Microsoft компаниясының нарықтық құны алғаш рет 4 трлн доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM — 31 шілдеде Microsoft корпорациясының нарықтық құны алғаш рет 4 трлн АҚШ долларынан асып, бұл межеге жеткен әлемдегі екінші жария компания атанды, деп хабарлайды DW.

п
Фото: pexels

30 шілдеде жарияланған тоқсандық есептен кейін Microsoft акциялары тарихи максимумға дейін қымбаттады. Құжатта көрсетілген табыс көрсеткіштері сарапшылардың болжамынан жоғары болды. Атап айтқанда, компания Microsoft Azure бұлтты платформасына қатысты қызметтер сатылымының күрт артқанын хабарлады.

Сонымен қатар корпорация жасанды интеллектті дамытуға 30 млрд доллар көлемінде рекордтық инвестиция салуды жоспарлап отыр.

БАҚ мәліметінше, 31 шілдеде Нью-Йорк қор биржасындағы сауда-саттықтың ашылуында Microsoft акциялары 6,25 пайызға өсіп, бір данасы 560 долларға жетті. Алайда кейінірек акция құны 535 долларға дейін төмендеді. Бұл компанияның капитализациясының 3,980 трлн долларға дейін қысқаруына себеп болды.

Айта кетейік, бұған дейін 9 шілдеде америкалық графикалық процессорлар өндірушісі Nvidia алғашқы болып 4 трлн доллар капитализация межесін еңсерген еді. Бар-жоғы үш жыл бұрын 400 млрд доллар шамасында бағаланған бұл компания бүгінде Microsoft-ты басып озып, әлемдегі ең қымбат корпорацияға айналды. Nvidia-ның қарқынды өсуі жасанды интеллект саласының дамуына тікелей байланысты. Себебі нейрожелілердің жұмысы үшін дәл осы компанияның графикалық процессорлары қажет.

Қазіргі уақытта Nvidia компаниясының нарықтық құны 4,4 трлн долларға жеткен. Үшінші орында – Apple (3,125 трлн доллар), одан кейін Amazon (2,4 трлн) және Alphabet (Google холдингі, 2,3 трлн).

Ал Meta компаниясының (Facebook және Instagram желілерінің иесі) капитализациясы 1,9 трлн долларды құрап отыр.

Еске салайық, бұған дейін Microsoft ЖИ көмегімен 500 миллион доллардан астам қаржы үнемдегенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар