Меншік иелері бірлестігі төрағасы үй кеңесінің құрамына кіруге міндеттеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алдағы уақытта барлық меншік иесі бірлестігінің төрағасы үй кеңесінің құрамына кіруге міндетті болмақ. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлайды.

— «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылғы 15 қыркүйектен кейін мүлік иелері бірлестігінің төрағасы жалпы жиналыста 3 жыл мерзімге сайланады және үй кеңесінің құрамына кіруге міндетті. Төраға және үй кеңесінің мүшесі ретінде бекітілу үшін кандидат пәтердің немесе тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі болуы тиіс, — делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, пәтердің немесе тұрғын емес үй-жайдың меншік иесімен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелері (жұбайы/зайыбы, балалары, ата-анасы) де кандидат ретінде қарастырылуы мүмкін.
— Төраға меншік иелері бірлестігінің мүддесін сотта, мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымға сенімхатсыз ұсынуға құқылы. Егер төраға уақытша еңбекке жарамсыз немесе басқа да себепке байланысты міндетін 15 күннен астам уақыт орындай алмаса және меншік иелерінің жиналысы немесе үй кеңесінің хаттамалық шешімімен бекітілсе, үй кеңесі құрамынан мүлік иелері бірлестігінің төрағасының міндетін уақытша атқарушыны сайлайды, — делінген хабарламада.
Уақытша төрағаның өкілеттігі жаңа төраға сайланғанға дейін, бірақ 6 айдан аспайтын мерзімге белгіленеді.
Сондай-ақ, төраға кондоминиум нысанын басқару үшін көппәтерлі тұрғын үйдің басқарушысымен еңбек шартына отыруға құқылы. Бұл үшін оған жалпы жиналыстың шешімі немесе үй кеңесінің, басқарушыны жалдау өкілеттігі туралы шешім қажет.
Көппәтерлі тұрғын үйді басқарушы Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс және оның кәсіби біліктілігін растайтын құжат қажет.
Еңбек шарты жасалғаннан және барлық рәсім аяқталғаннан кейін, басқарушы тұрғын үй инспекциясына тиісті мәліметті жолдайды. Бұл ақпарат кондоминиум нысанын басқару субъектілерінің және көппәтерлі тұрғын үйді басқарушылардың тізіліміне енгізіледі.
Еске салайық, елімізде 2023 жылдан бастап меншік иелері бірлестігін онлайн тіркеуге болады.