«Менің Отаным - Қазақстан» кітабы баланы отансүйгіштікке тәрбиелейді - М.Баймағамбетова

Еске сала кетсек, бүгін Көкшетаудағы барлық білім ордаларында 1 қыркүйек - Білім күні аталып өтілуде. Осындай салтанатты шара № 18 орта мектеп қабырғасында да ұйымдастырылды. Биыл аталған білім ордасында 160 бала мектеп табалдырығын аттап отыр. Олардың барлығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менің Отаным - Қазақстан» кітабы сыйға берілді. «Елбасымыз еліміздің келешек ұрпағы үшін үлкен сый жасады. Бала көңілі үшін бұл өмірі ұмытылмас, баға жетпес тосын сый. Бұл күні бірінші сынып табалдырығын аттаған қызымның қуанышында шек болмады. Кітаптың балалардың патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелейтін тұстары өте көп. Тіпті, үлкендерге де оқуға болады. Елімізге танымал атақты адамдар мен бүкіл әлем қызығатын Қазақстанның сұлу, баға жетпес табиғаты және әсем қалалары жайлы көркем тілмен суреттеліп, берілген. Әсіресе, Байқоңыр тәрізді еліміздің мақтанышына айналған тұстары баланың көкірегін оятып, ет жүрегін елім деп соқтыратыны анық», - дейді Махаббат Баймағамбетова.