Мерейлі отбасы: БҚО-дағы байқауда 88 жастағы ақсақалдың әулеті жеңімпаз атанды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев аталмыш байқаудың Ата заңымыздың 30 жылдығы қарсаңында және Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтіп жатқандығын мәлім етті.
Президент жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен жыл сайын ұйымдастырылып отырған дәстүрлі байқауға облыс бойынша биыл 100-ден астам өтінім түсті. Соның ішінде Орал қаласы мен 12 ауданнан оза шапқан өнегелі 21 отбасы қатысып, бақ сынады.
Қатысушыларды өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтаған Қайыржан Ермекұлы отбасы институты мемлекеттің ұдайы назарында екендігін жеткізді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды „Адал азаматқа“ тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», — деп отбасының қоғамдық және мемлекеттік рөлін атап өтті. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша 14 мыңнан астам көпбалалы ана бар, оның арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» иегерлері — 6 558 адам. Жыл сайын Отбасы күні, былтырдан бастап Әке күні, Ана күні аталып өтілуде. Осынын бәрі — мемлекет тарапынан ұлттық отбасы институтын сақтауға бағытталған саясаттың айқын көрінісі, — деді Қ.Меңдіғалиев.
Бұдан кейін «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды.
Бөрлі ауданынан келген Сүйінғараевтар отбасы бірінші орынға ие болып, оларға 1 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Оған қоса аталған отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.
Қаратөбелік Құрманғалиевтер отбасы екінші (500 мың теңге), шыңғырлаулық Касетовтер отбасы үшінші (300 мың теңге) орыннан көрінді.

Сондай-ақ бәйтеректік Сұлтанғалиевтер — «Қайырымды отбасы», оралдық Досқалиевтер — «Қолөнершілер отбасы», қаратөбелік Тасқалиевтер — «Жұмысшы отбасы — еңбек адамы», шыңғырлаулық Кужиевтер «Еңбек династиясы — теміржолшылар» аталымымен ерекшеленді. Ал теректілік Тұяқовтарға — «Креативті отбасы», бөкейордалық Оразғұловтарға –«Өнерлі отбасы», жаңақалалық Бисенғалиевтер — «Әке ісін жалғастырған отбасы», тасқалалық Ерікбаевтарға «Дәстүр жалғастырған отбасы» аталымы берілді.

Байқауда белсенділік танытқан басқа отбасылар алғысхаттармен марапатталды.
Жеңімпаз атанған Сүйінғараевтар отбасын 88 жастағы ақсақал Мұратбай Ықыласұлы бастап келді.
— Осыншама жасқа келгенде, мерейімізді асырған іс-шара болды. Біз 10 бала тәрбиелеп өсірдік, 20 немере-жиен, 20 шөбереміз бар. Ержеткендерінің бәрінің жоғары білімі бар, тіпті кейбіреулері қос мамандықты меңгерген. Қазақстандағы миллиондаған отбасының біріміз. Менің айтарым, жастар кешірімді болуы керек. Бірінің айтқанын екіншісі тыңдауы қажет. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген, егер татулық орнамаса, ол отбасы ұзаққа бармайды. Отбасы бақытты болса, ел де бақытты болады. Еліміздің береке-бірлігі арта берсін, — деді Мұратбай қария.
Тасқала ауданынан келген Дүйсеновтер отбасының өкілі Артур Серікбайұлы мұндай байқаулардың отбасы құндылығын дәріптеуде маңызы зор екендігін жеткізді.
— Біздің әулет өкілдерінің көпшілігі білім саласында қызмет атқарады. Сондай-ақ бірқатары мемлекеттік қызмет, мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Әкеміз өмірден ертерек кетті. Анамыз Ғалия — жеті баланың анасы, 16 немересі бар, қазір шөбересінің алақанынан су ішіп отыр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осындай аналарымыз барда біздің шаңырағымыздың іргесі берік болатыны анық, — деді А.Дүйсенов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ақын Ғұмар Қараштың 150 жылдығына арналған мүшәйра мәресіне жеткенін жазған едік.