Мешін жылы еліміз үшін мерейлі жыл болсын!

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылға өкпе жоқ, келген жылдан үміт көп. Иә, тарих қойнауына сіңіп бара жатқан Қой жылы еліміз үшін сындарлы жыл болғаны анық. Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20, Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойларын өз деңгейінде атап өттік. Айтулы әлемдік спорттық шараларды да өткіздік, әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ та жардық. Өкішінке қарай, допинг дауына да ілігіп, алдағы Рио Олимпиадасында алтын алады-ау деген үміттенген зілтемірші саңлақтарымыздың спорттық мансап жолының көмескі тартқандығын да көрдік. Жаһандық дағдарыстың толқынына ұрынып, теңгеміздің АҚШ ақшасына шаққандағы бағамының құлдырауына да жол бердік. Өмір - өзен. Дәм-тұзы таусылған, саясатта да, өнерде де, білім мен мәдениетте де ойып тұрып орын алған алдыңғы буын аға-әпкелерімізді де ақтық сапарға шығарып та салдық.
None
None

Осы жылы тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді дәріптедік. Нью-Йорк төрінде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясында ғаламшар халқы алдында аталған ұйымның 6 ресми тілімен қатар қазақ тілінің әлемдік қоғамдастық алдында үнқатуына куә болдық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһан тұрғындары алдында Жер бетінің гүлденуі, өсіп-өркендеуі, бейбітшілік орнауы үшін жасаған нақты ұсыныстарына құлақ түрдік. Әр қазақтың көптен бері көкейінде жүрген арманы - қазақ баласының ғарышқа сапарына куә болдық. Әлемде өз ұлтының 3 немесе одан да көп перзенті ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет бар болса, солардың бірі ретінде тарихтан орын алдық. Тізбелей берсек, жетістік көп, ала алмаған еншіміз де бар. Төрге озған Мешін жылында да алар асуымыз көп болсын деген тілек бар. Осы ретте ағымдағы жылы елімізде орын алатын басты оқиғаларға шолу жасауға тырыстық.

Қазіргі алмағайып заманда елдің экономикасын көтеріп, әлеуетін арттыра түсу үшін тікелей шетел инвестициясын тарту бұл жылдағы еліміздің басты бағыттарының бірі болып қала беретіндігі анық. Жалпы, елімізде шетелдік инвесторларды ынталандыру тетіктері жан-жақты әзірленген. Олар корпоративтік табыс салығынан, жер, мүлік салығынан босатылып, күрделі шығыстарының бір бөлігін мемлекет тарабынан өтеу қарастырылған. Сонымен бірге тұрақты салық, экологиялық алым мен төлемдер ставкасын, бір терезе қағидасын енгізу де көзделген. Мұнан бөлек, осы уақытқа дейін Қазақстанға қаржы құюда ерекшеленген елдердің азаматтарына визасыз режім де енгізіліп отыр. Нақты айтқанда, 2015 жылдың 16 шілдесінен 2017 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде Ұлыбритания, Италия, Корея, Малайзия, Нидерланды, БАӘ, АҚШ, Франция, ГФР, Жапония, Австралия, Бельгия, Венгрия, Испания, Монако, Норвегия, Сингапур, Финляндия, Швейцария және Швеция азаматтары 15 күнтізбелік күнге дейін Қазақстанға визасыз келуіне рұқсат берілді.

Келесі бағыт - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспарынан, «Нұрлы жол» бағдарламасынан және өткен жылдың соңында жария етілген «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауынан туындаған шараларды атқару. Бұл бағыттағы жұмыстардың жыл бойы өз деңгейінде жүзеге асырылатындығы сөзсіз. Мұнан бөлек, Қаржы секторын тұрақтандыру, бюджеттік саясатты оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыру ілгерілетілетін болады.

ЭКСПО нысандары 100 пайыз дайын болуы тиіс

Осы жылдың басты шараларының бірі 2017 жылы елорда төрінде өтетін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне қажетті нысандардың жыл соңына дейін толығымен аяқталып болуы тиіс. Бүгінде көрме нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілу үстінде. Қой жылының соңында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының әкімшілігі көрме алаңында бой көтерген өздерінің негізгі нысандарына көшіп алған болатын. ЭКСПО-ның құрылыс алаңдарында көрме кешендерінің барша павильондары бойынша нөлдік циклдің (паркингтер) монолитті темір бетонды жұмыстар толық аяқталды. Ғимараттардың металлдық құрылымдары қаңқасын монтаждау 80 пайыздан астам деңгейде орындалды. Сонымен қатар «Энергияны зерттеу орталығында» нөлдік цикл жұмыстары аяқталды. Бүгінде ғимараттың металлдық құрылымдары қаңқасын монтаждау жүріп жатыр. Сонымен қатар ЭКСПО аумағында инженерлік желілерді тарту жұмыстары іске асырылуда. Құрылыс жұмыстарына 7 421 адам мен 444 техника жұмылдырылған. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен еліміздің барлық облыстары және Астана мен Алматы қалалары арасында халықаралық мамандандырылған көрме нысандарын салуда отандық тауар өндірушілерді тарту туралы меморандумдарға қол қойылған. Бүгінде 200-ден астам отандық тауар өндірушілер көрме құрылысына тартылып, олармен 30 млрд. теңгеден астам сомаға келісімдер жасалған. «Біз ЭКСПО нысандарын салу үдерісіне отандық кәсіпорындарды тарту бойынша Мемлекет басшысы берген тапсырмасын орындап отырмыз. Осының нәтижесінде, Қазақстанның әрбір өңірінде жаңа жұмыс орындары құрылды деп айтуға болады»,- деген еді компания басшысы Ахметжан Есімов өңірлермен арнайы меморандумдарға қол қою барысында.

Айта кетерлігі, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ішкі және сыртқы периметрі бойынша қылмыстардың және өзге де заңға қайшы әрекеттердің уақтылы алдын алу, жолын кесу үшін бүгіннен бастап елорда полициясы жұмылдырылып отыр.

Жалпы, Қазақстан билігі бұл көрмеге әлемнің 100-ден астам елінің қатысатындығын, оны тамашалауға 5 миллионға жуық адамның келетіндігін болжауда. Бұл ретте айта кетерлігі, осыдан 2-3 жыл бұрын Елбасымыз Қытайға жасаған сапарында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен 2017 жылды Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы деп жариялау туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Демек, алдағы уақытта көрмені тамашалауға келетін қытайлықтардың легі мол болатындығы анық. Сондықтан да «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы көрме қарсаңында «Астана-Алматы-Үрімші» бағытындағы жүрдек пойызды жолға шығару жоспарлауда.

Рио Олимпиадасы

Осы жылда орын алатын басты спорттық шаралардың бірі Рио Олимпиадасы екендігі белгілі. Төрткүл дүние асыға күткен айтулы байрақты бәсеке тамыздың 5 күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауын тұтатады. Бүгінде осынау ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына баратын спортшыларымыздың біразының есімдері де белгілі болып отыр, спорттың 10 түрінен 50-ге жуық лицензиямыз бар. Дегенмен, алда әлі талай лицензиялық жарыстар бар. Яғни, бұл жылда жерлестеріміз 70 құрлықтық, 52 әлем кубогы кезеңдерінде бағы мен бабын сынайды.

Бүгінде ауыр атлеттеріміздің алдағы Олимпиада ойындарына берілетін 6 ерлер және 4 әйелдер арасындағы жолдамаға қол жеткізді. Яғни, зілтеміршілеріміз Риоға толық құрамда барады деген сөз. Алайда, өкінішке орай 94 келі салмақ санатында Олимпиада алтынынан басты үміткер санаған зілтеміршілеріміз Алмас Өтешев пен Жасұлан Қыдырбаев допинг дауына ұрынды. Олардың алдағы тағдыры белгісіз. Қазіргі уақытта ҚР ауыр атлетика федерациясы допинг-бақылау бойынша Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртай және Алмас Өтешовтен алынған «А» сынамасынан тыйым салынған препараттың табылуына байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, тергеу жұмыстарын бастады. Допинг-сынама спортшылардан таяуда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен Әлем Чемпионатынан кейін іле-шала алынған болатын. «Спортшыларымызға қатысты допинг-сынаманың оң нәтиже бергендігі біз үшін барып тұрған сорақы дерек, бұл жерде біреудің көрінер-көзге қателік жібергені көрініп-ақ тұр. Бұған біздің жігіттердің ешқандай қатысы жоқтығына сенімдіміз. Біз жағдайды анықтау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз және біздің атлеттердің тамағына немесе дәрумендеріне тыйым салынған препараттың салынуына себепші болған тұлғаларды әшкерелеуге барынша күш саламыз. Егер кінәлі азамат атлеттердің өз айналасынан табылар болса. онда Халықаралық ауыр атлетика федерациясымен бірлесе отырып, мұндай адамды спорттан мүлдем аластату және спорт жарыстарына қатысу құқығынын айыру туралы шешім қабылдаймыз», - деген еді таяуда ҚР Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин.

Риоға баратын спортшыларымыздың қатарында жеңіл атлеттеріміз Ольга Рыпакова, Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Гүлжанат Жанатбек, Михаил Красилов, Ирина Смольникова, Георгий Шейко, Ирина Эктова, Флорида Миниянова, ескекшілеріміз Илья Голендов, Александр Емельянов, Дәулет Сұлтанбеков және Андрей Ергучев, Наталья Сергеева, Ирина Подойникова, Алексей Дергунов, Евгений Алексеев бар.

Боксшыларымыздың қоржынында 4 лицензия. 60 келіде Берік Әбдірахманов, 49 келіде Біржан Жақыпов, 91 келіде Василий Левит және 69 келіде Данияр Елеусіновтің Рио төрінде жасындай жарқырауына жол ашық. Мырзағали Айтжановтың шәкірттері осы жылы өтетін үш лицензиялық жарыста қалған олқылықтың орнын толтыруы тиіс. Алғашқы Олимпиадаға іріктеу турнирі 2016 жылы 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қытайдың Цяньан қаласында Азия мен Тынық мұхит боксшыларының қатысуымен өтсе, мамырда Болгария астанасы Софияда боксшылар WSB мен APB жобалары бойынша жолдамаға таласады. Үшінші іріктеу шілденің 7-19 аралығында Бакуде өтетін болады.

Олимпиада бағдарламасына енгізілген нысана көздеу спортынан еліміздің намысын Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Юрий Юрков, Елизавета Король, ал садақ атудан ерлер арасында Сұлтан Дүзелбаев пен әйелдер арасында Луиза Сайдиева қорғайды.

Грек-рим күресінен екі жолдама бар. Оны Досжан Картиков пен Алмат Кебіспаев жеңіп алды. Ал еркін күрестен жалғыз жолдаманы Артас Сана иеленген болатын. Мұнан бөлек, жүзу спортынан Дмитрий Баландин бір жолдамаға иелік етсе, қазіргі бессайыстан Елена Потапенко бір жолдама жеңіп алғаны есте.

Қазақстан тамыздың 5-21 аралында өтетін Рио-де-Жанейро Олимпиада ойындарына спорттың 27 түрі бойынша 100-ден астам лицензия ұтып алуды жоспарлауда. Есте болса, бұған дейінгі Лондон Олимпиадасында қазақстандық спортшылар спорттың 25 түрінен 105 лицензия ұтып алған еді. Сол Олимпиадада Қазақстан саңлақтары 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль алып, медаль саны бойынша жалпы есепте 204 ел арасында 12-ші орынға тұрақтады.

Соңғы жаңалықтар