Mercedes-Benz қызметкерлеріне жұмыстан кету үшін 422 мың еуро ұсынады
АСТАНА. KAZINFORM — Mercedes-Benz қызметкерлеріне компаниядан өз еркімен кету үшін 422 мың еуроға дейін төлем ұсынады, деп хабарлайды BILD.
Германияның Mercedes-Benz автоконцерні қызметкерлерге арналған ерікті жұмыстан кету бағдарламасын іске қосады. Компания кейбір мамандарына жүздеген мың еуро көлемінде өтемақы төлеуге дайын. Компанияның ішкі құжаттарында көрсетілген ең жоғары сома – 422 мың еуро. Мұндай төлемді жалақысы жоғары 52 жастағы инженер 2027 жылғы наурыздың соңына дейін жұмыстан кетуге келіскен жағдайда ала алады.
Бағдарлама 2026 жылғы 1 желтоқсаннан 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі он айға есептелген. Ең тиімді шарттар алғашқы төрт айда қолданылады. Наурыздың соңына дейін шешім қабылдаған қызметкерлерге жылдам келісім бергені үшін қосымша сыйақы – «Турбо-бонус» төленеді. Бұл үстемақысыз жасы дәл сондай инженерге берілетін ең жоғары өтемақы шамамен 340 мың еуро шамасында.
Өтемақы мөлшері қызметкердің жасына, еңбек өтіліне және жалақысына байланысты болады. Мәселен, әкімшілік бөлімдердің қызметкерлеріне 253 мың еуроға дейін төлем қарастырылған.
Бағдарлама өндірістен тыс салаларда жұмыс істейтін 30 мыңнан астам қызметкерді қамтиды. Олардың қатарында мамандар, шеберлер, топтар мен бөлімдердің басшылары бар. Биыл алғаш рет жоғары деңгейдегі басшылар да бағдарламаға енгізілді. Оған қатысу үшін қызметкердің компаниядағы еңбек өтілі 1 желтоқсанда кемінде үш жыл болуы керек.
Компания жаңа бағдарламаны экономикалық жағдайдың нашарлауымен түсіндіреді. Mercedes-Benz персонал шығындарын қысқартуға ұмтылып отыр. Алайда өндірістік себептерге байланысты қызметкерлерді әдеттегі тәртіппен жұмыстан шығара алмайды. Себебі Германияда жұмыспен қамтуға кепілдік беретін келісім 2034 жылдың соңына дейін күшінде.
Айта кетелік Mercedes Германиядағы зауыттарын жабуы мүмкін екендігі туралы жазған едік.