Мерекелік марафон: Jibek Joly арнасындағы жаңа жылдық телепремьералар
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly/Silk Way телеарнасы Жаңа жыл қарсаңында арнайы телебағдарламалар әзірледі. Көрермен бағдарламаларды 31 желтоқсаннан бастап тамашалап, мерекелік көңіл-күйді сезіне алады. Kazinform тілшісі кестедегі Жаңа жылдық қызықты жобаларға көз жүгіртті.
31 желтоқсан
11.30 – «Бүгін.live» жобасының жаңа жылдық шығарылымы
Бағдарламаны көру арқылы биыл ел өмірінде қандай елеулі өзгеріс болғанын білуге болады. Жүргізушілер 2025 жылы қабылданған заңдарды, орын алған маңызды оқиғаларды, жеткен жетістіктерді түгендеп, жылан жылының қорытындысын шығарған.

Бағдарламаның толық мазмұны:
· Бас аспаздар мен арнаның тележүргізушілері бәсекесі
· Жыл қорытындысы – Қазақстанның мәдениет, спорт және т.б. салалардағы жетістіктері
· Ашық микрофон: 2025 жыл немен есте қалды?
· Сюжет: ҚР Президентінің ТРК командасы Мемлекет басшысының жаңа жылдық құттықтауына қалай дайындалуда?
· «Таза қала»: Әнуар Қарбозов пен Қырмызы Жандосова
Эфир барысында қаланың түкпір-түкпірінен тікелей байланыс жасалады. Журналистер Есіл жағалауындағы жаңа жылдық атмосфераны және базардағы репортаж арқылы қала тұрғындарының мерекеге қалай дайындалып жатқанын көрсетеді.
15.30 – «Жақсы адам-2025» арнайы сыйлығы
Эфирде – биылғы жылдың айтулы азаматтарына арналған «Жақсы адам-2025» арнайы сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі. Мұнда тынымсыз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген үздік мамандар мен жұмысшылар, ерлігі арқылы көптің есінде қалған азаматтар, игі ісі жұртқа үлгі болған үлкен жүректі адамдар марапатқа ие болады.

Сыйлықты табыстау рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар мен өнер жұлдыздары қатысады.
20.00 – «Жаңа жыл – жаңа шабыт» мерекелік концерті
Бағдарламада танымал хиттер, жаңа әндер, халық әуендері орындалады. Шарада қазақстандық танымал әншілер бой көрсетпек. Олардың қатарында Әли Оқапов, Тамара Асар, Элизат Берікова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Бағым Мұхитденова, Мәди Рымбаев, Серік Ибрагимов, Марат Думан, Ademi, Еркін Мәулен, Баянсұлу және өзге де орындаушылар бар. Сондай-ақ жоба қатысушылары да сахнадан табылады.
Айта кетейік, концерт «Кеш емес» жобасы аясында ұйымдастырылады. Бұл – шығармашылық әлеуетін ашуға ұмтылып жүрген түрлі жастағы әйелдерді қолдауға арналған жоба.

Жаңа жылдық арнайы шығарылымның жүргізушілері – Нұрлан Қоянбаев, Дәулет Бижанов және Салтанат Серкебаева. Студияға биыл түрлі салада жетістікке жеткен отандастарымыз шақырылған. Қазақстан құрамасының футболшылары Шерхан Қалмырза мен Темірлан Анарбеков, қазақстандық әнші Yenlik, сондай-ақ видеограф және тревел-блогер Дастан Мұхамедкәрімді эфирден көреміз.
22.30 – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, актер-сатирик Тұрсынбек Қабатовтың жеке шығармашылық концерті. Жобаның басты көздегені мерекелік кеште бірнеше буын өкілдерін теледидар алдына жинап, жаңа жылмен құттықтау. Сонымен қатар әдеттегідей қоғамда болып жатқан оқиғалар мен халықтың мінез-құлқы, әл-ауқатына қатысты мәселерді әдемі әрі астарлы әзілмен жеткізу, көрермен езуіне күлкі үйіріп, жайдары көңіл сыйлау. Концертте еліміздің танцымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.

23.50 – Jibek Joly телеарнасының көрермендері Мемлекет басшысының жаңа жылдық құттықтауын тікелей эфир арқылы тамашалайды, сондай-ақ оның қалай дайындалғанын баяндайтын фильмді көруге мүмкіндік бар. Онда Президенттің құттықтауын әзірлеу барысындағы құпия әрі қызықты сәттер таспаланған.
1 қаңтар
1.00 – Нұрлан Қоянбаевпен «Жаңа түнгі студия»
Нұрлан Қоянбаевпен «Жаңа түнгі студия» шоуының кезекті қонақтары көрерменді таңғалдырары сөзсіз. Мысалы, студияға биылғы жылдың ең танымал адамдары, яғни «Қайрат» футбол клубының ойыншылары шақырылған. Олардың бірі – 2025 жылғы Чемпиондар Лигасының үздік қақпашысы атанған Темірлан Анарбеков.

Сонымен қатар биыл альбомы Apple Music чартында көш бастап тұрған әнші Yenlik, видеосы 698 млн жазылушысы бар Instagram-ның ресми парақшасына жарияланған Дастан Мұхамедрахым бағдарламада әңгіме өрбітеді. Ал басты музыкалық хедлайнерлер – Zengir, Рахат, Ділмұхаммед, Назарбек, Yenlik және ALEM.
12.30 – «Silk Way Star: Қош келдің, 2026!»
Jibek Joly телеарнасы көрермендерге Silk Way Star халықаралық жобасының жаңа жылдық гала-концертін ұсынады. Бұл жобаға қазақстандық және халықаралық жас орындаушылар қатысқан. Сахнада малайзиялық Язмин Азиз, армениялық Саро Геворгян және қырғызстандық Гүлжігіт Қалықов ән шырқайды және оңтүстік кореялық әнші Шин Мин Чоль «F4» дорамасындағы танымал «Paradise» саундтрегін орындайды.

Еске салайық, Silk Way Star – 12 елдің өнерпаздарының басын қосқан алғашқы азиялық музыкалық мегажоба. Биыл моңғолиялық Мишель Джозеф шоу жеңімпазы атанды.
