02:52, 18 Мамыр 2014 | GMT +5
«Менің атым Қожа» шығармасының желісіндегі қойылым жетісулықтарды тәнті етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы жастар театры гастрольдік сапармен Алматы облысына барды. Бикен Римова атындағы облыстық театрда өткен қойылымға талдықорғандықтар көп жиналды, деп хабарлайды 24.kz.

Қатарына талантты жастарды топтастырған құрылғанына небәрі 7 жыл болған өнер шаңырағы өзіндік бет-бейнесі бар театрлардың біріне айналды. Өнер ұжымы жетісулық көрермендерге биыл туғанына 90 жыл толатын көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасының желісінде жазылған «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» спектаклін ұсынды. Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай мерейтой қарсаңында қаламгердің құнды шығармасын халықпен қайта қауыштыруды мақсат еткендігін айтты.
«Біз Бердібек ағамыздың туған жері Райымбек ауданынан бастадық. Халық өте жылы қарсы алды. Ертең Аманкелдіге, сосын Қапалға барып қойылым қоямыз», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбай.