Мейірлан Максим дзюдодан Әлем чемпионатын жарақаты салдарынан ерте аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM - Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан дзюдодан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан бүгін, 17 маусымда Мейірлан Максим (90 келі) сынға түсті.

Ересектер сапындағы алғашқы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған 21 жастағы Мейірлан үшінші айналымда жарыс жолын аяқтады.
Бұл кездесуде ол жарақат алып қалды. Салдарынан жарыс жолынан шықты. Ол әлем чемпионы жапониялық Гоки Таджимаға қарсы белдесуде белсенді күрес көрсетіп, қарсыласынан екі шидо басым тұрды. Алайда, Гоки Таджиманың (o soto gaeshi) қарсы әдісіне сәтсіз түсіп, жарақат алуына байланысты жеңіс жапониялық дзюдошыға берілді.
Осылайша, 21 жасар Мейірлан Максим өзінің ересектер сапындағы алғашқы әлем чемпионатын үшінші айналымнан тоқтатты.
Мейірлан алғашқы айналымда франциялық Алексис Мэтьюді соңғы секундта «юко» ұпайымен жеңсе, одан кейін доминикандық Роберт Флорентиноны қапы қалдырды.
Сондай-ақ 18 маусымда Нұрлыхан Шархан (100 келі) және Марат Байкамуров (100 келі), 19 маусымда Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) жүлдені сарапқа салады.
Қазірге дейін әлем чемпионатында ел құрамасынан Әбиба Әбужақынова (48 келі) күміс жүлдегер атанса, Мағжан Шамшадин (60 келі), Шерзод Давлатов (60 келі), Ғалия Тынбаева (48 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Есет Қуанов (72 келі), Эсмигүл Куюлова (63 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі) жарысты ерте аяқтады.
Дзюдодан әлем чемпионаты 13-20 маусым аралығында өтеді. Онда 92 елден келген 566 спортшы 14 салмақта жүлдеге таласады.