Мен келешекке сеніммен қараймын және тек алға жүру керек деп санаймын - Г. Зенченко, Қазақстанның Еңбек Ері
Қазақстан Республикасының экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуында айрықша табысқа жеткен қазақстандықтарға берілетін осынау жоғары атаққа алғашқылардың бірі болып Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданындағы «Зенченко және К» шаруашылық серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко ие болды. ҚазАқпарат тілшісі Қызылжар ауданындағы Новоникольское селосында болып, Еңбек Ерімен сұхбаттасып қайтты.
- Геннадий Иванович, сөз басында Сізді Қазақстанның Еңбек Ері «Алтын Жұлдызы» мен «Отан» ордені қоса берілген жоғары атағыңызбен құттықтағым келеді. Сіз жетекшілік ететін командиттік серіктестік ағымдағы жылы қалай еңбек етті?
- 2008 жылғы нәтижелерге дән ризамыз. Біріншіден, бізде және Ақмола облысындағы «Родина» ЖШС-інде екі жобаны жүзеге асыру жөніндегі Үкімет шешімі бойынша қолға алынған ірі-тауарлы сүт өндірісін құру жөніндегі ілкі жобаларға келер болсақ, біз оны жүзеге асырдық. Біз бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Ағымдағы жылы бір сиырдан 6 мың литрден сүт алуды жоспарлаған едік, 6800 литрден сүт алып, діттеген жоспарымыз - бір сиырдан жылына 7 мың литрге дейін сүт алуға жақынбыз. О баста технология толық игерілмеген болатын, қазір бәрі жолға қойылды. Біздің жобамыз 50 пайыз қысыр мен 50 пайыз қашар ұстауға есептелген болатын. Қазір сиырлар бұзаулай бастады және бізді қуантып отырғаны, олар тәулігіне 23 литрден төмен сүт бермейді. Бұл біздегі перспективаның мол екенін көрсетіп отыр. Канададан жеткізілген сиырлар сүтті болып шықты. Және бұл тек біздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның үмітін ақтаған іс, себебі игі істің бастамасы бар. Жобаны біз орындадық. Менің ойымша, бұған Елбасы да қанағаттанып отыр, біз де ризамыз. Біздің талпынғанымыз да осы еді және оған қол жеткіздік. Биыл ауа райы жайсыз болғанына қарамастан, біз жақсы астық жинадық, гектарынан орта есеппен 22 центнерден алдық. Биыл пияз да, картоп пен сәбіз де жақсы өнім берді. Пияз өсіруге келер болсақ, бұл біз үшін жаңа іс болды. Неліктен дейсіз ғой. Себебі солтүстікте пияз өсіру оңай іс емес, соған қарамастан біз гектарынан 500 центнерден жоғары өнім алдық. Бізде көкөніс өсіру жағы жақсы өнім беріп отыр. Биыл тек қызылшаның көрсеткіші онша болған жоқ. Дегенмен, 22 гектардан жемдік қызылша жинадық, бұл біздің мал шаруашылығымызға үлкен көмек болды, әрі бұдан былай да өсіре беру керектігіне көз жеткіздік, себебі ол жақсы өнім береді. Біз тұрғын үйлердің құрылысын жалғастырудамыз. Жас жүргізушілер, механизаторлар келіп, қатарымыз толығып жатыр. Жұрт ауыл шаруашылығының не екенін біртіндеп түсіне бастағанын айта кету керек. Институттарды компьютерлік технологиялармен байланысты белді мамандықтар бойынша бітірген біздің мектебіміздің түлектері бүгін біздің шаруашылығымызға жұмысқа келуде. Біз оларды институтта алған мамандықтары бойынша жұмыспен қамтамасыз ете алмасақ та, басқа жұмыстарға орналастырып жатырмыз. Қалай дегенмен, олар сауатты адамдар ғой. Біз оларды еңбекпен қамтып, пәтерлермен қамтамасыз етіп отырмыз. Ағымдағы жылы төрт жас отбасы жанында жер телімдері мен қажетті қора -жайлары бар, жаңа үш бөлмелі үйлер алды. Бүгінде аяғымызда нық тұрғанымыз, қайда бара жатқанымызды білетіндігіміз бізді қуантады, адамдардың қандай уақыт келгенін ұғынып, жақсы өмір сүру үшін еңбектену керектігін түсіне бастағанына қуанудамыз. Ал өзім туралы айтатын болсам, биылғы жыл мен үшін, мен үшін ғана емес, біздің ұжымымыз үшін қуанышты жыл болып отыр, Маған Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Мені басқа облыстардан - Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе, Қостанай және т.б. өңірлерден құттықтап жатыр. - Ал жаңағы айтып өткен ілкі жобаға келер болсақ, бүгінде ол толық жүзеге асырылып отыр: сиырлар бұзаулайтын арнайы орын да, бұзаулар тұратын жай да салынып бітті, қажетті барлық технологиялар енгізілді. Қазір біз бұзаулар тұрған ескі жайларды жаңартып жатырмыз. Ендігі проблема, бұрын жазғы бордақылау алаңдары болып келген жерді бір айдан асқан бұзауларды ұстайтын орынға айналдыру. Канадада мұндай орынды «бұзаулар деревнясы» деп атайды екен. Бұл енді сүт кешеніне қатысы жоқ, табынды өсіруге байланысты мәселе. Біздің кезекті міндетіміз - мал басын ұдайы өсіру.
- Жақында берген сұхбатыңызда, Еңбек Ері Жұлдызының жеті сәулесі бар екенін, бірінші сәуле ? сіздің шаруашылығыңызда бірнеше рет болған, өзіңіз президенттік сайлауда сенімді өкілі болған Елбасы; екінші сәуле - сізге үнемі қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығы; үшінші сәуле - сізді еңбекке баулыған әкеңіз; төртінші сәуле - сіздің отбасыңыз; бесінші - сіздің ұйымшыл, еңбекқор ұжымыңыз; алтыншы сәуле - еңбегінің жемісін беріп отырған жер; жетінші сәуле - өзіңіз екенін бейнелеп айтқан едіңіз. Осы сөзіңізді оқығанда есіме осыдан 12 жыл бұрын айтқан, Сізді Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанын, бірақ кандидатураңызды қабылдамай тастағаны туралы әңгімеңіз түсті. Міне уақыт өтіп, «Алтын Жұлдызды» Президенттің қолынан алып отырсыз. Сол әңгімені еске ала отырып, сізге мынадай философиялық сұрақ қойғым келеді. Қалай ойлайсыз, өмірде әділдік бар ма, еңбегі, іскерлік және жеке қасиеттері үшін наградаға лайықты адам ескерусіз қалмайтынына, ерте ме, кеш пе, өмір бәрін өз орнына келтіретініне көзіңіз жетті ме?
- Сұрағыңыз, әрине, жай сауал емес. Иә, ондай жағдай болғаны рас, бірақ Еңбек Ері атағы емес, Ленин ордені туралы сөз болған-тын. Мені тізімнен алып тастаған адам әлі де сау-саламат, ол мені «резервке» қойған екен. Сол азамат бізге келген кезде, жұрт одан барлық кандидатуралардың өткен-өтпегенін сұрады. Ол, «иә, бәрі өтті» деді. Мен туралы сұраған кезде, ол «жоқ, Зенченконың кандидатурасы өткен жоқ, біз оны резервте қалдырдық» деді. Бұл істің мән-жайы осы. Түсінесіз бе, ол кезде кез-келген кішкентай клерк солай ете алатын, ал сен оған қарсы ештеңе істей алмайтынсың...
- Бұл жайт сіздің мінезіңіздің «қиындығынан», кейде үлкен басшыларға жақпайтын нәрселерді айтып салатындығыңыздан емес пе?
- Жоқ әрине, бүгінде қандай қиын мінез туралы айтуға болады? Бөлісетін не бар? Менің ешқандай билікке, ешқандай орынтаққа таласым жоқ. Мен жерге, мал шаруашылығына толық берілген адаммын және жұмыстың тізгінін ұлыма беріп отырмын. Басшылармен бөлісетін ештеңем жоқ. Мен өз ісіммен айналысып отырған жанмын. Әрине, Елбасына алғысым зор, егер ол кісі болмаса, біз шаруашылығымызды құлдыратып алатын едік. Ол кісі маған моральдық тұрғыдан қолдау көрсетті. Елбасының бастамашылығымен немесе менің өтінішім бойынша шаруашылыққа сырттан бір де бір тиын салынған жоқ. Бұл көп жұртқа ұнамайды. Неліктен? Себебі, мен жұрт сияқты емеспін, бірақ мен оған кінәлі емеспін. Біреуде қап-қап ақша бар, бірақ шаруашылығы жоқ. Менде қап-қап ақша да жоқ және шотымда жүздеген мың доллар жатқан жоқ. Бірақ бүгінде мен өте бай адаммын: шаруашылығым өзімдікі, мен оның жалғыз құрылтайшысымын. Және біз маңызды іспен айналысып жатырмыз. Барлық қаржылық-шаруашылық мәселелер бойынша ұлым екеуміз кеңесіп отырамыз, бірігіп несие аламыз, себебі өз қаржымыз жетпей жатады. Және оны шаруашылыққа саламыз, сондықтан да серіктестігіміз дамиды. Біз жұрттың көзіне тура қарай аламыз. Бізде барлық әлеуметтік сала нысандары жұмыс істейді, балабақша, клуб, монша, бәрі-бәрі. Ауыз су мәселесі де оңынан шешілген, суды сатып алмаймыз, орталық усадьбадағылардың 70 пайызының пәтерлеріне су тартылған. Иә, көре алмаушылар бар және бола береді де. Олар дарынсыздар, әрине оларға тәуелділік те жоқ емес, себебі олар аппараттарда отыр. Осы жайт алаңдатады. Бірақ, адал адамдар олардан әлдеқайда көп, осы қуантады.
- Геннадий Иванович, Елбасының Сізге Еңбек Ері жұлдызын табыс еткенін телеарналар көрсетті. Президент жұлдызды табыс етіп тұрып, қандай тілектер айтты?
- Нұрсұлтан Әбішұлы маған: «Білесің бе, Геннадий Иванович, алғашқылардың бірі болып осы награданы алғаныңа қуаныштымын. Сен оған лайықсың. Саған еңбегің үшін рахмет» деді.
- Әңгімеңіздің басында шаруашылығыңыздың даму перспективасы туралы айтып өткен едіңіз. 2009 жылға, алдағы екі-үш жылға жоспарларыңыз қандай?
- Алдағы екі-үш жылда біз егістік алқаптарын кеңейтіп, жемшөп базасын нығайту, астық өндіру технологиясын жақсарту мәселелерін шешуіміз керек. Біз Канадада және АҚШ-та екі рет болдық, ол жақтағы фермерлердің жұмыстарымен таныстық. Біз әлі жете білмейтін мәселелер көп, сол олқылықтардың орнын біз бүгінде толықтырып жатырмыз. Мысалы, ағымдағы жылы гектарынан 22 центнерден астық алдық, ал Канадада 90 центнерден жинайды. Канаданың біз болған өңірлерінің бірінде гектардан 40 центнерден кем астық жинамайды екен. Ал ондағы климат біздегіге өте ұқсас. Мен олардың топырақтарын қарап көрдім, әділін айту керек, олармен салыстырғанда, біздің топырақ алтын десе болады. Олардың топырақтары онша емес, бірақ технологиялары жоғары деңгейде орындалған. Олар топырақты зерттеп, ненің жетіспейтінін анықтаған, сөйтіп, топырақты құнарландыруды қолға алған. Біздің ғалымдар да осындай жұмыстар атқарса, қандай тыңайтқыштар, микроэлементтер керегін анықтаса. Соларды топыраққа қоссақ, астық та шығымды болатын еді. Мысалы, біз топыраққа аздаған тыңайтқыш шаштық (жай шаша салдық!), есесіне гектарынан 30 центнерге жуық астық жинадық. Ал егер бұл мәселемен ғылыми негізде айналысатын болсақ, астық та мол болар еді. Жүгеріге қатысты мәселе де осындай. Біздің солтүстік жағдайда жүгері өсірудің дақылдық технологиясы гектарынан 90 центнер беруде, сондықтан да жүгері өсіруді де қолға алуға болады. Қолдан келсе, барлық нәрсемен айналысуға болады, сонда ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Перспектива болғандықтан, ауыл шаруашылығы тартымды. Өндірісті кеңейту, сапалық көрсеткіштерді жақсарту керек.
- Геннадий Иванович, бүгінде әлемдік экономикалық дағдарыс туралы көп айтылуда. Қалай ойлайсыз, сіздің шаруашылығыңыз осы бір қиын-қыстау кезеңнен шығынсыз, ауыр салдарсыз өте ала ма?
- Менің пікірімше, әрине оңай болмайды, себебі бұл дағдарыс барша жұртқа міндетті түрде әсерін тигізеді. Дегенмен, біз Елбасымен және барша қазақстандықтармен сонау 90-шы жылдары мемлекетіміздің қалыптасу кезеңін бастан кешірдік. Қазіргі дағдарыс ол кезеңнің қасында айтуға тұрмайды. Біз сол ауыр мектептен өткендіктен, бұл дағдарыс бізге қатты әсер ете қоймайды. Бірақ Елбасы да, Үкімет те қарап отырған жоқ, ахуалды жеңілдету, Қазақстан экономикасын орнықты дамыту жөніндегі күрделі қаржылық-экономикалық шаралар қабылдауда. Ал ауыл шаруашылығына келер болсақ, село кадрлармен толығады, себебі біздің өндірісімізді тоқтатуға болмайды және ол тоқтамайды да. Егін егеміз, астық жинаймыз, мал шаруашылығын дамытамыз. Ал нан, ет, сүт, көкөніс әрқашан керек және мемлекет те аграршыларға көмегін тоқтапайды, сондықтан да тоқырай қоймаймыз. Әрине, халық үйреніп қалған молшылық болмайды. Ештеңе етпейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Міне, құрылысты жалғастырып жатырмыз. Неліктен? Әрине, келер жыл ауыр болады, бірақ одан кейін жағдай түзеліп, салынып отырған шығынның барлығы қайтады. Мен келешекке үлкен сеніммен қараймын және алға қарай адымдау керек деп санаймын. Біздің республикамызда табиғат қазбалары да, көмір де, мұнай да бар, өнеркәсіп жұмыс істеп жатыр, электр қуаты бар және бәрі үшін төлем жасай алатын жағдайдамыз. Сондықтан да, қазіргі жағдайда шаруа еңбек етсе, еңбегінің жемісін көретіні анық, ал ауыл адамы еңбектен еш қашқан емес. Жер - біздің асыраушымыз, ол бар еңбекті ақтайды.
- Сұхбатыңызға рахмет. Сізге, новоникольдықтарға Жаңа жылда сәттіліктер тілеймін!
- Жаңа жыл қарсаңында келіп отырғаныңыз үшін Сізге де рахмет және осы сәтті пайдаланып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтағым келеді. Қиыншылықтар елімізді айналып өтсін, шаңырақтарыңызға тек қуаныш пен бақыт ұяласын. Жаңа жылда адамдар қайырымды болсын, жамандықтардың бәрі ескі жылмен бірге кетсін, баршаңызға денсаулық тілеймін!