдағы мақсатым да ? ел сенімін ақтау. Қазақ жерінде туып-өстім, бар-құрметті де осында көріп келемін. Маған басқа бақыттың керегі де жоқ.