Меңдіғара ауданында Молдова агрономдары майлы дақылдарды будандастырып өсірді - Қостанай облысы

Олар шаруашылықта майлы дақылдарды үшінші жыл будандастырып өсірді. Майлы дақыл сорттарын біздің ауа райында өсіруді басты мақсат тұтып отыр, деп хабарлайды egemen.kz.
Молдовада өсетін күнбағыс сорты Қостанай облысында жақсы түсім берсе, ол үлкен пайданың көзіне айналар еді. Биыл үшінші жыл сыналған дақылдың жақсы нәтижесі де бар. Майлы дақылдың бұл түрін егуге «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сайран Бұқанов арнайы алқап бөлген болатын.
«Соңғы жылдары тек ғана бидай өсіру дұрыс болмайтынына көзім жетті. Шаруашылықта бидайдың тиімділігі 10, күнбағыстың тиімділігі 20 пайыз болып отыр», - дейді Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов.
Биыл Сайран Бәлкенұлы майлы дақылдың көлемін 30 пайызға көбейтті. Диқан алқапты жыл сайын көбейтеді. Майлы дақылдың алқабы ауданның басқа шаруашылықтарында да кеңейіп келеді. Биыл ол барлық алқаптың 16 пайызына жетті, ал осыдан бірнеше жыл бұрын ол 10 пайызы да болмайтын. Аудан әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, Мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек -субсидия. Бидай үшін гектарына 300 теңге берсе, ал майлы дақылдың гектарына 7 -11 мың теңге береді. «Бірыңғай дақылмен қалып қоймауды ойластырып отырмыз, ауыл шаруашылығының дамуы осыған байланысты болады», - дейді ол.