Жұмысым шығармашылықты, физикалық төзімділікті қажет етеді — шипажай қызметкері

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы. «Қазақстан» шипажайының аумақтарды абаттандыру жөніндегі маманы — Насими Назим-Оглы Гусейнов мекемеде 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Маман Kazinform тілшісіне жұмысының күрделі тұстары, өмірлік тәжірибесі туралы айтып берді.

Насими Гусейнов
Фото: Президенттің Іс басқармасы

— Насими мырза, сіз «Қазақстан» шипажайында қашаннан бері жұмыс істеп келесіз? 

— Шипажайды қайта құру кезінде мұнда жасыл қызмет және көгалдандыру қызметкері ретінде келдім. Маған жермен жұмыс істеген ұнайды. Мен үшін бұл медитацияның бір түрі.

Насими Гусейнов
Фото: Президенттің Іс басқармасы

— Неліктен шипажайдағы жұмысты таңдадыңыз?

— Біріншіден, мұнда қызметкерлерге құрметпен қарайды, бағалайды. Өзімді қажет адамдай сезінемін. Екіншіден, мен қонақтармен сөйлескенді, олардың шипажай туралы пікірін тыңдағанды жақсы көремін. Менің ойымша, барлық республика бейбіт өмір сүруі керек, көрші елдердің әдет-ғұрыптары мен мәдениетін құрметтеу керек. Біздің шипажайға Ресейден ғана емес, жақын шетелдерден де адамдар келеді. Мен әртүрлі ұлт өкілдерімен сөйлесе аламын және бұл орасан зор өмірлік тәжірибе.

— «Қазақстанда» қанша жыл еңбек етесіз?

— 2010 жылдан бастап жұмыс істеймін. Биыл менің мерейтойым — 15 жыл. Мен үшін бұл үлкен көрсеткіш. Өз жұмысыңның нәтижесіне қарап, бұрын қалай еді және қазір қалай болғанын бақылай аласың. Мен отырғызған өсімдіктер мен ағаштардың өсуін бақылап қана қоймай, табиғаттың қалай үйлесімді орналасқанын, қоршаған ортаға қамқорлық жасау керек екенін түсіну өте маңызды.

Насими Гусейнов
Фото: Президенттің Іс басқармасы

— Шипажай сізді қалай ынталандырады, қайдан шабыт аласыз?

— Шипажай өз қолөнерім туралы үнемі жаңа нәрсені үйренуге септесіп келеді. Мен оларды тәжірибе барысында қолданамын. Одан бөлек түрлі форумдарды көремін, арнайы әдебиеттерді оқимын. Гүл отырғызар кезде түсі және формасы әртүрлі етуге тырысамын. Мені табиғат шабыттандырады, одан әдемі не болуы мүмкін?!

— Биыл қандай гүлдерді отырғызуды жоспарлап отырсыз?

— Бізде аумақты көгалдандыру жоспары 3 бөлікке бөлінеді: көктемде кесеміз, отырғызу-қайта отырғызу жұмыстарын жүргіземіз және гүлзарлардағы реттілікті сақтаймыз. Біз көктемде және жазда егетін өсімдіктерге басты назар аударамыз. Жазда біз бегония, агератум, катарантус, тагетес (бархат) отырғызамыз.

— Бұл гүлдер ерекше күтімді қажет етеді ме?

— Өсімдіктерді үнемі суарып отыру керек. Арамшөптер дер кезінде жұлмаса, ол гүлдердің өсіп-жетілуіне кесірін тигізуі мүмкін. Мен суды тамырға оңай жеткізу үшін топырақты арнайы құралдармен ақырын қопсытамын.

гүл суару
Фото: Президенттің Іс басқармасы

— Сіз жұмыс істеген жылдары шипажайда не өзгерді?

— 15 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді. Әріптестердің шығармашылық әлеуеті артты. Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Жолдар безендірілді, субұрқақ орнатылды. Шипажай аумағы жасыл желекке толды. Сонымен қатар тиіндер мен құстар көбейді.

— Сіздің жұмысыңыздың күрделілігі неде?

— Менің жұмысым шыдамдылықты, есте сақтау қабілетінің жақсы болуын, еңбекқорлықты, үлкен шығармашылықты, физикалық төзімділікті қажет етеді. Сіз кез келген күн райында жұмыс істеуге дайын болуыңыз керек. Менің ойымша, адам жұмысын жақсы көрсе, онда еш қиындық болмайды. 

Осыған дейін Ессентукидегі «Қазақстан» туристер арасындағы танымалдығын жылда дәлелдеп келе жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар