«Менің Алтайым» - қазақ ұлты көшпенді тұрмысының көгілдір экрандағы шынайы бейнесі - шетелдегі қазақ баспасөзі

телехикая
Фото: видеодан алынды

АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

ТМҰ-на мүше елдердің Ішкі істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысы өтті - TRT

ТМҰ Ішкі істер министрлері
Фото: Kazinform

Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің Ішкі істер министрлері кеңесінің алғашқы отырысы Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы Шолпан-Ата қаласында өтті. Қырғызстан Ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков ұйымдастырған жиынға Түркия Ішкі істер министрі Али Йерликая қатысты. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, басқосуға Әзербайжан Ішкі істер министрі Вилаят Эйвазов, Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденов, Өзбекстан Ішкі істер министрі Пулат Бобожонов және ТМҰ бас хатшысы Қуанышбек Өмірәлиев те қатысты. Жабық өткен жиын соңында қорытынды декларацияға қол қойылып, келесі отырыстың Әзербайжанда өтетіні белгіленді.

Министрлер қатысқан баспасөз мәслихатында мәлімдеме жасаған Ниязбеков ауызбіршілік орнату, бауырластық пен достықты нығайту, халықтардың қауіпсіздігін барынша арттыру және түрлі қауіп-қатерге қарсы тұру үшін жиналғандарын айтқан.

«Ниязбеков Кеңес отырысын жылына кемінде бір рет өткізу, сараптамалық-техникалық деңгейде жұмыс тобын құру, екіжақты тәжірибе алмасу, ынтымақтастық және қылмысқа қарсы күрес саласындағы үйлестірілген жұмыс мәселелерін талқыланғанын мәлімдеді», деп жазады түркиялық БАҚ.

Айта кетейік, ТМҰ мүше елдердің Ішкі істер министрлерін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та қабылдады.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Қазақстандық курсанттар Түркияда әскери білім алады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

әскер
Фото: trt.net.tr

ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік университетінің курсанттарының ант беру рәсімі өткен.

Түркиялық басылымның дерегінше, Түркия мен Қазақстан әскери білім беру саласында ынтымақтастығын арттыруды жалғастыруда. Алматыда Түркиядағы әскери бөлімде оқуын жалғастыруға жолдама алған қазақстандық студенттердің ант беру рәсімі өтті. Енді Қазақстан Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік университетінің бірінші курс студенттері Түркияда білімдерін жалғастырады. Іріктеуден өткен университеттің үздік қырық курсанты Түркия, Ресей және Оңтүстік Корея университеттерінде білім алады.

Қытай театрының оркестрі Шәуешектегі қазақ оркестрімен өнер бәсекесіне түсті - «Халық газеті»

Қытай театрының оркестрі Шәуешектегі қазақ оркестрімен өнер бәсекесіне түсті
Фото: http://www.kaz.people.cn/

3 қыркүйекте Қытайдың Ляонин үлкен театрының «YOLO» оркестрі Шыңжаңдағы Шәуешекте концерт қойып, жергілікті қазақтардың ұлттық оркестрімен өнер жарастырды. Бұл жолы қойылған өнер бәсекесі өте көңілді болды, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» басылымы. 

Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 23 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Ляонин үлкен театрының «YOLO» оркестрі Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Тарбағатай аймағының үш жерінде концерт қойған.

6 айда Өзбекстанға 4 миллионнан астам турист келген- «ӨзА»

Өзбекстан туризм
Фото: uza.uz

2024 жылдың қаңтар-шілде айларында жалпы 4,2 миллион шетелдік азамат туристік мақсатпен Өзбекстанға келген. Статистика агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562,5 мың адамға немесе 15,3 пайызға артқан, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстанға келген туристердің басым көпшілігі Қырғызстан (1,2 миллион адам), Тәжікстан (1,2 миллион адам), Қазақстан (845,8 мың адам), Ресей (442,1 мың адам) және Түрікменстан (83,7 мың адам) елдерінен келген.

Сонымен қатар, Түркия (62 мың), Қытай (35,5 мың), Үндістан (33,3 мың), Оңтүстік Корея (23,9 мың), Италия (19,5 мың) және басқа мемлекеттерден (211,2 мың) туристер де осы мақсатпен Өзбекстанға сапар шеккен.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА»-да «Шетелде қиын жағдайда қалған өзбекстандық балалар елге қайтарылды» деген тақырыпта ақпарат жарияланды.

елге қайтқан балалар
Фото: uza.uz

Шетелде қиын жағдайда қалған 14 өзбекстандық бала елге қайтарылған.

Бұл туралы «ӨзА» басылымы Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Хабарда айтылуынша, балалар Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің жауапты қызметкерлерінің іссапары аясында Ташкентке жеткізілген.

Әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігі дерегінше, бұл балалар өздерінің ата-аналарына және жақын туыстарына тапсырылады. Оларға «Инсон» әлеуметтік қызметтер орталығы тарапынан психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі.

Шетелде қараусыз қалған балалар тұрақты түрде Өзбекстанға қайтарылуда. Бұған дейін 15 тамыз күні 8 бала Өзбекстанға қайтарылып, олардың 6-уы ата-аналарының қарауына тапсырылған еді.

Сонымен қатар апта басында Ташкентте «Тұңғыш Президентті еске алу шарасы өтті». 

Президентті қарсы алу
Фото: uza.uz/

Атап айтқанда, 2 қыркүйек күні мемлекеттік ұйым өкілдері мен Ташкент қаласының жұртшылығы Ислам Каримовты еске алуға жиналған, деп жазады Uza.uz.

Бұл шараға Мемлекет басшысы, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі, Президент Әкімшілігі, Министрлер Кабинеті, министрліктер мен мекемелер, қоғамдық өкілдер қатысып, Тұңғыш Президенттің ескерткішіне гүл шоқтарын қойған.

«Менің Алтайым» - қазақ ұлты көшпенді тұрмысының көгілдір экрандағы шынайы бейнесі - Harajorga

Менің Алтайым фильмі
Фото: видеодан алынды

Көшпенділер өркениетінде өзіндік ерекшелікке ие мәдениет қалыптастырған қазақ ұлты халық саны жағынан Шыңжаңда екінші орында тұрады. Аталған өңірдегі қазақтардың ең алғашқы фильмі 1955 жылы «Қасен-Жәмила» киносы қойылғаннан бері, Қытай қазақтарының өмірінен түсірілген фильмдер тарихы 69 жылға жетті. Осы жылдар ішінде кино, телехикая қатарлы өнер түрлері адамдардың өз көзімен көріп, ет құлағымен еститін әсері арқылы дәуір ағымындағы қазақ халқының тұрмысы, мәдениеті жағындағы дамуы мен озгерісін естелікке алып, ұлттық мәдениетті жалпақ жұртқа жеткізетін рухани көпір бола білді. Сол міндеттерді атқарушы туындылардың бірі қытайлық режиссер түсірген «Менің Алтайым» телехикаясы, деп хабарлайды Қытайдың «Harajorga» әлеуметтік желісі.

Аталған БАҚ-та биыл жазда ғана тұсауы кесілген «Менің Алтайым» телехикаясы туралы айтылады. Бұл телехикая осынау кең-байтақ Алтай өңіріне деген қалың көрерменнің қызығушылығын арттыра түскені туралы сөз болады. «Судың тұнығы мен шөптің сонысын қуалай қоныс аударатын» көшпенді мал шаруашылық дәстүрі, табиғаттың қас-қабағын бағатын тұрмыс дағдысы, сондай-ақ әуелетіп ән салып, бұрала биге басатын ерекше салты, қазақ халқының экологиялық ортаға, тіршілік мәніне және күнделікті тұрмысқа деген дағдылы сүйіспеншілігі мен қимас сезімін әйгілейді.

Мақала авторының мәліметінше, бұл телехикаяда Алтайда туып-өскен қытай қызы мен жергілікті жасөспірім Батай бас кейіпкер етіліп, екі ұрпақ адамдардың қайшылығы мен талғамы сабақтастырылып, Қытайдың қазақ малшылары дөп келіп отырған жаң заман өзгерістері мен қалыптасқан дәстүрлері туралы фильмде көрсетілген. Сонымен қатар туыстық сүйіспеншілік пен махаббаттың, дала өркениеті мен қала мәдениетінің қарама-қайшылығы, сондай-ақ бір-біріне бейімделу, ымыраға келу барысы бейнеленген.

Бұл жазбада «Менің Алтайым» телехикаясы туралы түсіндіріп, талдаған.

Аталған телехикаяда ұлан-байтақ сахараны, мал фермасындағы мамыражай тұрмысты, ондағы бауырмал да момын қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі өзгере бастаса да байырғы байыпты көзқарастарынан айырылмағанын аңғаруға болатыны көрсетілген. Әсіресе «Менің Алтайым» атты телехикаясында жаңа заманның келуі мен туризм саласының кеңінен дамуынан қазақ ұлтының көшпенді тұрмысы біртіндеп өзгере бастағаны туралы айтылады мақалада.

Айта кетейік, «Менің Алтайым» телехикаясы қытайлық жазушы Ли Жюуанның шығармалар желісі бойынша түсірілген. Басты рөлдерде қытайлық танымал актер Ма Йили және Чжоу Иран, шыңжаңдық қандасымыз Алма мен Қайрат ойнаған.

Еске сала кетейік, қазақ тілінде шетелде түсірілген тұңғыш көркемсуретті «Қасен-Жәмила» фильмінің басты рөлі Жәмиланы – Кеңес Одағының халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, саңлақ актриса Фарида Шәріпова сомдаса, Қасен рөлін ойнаған кезінде Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық саз аспаптары мұражайының ғылыми қызметкері болған Абылай Түгелбаев еді.

Иранның «Ислам өркениетіндегі өнер тарихы» кітабы қытай тілінде жарық көрді - Parstoday

Иран кітап
Фото: parstoday.ir

Иранның «Ислам өркениетіндегі өнер тарихы» кітабының қытай тіліндегі аудармасы Иран Ислам Республикасының Бейжіңдегі мәдени кеңес беру мекемесінде жарық көрді, деп жазады Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.

«Ислам өркениетіндегі өнер тарихы» кітабын Иран өнер академиясының мүшесі, зерттеуші Хасан Балхари Қахи жазған.

«Parstoday» басылымының хабарлауынша, бұл еңбекті қытай тіліне Бай Джи Су аударып, Shang Wu Publications басылымы басып шығарып, таратқан. «Ислам өркениетіндегі өнер тарихы» кітабын аударуды Қытайдағы Иран Ислам Республикасының Мәдени кеңес беру мекемесі Аударма және баспа ісін ұйымдастыру орталығымен бірлесіп қытай және иран классиктерінің аударма жобасы түрінде жүзеге асырған.

Соңғы жаңалықтар
telegram