МИБ-ке өтуде тұрғындардың басын қоса алмаған алматылықтар әкімдіктен кеңес сұрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтар тұрғын үйді басқарудың жаңа нысанына ауысуда шыққан мәселе бойынша әкімдікке жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған мәселені шешу үшін тұрғындар әлеуметтік желіде әкімдіктен кеңес сұрады.
Тұрғындардың мәліметінше, үйлерін МИБ немесе ЖС-ке ауыстыруды анықтау бойынша жиналыс өткізбекші болған. Бірақ, жиналысқа тұрғындардың көбі келмеген. Ал Алматыда 1 шілдеге дейін барлық тұрғын үй МИБ немесе ЖС-қа ауысуы тиіс.
Осыған орай тұрғындарда әкімдік тарапынан қандай шара жасалатыны жайлы сауал туындады.
Аталған мәселе бойынша ҚазАқпарат тілшісі әкімдікке сауал жолдаған еді.
Алматы қаласы әкімдігінің берген жауабы бойынша «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйді басқару нысанын таңдау туралы шешім қабылдау үшін тұрғындар көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінің жиналысын өткізіп, кондоминиум объектісін сайлауға міндетті.
«Олар мынадай формалар болуы мүмкін:
1) Мүлік иелерінің бірлестігі – көппәтерлі бір тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын, оны ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға.
2) Көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі – қызметін ҚР азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырады.
Бұл ретте пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және өзгертуде ерікті.
Сонымен қатар, коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдар төлем болмаған, сондай-ақ, шартта белгіленген мерзімде толық төлем болмаған жағдайда, қызметтерді толық немесе ішінара көрсетуді тоқтатады.
Айту керек, тұрғын үй құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды Заңның 8-бабына сәйкес, сот шешеді», - делінеді әкімдіктің берген жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы ПИК жетекшілері МИБ қызметіне кедергі келтіріп отырғанын жазған едік.