Мен үшін полиция барлық уақытта адалдық пен әділдіктің эталоны саналды - Айнұр Сәрсебаева

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Криминалист сырт көзге қарапайым мамандық тәрізді көрінгенімен, оны игеру әр адамнан тынымсыз ізденісті, үнемі білімін жетілдіріп отыруды талап етеді. Себебі, білікті криминалист болу үшін ғылымның әр саласынан хабардар болып қана қоймай, басқа да мамандықтарды бір кісідей игеруің керек. Осындай күрделі мамандықты игерген нәзік жандардың бірі ҚР Ішкі істер министрлігі жедел криминалистика департаментінің бас криминалисі - Айнұр Сәрсебаева.

Мен үшін полиция барлық уақытта адалдық пен әділдіктің эталоны саналды - Айнұр Сәрсебаева

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген Айнұр Қожагелдіқызы орта мектепті ерекше үлгідегі аттестатпен бітіргеннен кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алды. Қарағанды экономика университетінде заңгер мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Еңбек жолын Ақтөбе заң колледжінен бастап, кейін Ішкі істер министрлігінің Мемлекеттік тілді дамыту департаментінде қарапайым инспектордан бөлім бастығы лауазымына дейінгі жолдан өтті.

«Мен үшін полиция барлық уақытта да адалдық пен әділдіктің эталоны саналды. Дәл осы жайт мамандық таңдауыма әсер етті. Мұндай таңдауыма барлық уақытта әділ болып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуді үйреткен әкемнің де тәлім-тәрбиесі өз әсерін тигізгені сөзсіз. Бұған қоса, 30 жылдан бастам бойы ішкі істер жүйесінде еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан үлкен ағаларымның да ықпалы болғаны бар. Әпкем де әскери қызметте. Ізімізді інілеріміз жалғап келеді», - дейді кейіпкеріміз.

Министрліктің Мемлекеттік тілді дамыту департаментінде 6 жыл тапжылмай жұмыс істеген Айнұр Сәрсебаева 2010 жылы қызметін ауыстырып, криминалист болуға шешім қабылдайды. Университеттен алған филолог мамандығы фоноскопия саласындағы криминалист маман болуына зор мүмкіндік береріне сенімді еді. Сенімі алдаған жоқ. Видеофоноскопиялық зерттеу өндірісіне құқық беретін куәлік алғаннан кейін де Айнұр Қожагелдіқызы криминалистика ғылымы бойынша білімін одан ары шыңдап, криминалистикалық және арнаулы зерттеулердің үш түрінен біліктілік емтиханын сәтті тапсырып шықты. Нәтижесінде ҚР ІІМ Біліктілік комиссиясы оған дактилоскопиялық, полиграфолиялық және су қару-жарақ зерттеуіне құқық беретін куәлік берді.

«Таңдауыма еш уақытта өкінген емеспін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Криминалист жұмысы - бұл өте қиын, жауапкершілігі мол әрі күрделі жұмыс. Ол шыдамдылық пен табандылықты талап етеді. Криминалист қызметі тергеу іс-қимылдарын техникалық-криминалистикалық қамтамасыз етуге, ең алдымен оқиға орнын қарау барысында танылып, алынған заттай айғақтармен одан ары жұмыс істеуге, зерттеу жүргізуге бағытталған. Бірінші мамандығым - филология. Ол қазіргі жұмысымда нақты бір тұлғаның дауысы мен сөйлеу мәнерін нақтылау мақсатында жүргізілетін фоноскопиялық зерттеулерге көп көмегін тигізеді», - деді Айнұр Сәрсебаева.

Айнұр Қожагелдіқызы жұмысында да абройлы. Еңбегі еш кеткен емес. Ішкі істер министрлігі тарапынан алғыс хаттармен, грамоталармен, «ІІМ үздігі» белгісімен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды. 2009 жылы ҚР ІІМ ұсынысымен еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан «Тіл жанашары» төсбелгісіне ие болды.

Криминалистика саласының білікті маманының көп уақыты жұмысқа кететіні белгілі. Алайда, кейіпкеріміз бос уақытын отбасына арнап, қолы қалт еткенде шығармашылықпен де айналысқанды жақсы көреді. Музыкалық аспаптарда ойнап, өлең жазады. Қазіргі уақытта оның ата-аналарына арналған «Өмір - өткелім», «Анам - ақ періштем» атты екі жыр жинағы жарық көрген.

«Көптеген адамда полиция қызметкерлері жайында оларды қатал, шығармашылықтан жұрдай деген түсінік қалыптасып қалған. Мұнымен мүлдем келіспеймін. Полиция қызметкерлері арасында әдем сурет салып, ән айтатын, өлең жазатын шығармашылық адамдары өте көп. Қауырт жұмыс күнінен кейінгі менің сүйіспеншілігім поэзияға ауады. Алланың берген бұл сыйы осыдан 16 жыл бұрын өмірден озған әкемнен дарыған шығар. Өмірдегі жан тебірентерлік сәттерімді ақ параққа өлең жолдарымен түсіріп отырамын. Түнде не болмаса ұйқыға жатар алдымда шабытым келетіні бар. Бірінші кітапбым марқұм әкеме арналған. Өткен жылы анамның 80 жылдық мерейтойы болды. Балаларының барлығы туған қаламыз Ақтөбеде, ал мен елордада тұрып жатырмын. Сондықтан ерекше тосынсый жасағым келді. Екінші кітабымды 3 ай бойы жұмыстан келгеннен кейін күн сайын жазып шықтым. Бұл кітапанамның туған күнінен бастап осы уақытқа дейінгі ғұмырынан сыр шертеді», - деді Айнұр Қожагелдіқызы.

Айнұр Сәрсебаева аналық махаббатын ұлына арнады. Оның елін сүйер азамат болып, білікті маман атануы үшін барын салды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетте білім алып жатқан ұлы білікті дәрігер болғысы келеді.

«Әйел - бұл отбасы ошағының ұйытқысы. Олардың иығына балаларына қамқорлық көрсетіп, тәлім-тәрбие беру, отбасында жайлы жағдай жасау, кәсіби қызметте зор жетістіктерге жетумен қатар әдемі, сұлу болып қалу жүктелген. Бүгінгі Халықаралық әйелдер күнінде барлық әріптестерімді, барлық нәзік жандарды көктемнің осынау тамаша күнімен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, махаббат пен сүйіспеншілік тілеймін!» - деді ол.