09:00, 24 Ақпан 2023 | GMT +5
Ми-8 әуе кемесін пайдаланатын компаниялардың қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Апатқа ұшыраған Ми-8 әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылы 3 мамырда берілген. Тікұшақ 2021 жылы шығарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Азаматтың авиация комитетіне сілтеме жасап.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду Ми-8 тікұшақ апатына байланысты шұғыл кеңес өткізді.
«Апатқа ұшыраған Ми-8 әуе кемесінің ұшуға жарамдылық сертификаты 2022 жылы 3 мамырда берілді. Тікұшақ 2021 жылы 27 қаңтарда шығарылған. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті әуе кемесін пайдаланатын әуе компаниялардың қызметіне жоспардан тыс инспекциялық тексерулер жүргізеді. Тексерулер нәтижелері бойынша жүйелі бұзушылықтар анықталған жағдайда ұшу қауіпсіздігінің барлық мәселелер шешілгенге дейін тиісті сертификаттар мен куәліктер тоқтатылады», - делінген жиын қорытындысы бойынша жарияланған хабарламада.Еске салсақ, кеше «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы Батыс Қазақстан облысы аумағына апатты жағдайда қонуға мәжбүр болғанын жазған едік.
Кейіннен Азаматтық авиация комитеті тікұшақ экипажының арасында зардап шеккендер бар екенін хабарлады. Кейін апаттан 4 адам қаза тауып, 2 адам зардап шеккені белгілі болды.