«Менің Қазақстаным» пойызы бүгін Қостанай облысы Рудный қаласына келді (ФОТО)

РУДНЫЙ. ҚазАқпарат - «Менің Қазақстаным» пойызы бүгін таңертең Қостанай облысы Рудный қаласының вокзалына келіп тоқтады. Қала жұртшылығы қонақтарды көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Рудный қаласының əкімі Бақытжан Ғаязов сөз сөйлеп, «Менің Қазақстаным» пойызы қатысушыларының қаладағы жұмысына табыс тіледі.
None
None

Одан кейін «Менің Қазақстанымның» мамандары əр сала бойынша өз міндетіне кірісті. Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік даму министрлігі Ақпараттық-сараптамалық орталығы Мониторинг жəне сараптама департаментінің директоры Ырысты Жұмабекова басқарған топ өнімді жұмыс істеді. Рудный қаласы жұртшылығымен кездескен бұл топ мүшелері адамдардың көкейіндегі мəселелерге жауап берді.

Ы. Жұмабекованың айтуынша, рудныйлықтарды толғандыратын мəселе көбінесе əлеуметтік салаға қатысты. Сондай-ақ, зейнетақы төлеу мəселесі мен бұл қалаға көбірек қоныстанған оралман ағайындарды ойландыратын жағдайлар да баршылық.

Сонымен бірге, елдің көбірек айтқан мəселесі - балабақша. Бүгінгі күні Рудныйда 4 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр. «Біз жұртшылықты толғандырған сұрақтардың бəрін жазып алдық жəне бұл мəселелерді ертең министр Тамара Дүйсенованың назарына ұсынамыз», - деді Ы. Жұмабекова.

Сонымен қатар, «Менің Қазақстаным» пойызының жетекшісі Ғ. Телебаевтың басшылығындағы топ «Мерей» əлеуметтік жəрдем көрсету бойынша Рудный аумақтық орталығында болды. «ҚХА - 20 ізгі іс-шара!» акциясы аясында «Мерей» орталығына 150 мың теңге көлеміндегі жəрдем сертификатын табыс етті.

Сонымен қатар, Рудный қаласының əкімдігі де қайырымдылық шарасын одан əрі жалғастырды. Əкімдік атынан бірінші топтағы мүгедек, арбада билеуден көптеген конкурстардың жеңімпазы Юлия Калининаға биге арналған мүгедектер арбасын сыйлады.

«Менің Қазақстаным» пойызының мүшелері - дəрігерлер, заңгерлер, əлеуметтік сала қызметкерлері Рудный қаласында да жүктерлген тапсырманы жауапкершлікпен атқарды. Кешке қаланың орталық алаңында өнер қайраткерлері қала халқына үлкен концерттік бағдарлама ұсынады.

Соңғы жаңалықтар