Мешін жылы туған танымал тұлғалар кімдер?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халқымыз үшінші мыңжылдықтың жаңа 2016 жылына қадам басты. Шығыстық жыл санауы бойынша биыл мешін жылы кіреді.
None
None

Шығыс күнтізбесіне сәйкес 12 жыл хайуанаттар мен аңдарға, жан-жануарларға бөлінген. Осы жыл санаудың шығу тегі туралы ертегіні де білеміз. Онда «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген тұжырым жасалады.

Жұлдызнамашылардың болжамы бойынша, адамның мінез-құлқы өзінің туған жылы мен айына тұспа-тұс келетін көрінеді. Мұны ғасырлар бойы ғалымдар да, жұлдызнамашылар да зерттеген. Әр адамның өзі туған жылындағы жануарға ұқсайтындығын ғылыми тұрғыда зерттеушілер де қуаттап, тіпті әр жыл мен айдың адам ағзасы мен психологиясына, әлеуметтік жағдайына да әсер ететінін айтады. Дегенмен бұған қарсы дау айтатындар да кездеседі.

Қазір ғаламторға зер салсақ, әр жылға сипаттама берілгенін көреміз. Соның ішінде, жұлдызнамашылардың пайымдауынша, мешін бүгін бір нәрсе айтса, ертең-ақ ол ойынан айнып шыға келетін көрінеді. Оларға сену қиын. Бірақ ақылдылығы жағынан асып түсетін артықшылығы бар. Жолы болғыш, жоқтан барды ұқсата білетін шебер. Өз еркі өзінде болғанын қалайды. Қызба мінезді. Мақсатына жетуге барын салады.

Жалпы, әр адамға 12 жылдағы аң мен хайуанаттардың мінез-құлқы да беріледі деген пайым да айтылады. Бұл шындыққа сәйкес келетін сияқты. Тіпті кейбір маңғаз, асықпайтын адамдарға қарап, жыл санауға енбей қалған түйенің де мінезі адамға беріледі-ау деген ойға қаласың.

Мешін жылы туылғандар:

Тарихшылардың зерттеуі бойынша,қазақтың ұлы жырауы Бұқар жырау Қалқаманұлы 1668 жылы дүниеге келген деп белгіленген. Бұл мешін жылына сәйкес келеді. Бұқар жырау қазақтың әйгілі ханы Абылайдың ақылшысы болған. Соңына өшпес мұра қалдырған. Сол дәуірдің үні мен тынысын беретін жырлары қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналды. Ол 1781 жылы дүние салған.

байтурсынов Қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай өңірінде дүние есігін ашқан. Ол - қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алашорда өкіметінің мүшесі.

ХХ ғасырдың зұлматты жылдарындағы сталиндік қуғын-сүргін Ахмет Байтұрсынұлының тағдырына балта шапты, 1937 жылы 65 жасқа толған ақсақал шағында азаптап, ұрып-соғып, қинаудың небір жантүршігерлік әрекеттерін жасаған НКВД-ның жендеттері ешқандай қатысы жоқ кінәні мойнына іліп, ату жазасына кесті.

А.Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1988 жылы айыпсыз деп ақталғаннан кейін халқы оның мол мұрасымен қайта қауышты. А.Байтұрсынұлының еңбектері еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кең таралып, білім мен ғылым саласында үлкен сұранысқа ие болды. Есімі ардақталып, жоғары оқу орындарына, даңғылдар мен көшелерге берілді.

азирбаев «Уикипедия» ашық энциклопедиясының мәліметіне сәйкес, қазақтың әйгілі халық ақыны, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен Әзірбаев 1884 жылы, яғни, мешін жылы туған. Туып-өскен жері - Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Мәтібұлақ деген өңір. Халқына өшпес мұра қалдырған ақын 1976 жылы өмірден озған.

есенжанов Қазақтың танымал жазушысы Хамза Есенжанов мешін жылы дүниеге келген. Ол 1908 жылы 25 желтоқсанда қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында өмірге келген.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын (1928), Алматы мемлекеттік университетін (бұрынғы ҚазПИ) бітірген (1933), Ленинградтағы (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік өнертану институтының аспирантурасында оқыған (1934 - 1936) Хамза Есенжанов жастайынан жауапты қызметтерге араласып, елдің өркендеуіне атсалысты.

Ол Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жауапты хатшысы (1932 - 1933), КСРО ғылым академиясы Қазақ филиалында әдебиет пен фольклор секторының меңгерушісі (1936 - 1937) қызметтерін атқарған. 1937 жылдан Қазақ мемлекеттік филармониясының, кейін Қазақ опера және балет театрының директоры қызметін атқара жүріп, ҚазПИ-де орыс әдебиеті тарихынан сабақ берген.

Алайда, 1937-38 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін оның да жарқын армандарының жолын кесті, тағдырын тәлкекке салды.

1938 жылы Хамзаға жалған саяси айып тағылып, сол кездегі өзге де қазақ зиялылары бастан кешкен тергеу әрекетіндегі қорлықтарды көріп, жазықсыз сотталып, 20 жылға жуық уақыт бойғы өмірі түрмеде өтті. Елге оралған соң, 1956 жылдан бастап шығармашылық жолға бет бұрды. Алғашқы тараулары абақтыда жазылған туындыларын жарыққа шығарды. Х. Есенжановтың ең әйгілі шығармасы - «Ақ Жайық» трилогиясы. Жазушының туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорында сақтаулы тұр, бәрі де халықтың рухани байлығына айналды.

Қасіретті жылдардың ауыр азабын тартқан Хамза Есенжанов1974 жылы 5 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болған.

молдагалиев Қазақтың жалынды ақыны Жұбан Молдағалиев 1920 жылы 5 қыркүйекте бұрынғы Орал облысы (қазіргі Батыс Қазақстан облысы), Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында дүниеге келген.

Оралда ауыл шаруашылық техникумын (1940) бітіріп, 1940-47 жылы Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарған.

Әйгілі «Мен Қазақпын» поэмасының авторы. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты билікке қарсы сөз сөйлеген алғашқы қаламгер.

Қазақ жастарын «ұлтшыл» деп айыптаған билікке қарсы Жұбан Молдағалиев: «Мен - қазақпын. Өз халқымды мақтан етемін. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгінгі күні одан да қымбат» деп толғана келіп, бейбіт шеруге шыққан жастарды аяусыз жазалағандардың әрекеттерін айыптап әрі ашынып тұрып: «Мұндай қорлықты көргенше, кеше Отан соғысы майданында өліп кеткенімнің өзі артық еді!»,- деді.

Қазақтың аяулы ұлы, жалынды жырлар жазған ақыны Жұбан Молдағалиев 1988 жылы дүние салды.

шерхан Қазақстанның халық жазушысы, танымал қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаұлы Мұртаза 28 қыркүйекте 1932 жылы туған. Ол еліміздің жоғарғы заң шығару органы - Парламент Мәжілісінің депутаты болды, қазір зейнеткерлік және шығармашылық демалыста.

null Танымал сәулетші, елтаңбаның авторы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов. 1932 жылы 26 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1956 жылы Мәскеу мемлекеттік сәулет институтын бітірген. Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы.

Шот-Аман Уәлиханов бірнеше ірі ғимараттардың, 20 монумент пен ескерткіштің (басқалармен бірге) авторы. Солардың қатарында: Көкшетау қаласындағы Т. Бигелдинов (1998), Қостанай қаласындағы А. Байтұрсынов (1999), Астана қаласындағы Кенесары Қасымұлы (2001), т. б. ескерткіштері; Д. Қонаев бюсті (1985), Тәуелсіздік монументі (1996, жоба авторы әрі жетекшісі).

1996 жылы Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік елтаңбасы бойынша өткен байқауда ҚР сәулетшілер одағының алтын медалі мен дипломын алды, елтаңба (Герб) авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

null Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері Әзірбайжан Мәмбетов. 1932 жылы 1 қыркүйекте Ресейдің Волгоград облысында дүниеге келген.

Ә. Мәмбетов Алматы хореография училищесінде, А. Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында білім алды. М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрында, «Мосфильм» киностудиясында, Қазақ КСР Мемлекеттік кино комитетінде, «Қазақфильм» киностудиясында, Алматы театр және көркемөнер институтында жемісті еңбек етті.

1976 жылы КСРО халық әртісі атағына ие болды. Бұның алдында ғана оған КСРО және Қазақ КСР-інің мемлекеттік сыйлығы берілген болатын.

1970-1980 жылдары Ә. Мәмбетов өмірінің ең белесті сәттері болды. Қазақ кинематография саласының алтын қорынан өзіндік орын алған «Жаушы», «Қан мен тер» фильмдері жарық көрді. 1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.

1999 жылы Мемлекет басшысы өтінішімен Әзірбайжан Мәдиұлы елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік музыка-драмалық театрды басқарып, өнер ордасын жаңа деңгейге көтерді.

толеев Қазақтың шетелде жүрген әйгілі азаматының бірі - Аманкелді Төлеев. Ол 1944 жылы 13 мамырда Түркіменстанның Красноводск (қазіргі Түркіменбашы) қаласында өмірге келді.

А.Төлеев көрші Ресей еліндегі танымал саяси қайраткер, ең әйгілі әрі өте беделді губернатор, технология ғылымының докторы.

Новосибирск темір жол инженерлері институтын (1973), Қоғамдық ғылымдар академиясын (1989) бітірген. Еңбек жолын 1964 жылы Кемеров облысында теміржолшы болып бастаған ол қызмет жолында үлкен белестерді бағындырып, шебер ұйымдастырушы әрі беделді басшы ретінде Кемеров облысының тізгінін өз қолына алды. 1997 жылдан бері Кемеров облысының губернаторы болып келеді. Үш рет (1991, 1996, 2000) РФ Президенттінің сайлауына қатысты.

А. Төлеев - "Долгое эхо путча" (1992), "Власть в руках человека и ... человек в руках власти" (1993), "На изломах жизни..." (1993), "Цена иллюзий" (1995), "Отечество - боль моя" (1995), "Судите сами" (1996) атты кітаптардың авторы. Ресейдің, Украинаның, Қазақстанның, Беларусьтің, Моңғолияның көптеген ордендерімен марапатталған. Қазақстанға ресми сапармен бірнеше мәрте келгенін де айта кеткен жөн.

2015 жылғы 13 қыркүйекте өткен Кемеров облысы губернаторының сайлауында Аман Төлеев тұрғындардың 96,76 пайыз дауысына ие болды.

тасмагамбетов 1956 жылдың 9 желтоқсаны Иманғали Тасмағамбетовтің туған күні. Ол - Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының 5-ші Премьер-Министрі, 2008-2014 жылдары Астана қаласының әкімі болды. Қазір - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі. Саясаттану ғылымдарының докторы.

шишигина Сидней олимпиадасының чемпионы (2000), қазақстандық жеңіл атлет, спринтерші, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Васильевна Шишигина 1968 жылы 23 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Қазір - Парламент Мәжілісінің депутаты.

саттарханов Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, қазақ спортының жарық жұлдызы болған Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, «Барыс» орденінің бірінші иегері болды.

2000 жылы 31 желтоқсанда автокөлік апатынан қаза тапты.

кыдырбаев Ауыр атлетика бойынша қазақ халқынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев 1992 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сарыжаз ауылында туған. Ол 2014 жылы Алматы қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтын медальға қол жеткізді.

Ал 2004 мешін жылы дүниеге келген қазақтың ұл-қыздары да білім мен ғылымда, өнер мен спортта, билік пен саясатта үлкен белестерді бағындырып, тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағы жолында қызмет жасайды деген сеніміміз мол. 2016 мешін жылы дүниеге келетін сәбилер де ел сенімін ақтайтын азаматтар болуын тілейміз!

Соңғы жаңалықтар