Мейірімге, махаббатқа бөленіп өскен бала бауырмал болады – көпбалалы ана

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтың жібін үзбей, отбасындағы әкенің рөлін, беделін үнемі жоғары қойып, ананың табанында жаннат барын балаларына күндіз-түні айтудан шаршамаған, әр перзентіне ерекше көңіл бөлетін отбасылардың бірі Алматыда тұрады. 43 жастағы көпбалалы ана Мәулеш Үйпалақова ҚазАқпарат тілшісінің бала тәрбиесіне қатысты бірқатар сауалына жауап берді.
None

– Әңгімені, өзіңізден бастасақ, қайда тудыңыз, қайда оқыдыңыз?

1980 жылы қазіргі Жетісу облысы Панфилов ауданы Кіші шыған ауылында дүниеге келдім. Бала кезден еңбекке жақын болып өстім. Үй шаруасындағы жұмыстарды тыңғылықты орындап қоятынмын. Мектеп кезінде жүгері алқабында жұмыс істедік. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Мектепті жақсы оқыдым. Оқу озаты болдым.1997 жылы мектепті үздік аттестатпен аяқтадым. Алайда, дәл сол жылы жоғары оқу орнына құжат тапсырып, бағымды сынап көре алмадым. Ата-анамның жағдайына қарап, оларға салмақ түсіргім келмеді. Жұмыс істеп, өз күшіммен оқығым келді. Алматыда оқу үлкен арманым болды. Алып, әсем қалаға жолым 2000 жылы түсті. Екі жыл жұмыс істедім. Кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым. Қазір мектепте информатика пәнінен сабақ беремін.


- Күйеуіңізбен қалай таныстыңыз, сол кісі туралы айтып беріңізші?

- 2002 жылдың қысында бір асханаға аспаз болып орналастым, жолдасым Қазбек Тұрлыбеков сол жерге он күн бұрын кәуәпші ретінде жұмысқа қабылданған екен. Сонда таныстық. Бір-бірімізбен тез тіл табысып кеттік. Дәм-тұзымыз жарасып, отау құрдық. Өмірдің ащысына да, тұщысына да көне білу керек, біз де сол нәрселерден өттік. Сыйластығымыздың арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Адам өмірінде 3 нәрсе істеу керек деген қағида бар ғой. Үй тұрғызу, тал отырғызу және бала тәрбиелеу. Осы даналықты басшылыққа ала отырып, өз қолымызбен баспанамызды салдық, аулада жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұр. Бүгінде Құдай берген алты баламызды тәрбиелеп жатқан жайымыз бар.


- Балалар тәрбиесінде неге баса мән бересіздер?

- Әкесі екеуміз кішкентайлармен бірге отырып ертегі оқимыз, тақпақ-өлеңдер, көбейту кестесін жаттатамыз.Үлкендер мен досы сияқты сырласуға тырысамыз. Демалыс және мереке күндерді қызықты әрі пайдалы өткізуді дәстүрге айналдырдық. Әр жексенбіде қайда баратынымызды көбіне балалардың өздері шешеді. Менің ойымша, ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпаған. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесек, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын. Мейірімге, махаббатқа бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысамыз. Балаларымыздың бойына ұят болады, обал болады деген ұғымды көбірек сіңіруге тырысамыз. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осы.


- Әр баланың мінезі әр түрлі болады, олардың көңілін қалай табасыз?

- Алтауы алты түрлі. Тұңғыш қызым Мәдина - 21 жаста. Қазір жұмыс істейді. Мейірімді және сабырлы. Әрқайсымыздың көңілімізге қарайды. Кішкентай балаларды қатты жақсы көреді. Үйге келген қонақтардың балалары осы қызымның жанынан шықпайды. Екінші перзентім Малика – студент. Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде оқиды. Талапшыл, алдына мақсат қоя білетін қайсар қызым. Былтыр мектепті қызыл аттестатқа бітіріп, ҰБТ-да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жоғарыда айтқан оқу орнының грантын ұтып алды. Бұл ата-ана үшін мақтаныш әрі үлкен көмек. Үшінші қызым Ұлдана – жоғары сыныпта. Сабағын жақсы оқитын пысық қыз. Жан-жақты. Түрлі үйірмелерге қатысады. Мектепте өтетін барлық іс-шараға белсенді қатысады. Өзінен кейінгілерді мектепке, балабақшаға апарып, қамқорлық танытатын да осы Ұлданам. 11 жастағы Нұртілеуімнің орны тым бөлек. Әркез әкесінің қасынан шықпай, қолғабыс болып жүреді. Су тасу, ауланы сыпыру, қар шығару, монша жағу осы батырымның мойнында. Үй шаруасына да, сабағына да үлгереді. Одан кейінгі ұлым Нұрбосын - 7 жаста. Бірінші сыныпты беске аяқтады. Момын, ешкімде шаруасы жоқ. Ал ең кенжеміз Нурикамал. Күзде бір жасқа келеді. Тәтті қылықтары шығып келеді. Шүкір, бәрі бауырмал. Ұрпағымызға бір-бірлеріңе ешқандай есепсіз көмек қол созуға тиіссіңдер дегенді жиі айтамыз. Сондай-ақ әкесі екеуміз балаларымыздың ойымен санасамыз, пікірлерін тыңдаймыз. Жасымыз қырықтан асып кетсе де, қазіргі уақыттағы трендтерден қалмаймыз.


- Қоғамда бала тәрбиесіндегі жазалау туралы жан-жақты пікір қалыптасқан, баланы жазалаған дұрыс па?

- Өкінішке орай, баласын жөнге салу үшін ұрып, ұрсатын ата-аналар бар. Менің ойымша, баланы жазалау дегеніміз оны міндетті түрде таяққа жығу емес. Бала болған соң теңтектік, бұзықтық жасайды. Кейде тіл қайтаруы мүмкін. Мұндай жәйттер бізде де болып тұрады. Біздің үйде бір нәрсеге рұқсат бермеу, шектеу қою, өкпелеу, сөйлеспей қою жаза түріне жатады. Мысалы мен бір тәулікке телефондарын алып қоямын. Олар үшін бұл үлкен жаза. Немесе ренжіп қалғанымды білдірем, сол кезде олар істеген қылықтарына ойланып, кешірім сұрайды. Ұл-қыздарым достарымен, сыныптастарымен қыдыруға бару үшін, ең алдымен рұқсатты әкелерінен сұрайды. Өзіміз ата-анамыздан алған тәрбиені, барынша ұрпағымызға беруге тырысып жатырмыз.


- Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға қазір қандай көмек бар? Ол көмек жеткілікті ме?

- Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны алып отырмын. Көпбалалы ана куәлігі мектеп формасын алуға, түрлі үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік береді. Қазір қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүремін. Кішкентайым бір жасқа келгенде «Күміс алқа» береді. Сол кезде қоғамдық көлікте тегін жүретін боламын. Сондай-ақ заң бойынша, мынадай жеңілдіктер қарастырылған: көлік және жер салығынан; мекенжайын тіркеу, төлқұжат және жеке бас куәлігін беру кезінде нотариаттық және заңдық маңызды іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждардан босатылады. Қазір елде көпбалалы аналарға жағдай жасалған деп есептеймін.


- Көпбалалы ана атануға қорқатын келіншектерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. Осы сөздің астарында үлкен мән-мағына бар. Сондықтан қорықпай дүниеге бала әкелу керек. Қиыншылық пен жоқшылық уақытша нәрсе. «Әр баланың өз несібесі бар» дегендей бала ертең–ақ, өсіп кетеді.


- «Алтын алқа» алуға ниет бар ма?

- Мен көпбалалы ана болғаныма шүкір айтып, қуанамын. Бәрін бірдей жақсы көреміз. Алтын асықтай ұлдарым, күміс қасықтай қыздарым бар. Әйел үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Жасымыз 44- ке келіп қалды. Қызымызда бойжетіп отыр. Алланың бұйырғаны болар. «Алтын алқаны» уақыт еншісіне қалдырайық...

– Әңгімеңізге рахмет! Балаларыңыздың қызығын көріңіз!


Соңғы жаңалықтар