Мерекелік дастарханға мандарин үнемдеудің қажеті жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстан мандариннің рекордтық көлемін импорттады, деп хабарлайды Data Hub.
2025 жылдың 10 айында, ҚР СЖРА ҰСБ-ның соңғы деректері бойынша, танжериндер мен сатсума деп аталатын түрлерін қоса алғанда 75,6 мың тонна мандарин импортталған.
Қазіргі деңгейі 2024 жылдың осы айларымен салыстырғанда 21%-ға жоғары, сонымен қатар кем дегенде соңғы он жылдағы ең жоғары деңгей болып отыр.
Шыны керек, қазіргі классификация тек 2017 жылдан бері қолданылады, алайда 2015-2016 жылдары да барлық ұқсас цитрус жемістерінің көлемі (әртүрлі гибридтерді қоса алғанда) бұдан төмен болған.
Ал ақшалай мәнде көлемі жылдан жылға түсіп кеткен: $38 млн-нан $37 млн-ға дейін. Соған сәйкес, бір тоннасының орташа долларлық құны да бірден 20%-ға төмендеген. Дегенмен, бұл жағдай бөлшек саудадағы бағаға қаншалықты әсер еткенін ресми деректер бойынша бағалау мүмкін емес.

Иллюстрацияда соңғы жылдардағы мандарин импортының динамикасы көрсетілген. Көріп отырғандарыңыздай, соңғы жылдары Қытайдан сатып алу көлемі айтарлықтай артқан.
Бұдан бұрын Kazinform агенттігінің тілшісі Жаңа жыл мейрамы қарсаңында мандарин бағасы қанша екенін білді.