Мейрамханаларда жиі кездесетін құқықбұзушылық: не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысында мейрамхана тойға алдын ала төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан. Бұл туралы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлады.

ресторан
Фото: freepik

10 тамызда Мұнайлы ауданында әйел мереке өткізу үшін 30 мың теңгені алдын ала төлеген. Ақша қолма-қол берілгенімен, түбіртек те, келісімшарт та ұсынылмаған.

14 қыркүйекке жоспарланған той отбасындағы қайғылы жағдайға байланысты болмайтыны 10 қыркүйекте белгілі болып, бұл туралы мейрамхана әкімшілігіне алдын ала хабарланған. Дегенмен, мекеме өкілдері қаражатты қайтарудан бас тартып, «ақша берілмейді» деп жауап берген.

ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы бойынша, егер қызмет көрсетілмесе және нақты шығын болмаса, тұтынушы алдын ала төлеген соманы толық көлемде қайтарып алуға құқылы.

Жәбірленуші осыған байланысты Маңғыстау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданды. Тексеру қорытындысымен ақшасы толық қайтарылып, құқығы қорғалды.

Айта кетейік, Қызылорда жылу электр орталығы тұтынушылардың қаражатын қайтарды.

Соңғы жаңалықтар