Мерекеден кейінгі дүрлікпе: Қытайда мыңдаған көлік жолда тұрып қалды

АСТАНА. KAZINFORM –  Қытайдың Аньхой провинциясында мыңдаған автокөлік елдегі ең ірі жолақы пункті  Учжуан бекетінде ұзын-сонар кептелісте тұрды. Мұнда көлік қозғалысы екі бағытта 36 жолақ бойынша жүреді, деп хабарлайды Kazinform жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Қытайдағы кептеліс
Фото: CCTV

Кептеліс Ұлттық күн мен Күздің ортасы мерекесіне орай өткен сегіз күндік демалыстың соңғы күні болған.

Аса үлкен көлік легі екі ұлттық тас жол G40 (Шанхай–Сиань) және G42 (Шанхай–Чэнду) қиылысқан аймақта байқалды. Бір апта ішінде Учжуан бекеті шамамен 860 мың көлікті қабылдап, өткізіп жіберген. Тәуліктік орташа қозғалыс көлемі 120 мыңнан асып, әдеттегі деңгейден үш есеге артқан.

Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Х платформасында жазғанындай, әдетте 10 сағатта жететін сапар бұл күні 16 сағатқа созылған.

Көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында автомагистраль операторлары мен жол қызметтері трассаға 60-тан астам эвакуациялық және құтқару техникасын шығарған. Сонымен қатар жол бойына 20 кезекші бригада орналастырылған.

Қытай Көлік министрлігінің мәліметінше, мерекелік демалыс күндері ел бойынша 2,43 млрд аймақаралық сапар жасалған. Тәуліктік орташа жолаушылар саны 304 млн адам болып, жаңа рекорд орнатқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,3%-ға жоғары.

Бұған дейін хабарланғандай, қытайлық туристер Хоргос өткізу бекеті арқылы автокөлікпен Қазақстанға сапар шегуді жиі таңдайтын болған.

Соңғы жаңалықтар