«Мейірімді Қазақстан» акциясы басталды: елімізде 10 күн бойы игі істер атқарылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда «Мейірімді Қазақстан» әлеуметтік акциясы бастау алды. Бұл бастама өзара қолдау мәдениетін нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және жастарды игі істерге тартуға бағытталған, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Акция аясында еліміздің өңірлерінде жастар ұйымдары мен еріктілердің қатысуымен қайырымдылық және волонтерлік іс-шаралар кешені өткізіледі.
- Акцияның он күні жеке-жеке тақырыптарға арналмақ. Атап айтқанда, жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету, қарттар мен балалар үйлерін қолдау, медициналық мекемелерде донорлық акциялар өткізу, аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсету, сондай-ақ коммуналдық қызмет қызметкерлерін қолдауға бағытталған қоғамдық бастамалар жүзеге асырылады, - делінген ақпаратта.
Бастама Шығыс Қазақстан облысындағы Жастар ресурстық орталығының алаңында басталды. Акция еліміздің барлық өңірлерін қамтиды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев «Мейірім» орденін тағайындады.