Менингококк жұқпасынан көз жұмған алматылықтардың екеуінің аузы берік болған

«27 жастағы Сүлейменов Олжас қабылдау бөліміне келгенде аузым берік деп тағайындаған дәріні қабылдамаған. Сосын ауруханаға жатудан бас тартып, үйіне кеткен. Кешке дейіс су, дәрі, тамақ ішпей, жатып қалған. Жақындары ол ұйықтап жатыр деп көңіл аудармаған. Біраз уақыттан соң барып ол ауруханаға ауыр жағдайда келді. Өкінішке орай, менингококк жұқпасының эпидемиологиялық науқаны Рамазан айымен тұспа-тұс келді. Оразаны сау адамға ұстау керек. Жағдайы нашарласа, қызу көтерілсе, оразаны тоқтатып, дәрі қабылдау керек. Қайтыс болған 2 адамның аузы берік болғаны анықталды», - деді Алмагүл Дүйсенова.
Сонымен қатар, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов марқұм болған Олжастың ауруханаға жатудан бас тартқанын айтты.
«Ол жұқпалы ауруханалар ауруханасына түскенде дәрігерлер антибактериалдық терапия тағайындаған. Бірақ ол өзі дәрі қабылдаудан да, ауруханаға жатудан да бас тартқан. Өкінішке орай бірнеше сағаттан соң ол ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Оның өмірін арашалап қалу мүмкін болмады», - деді Серікбол Мусинов.
Мұның алдында Алматы орталық мешітінің бас имамы Еркінбек Шоқаев науқастанған жағдайда ауыз ашуға шариғат рұқсат беретінін хабарлаған болатын.
Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мәліметінше, бүгінде Алматыда 48 адам менингококк жұқпасына күдік туындаған соң дәрігерлерге жүгінген. Оның ішінде 32 адамда менигококк жұқпасы бар екені зертханалық түрде расталды.
Алматыда 5 адам көз жұмды. Олардың 2-еуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны белгілі болды.
Сырқаттанғандардың бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, кенеттен көз жұмған.
Жалпы, Алматы облысында 4 адам көз жұмды.