Мен үшін Назымның қоласы алтынға бергісіз – Бас бапкер

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер боксынан бүгін Назым Қызайбай қола медальға ие болды. Жекпе-жектен кейін әйелдер боксынан Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин kazinform тілшісіне шағын сұхбат беріп, өз пікірімен бөлісті.

Елдос Сайдалин
Фото: Елдос Сайдалиннің жеке мұрағатынан

— Елдос Жәнібекұлы, Назым Қызайбайдың жартылай финалдағы айқасы туралы айтып өтсеңіз?

— Жартылай финалда Назым еш аянып қалған жоқ. Барын салды, финалға шығуға деген өзінің ерік-жігерін көрсетті. Қарсыласымызды өздеріңіз білесіздер, өте мықты қарсылас. Бірақ, қытайлық боксшы қыз Назымды ерекше бір айқын басымдылықпен ұтқан жоқ. Төрешілер қытайлық боксшының қолын көтерді. Сол боксшы финалға шықты.

— Негізі, жартылай финалда Назым шын мәнінде жеңілді деп ойлайсыз ба?

— Мықтыны мықты деп мойындауымыз керек. Бұл — спорт. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Қытай қызы сәл басымдылық танытқаны үшін жеңісті алып кетті.

— Назым Қызайбайдың осыған дейінгі жекпе-жектеріне қандай баға бересіз?

— Назым Олимпиада ойындары барысында төрт бірдей жекпе-жек өткізді. Алғашқыларының барлығын таза, сенімді түрде ұтты. Тек жартылай финалда сүріндік. Бірақ, мен Назымға ешқандай өкпем жоқ. Ол барлық тапсырманы орындады. Қолаға қол жеткізді. Жүлделі орынға жетті. Парижге тегін келмегенін дәлелдеді. Назымның қола жүлдесі мен үшін алтынмен бірдей.

— Егер, Олипиадаға қыздарымыз толық құрамда келгенде көрсеткіш бұдан да жақсы болар ма еді?

— Ол да мүмкін. Парижге үш қыз келіп, біреуі қолаға қол жеткізуі жаман көрсеткіш емес.

— Ал Карина Ибрагимова мен Валентина Хальзованың жекпе-жектері туралы не айтар едіңіз?

— Әр жекпе-жектерді халық көріп отыр деп ойлаймын. Ол екеуі де жаман жұдырықтасқан жоқ. Олар да бар күшін салды. Жеңіске қол жеткізуге тырысты. Бар өнерін көрсетті. Өздері ұялатындай жекпе-жек көрсеткен жоқ деп ойлаймын. Бірақ, бұл — Олимпиада. Төрешілер қандай шешім шығарды, солай болып қалады.

— Сіз бас бапкерлікке Олимпиада ойындарының алдында ғана тағайындалғаныңызды жақсы білеміз. Егер, ертерек келгенде бұл сценарий басқаша болуы мүмкін бе еді?

— Ол жағын нақтылы айта алмаймын. Мен бас бапкерлікке келмей тұрғанда да, бұл қыздарымыз Ұлттық құрамада болды. Жоспар бойынша жарыстарға қатысып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жүрді. Менен бұрын да Олимпиадаға дайындалды. Сондықтан, мен бұрынғы бапкерлердің еңбегін жоққа шығармаймын.

— Келесі Олимпиада ойындарына дейін бас бапкер қызметінде қалғыңыз келе ме?

— Егер, ел үміт артып, қызметімізді бағалап жатса, әрине қызмет етуге дайынбыз. Келесі АҚШ-та өтетін олимпиадаға толық құрамда жолдама алуға бар күшімізді саламыз.

— Сіз Ұлттық құраманың тізгінін ұстағанға дейін жастар құрамасын баптап келгеніңізді білеміз. Қазақ қыздарынан келесі Олимпиадада чемпион шығаруға қаншалықты мүмкіндігіміз бар?

— Мүмкіндіктер өте көп. Қазіргі таңда бокспен айналысып жүрген қыздарымыздың қатары қалың. Енді, міне Назым Қызайбайға қарап бой түзегісі келетін жастарымыз саны артпаса кемімейді деп ойлаймын. Назым қазақ қыздарына бокстың озық үлгісін көрсете білді.

— Жалпы, өзіңіз бас бапкерлікке келген аз ғана уақытта еңбегіңіз ақталды деп ойлайсыз ба?

— Біздің қыздар Олимпиадада жақсы жекпе-жектер көрсетті деп санаймын. Ал еңбегімізге баға беретін халық.

Соңғы жаңалықтар