МЕҢДІҚҰЛОВ МАЛБАҒАР МЕҢДІҚҰЛҰЛЫ

Меңдіқұлов Малбағар Меңдіқұлұлы (1909-1986) - сәулетші, көрнекті ғалым, сәулет өнері ғылымының профессоры, КСРО құрылыс және архитектура академиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген сәулетшісі, Қазақстан сәулет мектебінің негізін қалаушылардың бірі.
None
None

Ресейдің Орынбор облысы Адамов ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ташкентегі Орта Азия индустрия институтын бітірген.

1937-1941 жылдары Ташкент қаласының сәулетшісі, бас сәулетшісі, Өзбекстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы. 1945-1947 жылдар аралығында «Узпланпроект» республикалық жобалау бөлімдерін басқарған. 1947-1955 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Алматы қаласындағы Сәулет, кұрылыс және құрылыс материалдары институтының аға ғылыми қызметкері, сәулет секторының меңгерушісі, директоры. 1955-1956 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы cәулет істері және құрылыс материалдары басқармасының бастығы болды. 1957 жылы КСРО құрылыс және архитектура академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған. 1957-1962 жылдары - КСРО Құрылыс және сәулет академиясы Қазақ бөлімшесінің бірінші президенті. 1962-1964 жылдары - «Казгоспроект» қала құрылыстары басқармасының сектор меңгерушісі. 1964-1971 жылдары - Алматы қаласының сәулет-жоспарлау басқармасының бастығы, Алматы қаласының бас сәулетшісі қызметтерін атқарған.

1971-1981 жылдары - В. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы) архитектура тарихы және теориясы кафедрасын ұйымдастырып, алғашқы кафедра меңгерушісі болған.

Малбағар Меңдіқұлов көптеген ғимараттар жобаларының, оның ішінде Ташкенттегі газет-журнал комбинатының үйінің, Үлкен Ташкент каналының Ангрен дюкерінің, Алматыдағы шарап зауыты үйінің мен Неке сарайының, Мұхтар Әуезов пен Жамбыл Жабаев бюст-ескерткіштерінің, «Қарлығаш» ,«Айна-Бұлақ» кафелерінің, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіндегі Қазақ павильоны жобаларының авторы. Алматы қаласының орталық бөлігінің жоспарын жасап, қазіргі Достық даңғылын, Семей қаласындағы Абай мұражайын қалпына келтіру жұмыстарына зор еңбек сіңірген. Сонымен бірге, Батыс Қазақстандағы сәулет өнерінің қайталанбас туындылары -мемориалды мешіт-ғимараттарды бір жүйеге келтіріп, ғылыми тұрғыда зерттеудің негізін қалаған. Малбағар Меңдіқұлұлының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шопан Ата, Бекет Ата, Асан Қожа, Сейсен Ата, тағы басқа кесене-кешендері жайлы құнды бірегей басылымдар жарық көрген.

Малбағар Меңдіқұлов Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің ІV-V шақыртуларының депутаттығына сайланған. Оған табысты еңбегі үшін «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі» атағы берілді.

Жауынгерлік Қызыл Ту, 1, 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, екі рет «Құрмет Белгісі», «Вертутен Миллитари» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Ол тұрған үйде мемориалды тақта орнатылып, Алматы қаласындағы бульварға есімі берілген. Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясында Малбағар Меңдіқұлов атындағы стипендиясы мен үздік диплом бекітілген, аудитория ашылған.

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 6 том.

Соңғы жаңалықтар