Мигранттарға табылған жұмыс біздің жастарға неге табылмайды? - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 21 ақпан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өңір тұрғындары алдындағы есебі туралы мақала берілді.

«Елбасының жеті тапсырмасын орындауда алдымызда жеті негізгі бағыт тұрғанын айта кеткен жөн. Біріншіден, экономиканың өсуін қамтамасыз ету керек. Облыс экономикасының дамуын сипаттайтын өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі 1,77 триллион теңгеге жетті, бұл 2011 жыл деңгейінен 9,1 пайыз артық.
Өңір басшысы есепті баяндамасында цифрларды тізе бермей, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жайлы айтып берді», - делінген мақалада. Одан әрі облысы басшысы жоғарыда айтылған жеті бағытқа жеке-жеке тоқталады.

Оның айтуынша, өткен жылы ауыл ша­руашылығын дамыту үшін 23,2 миллиард теңге тартылды, оның ішінде субсидия көлемі 8,2 миллиард теңгені құрап отыр. Қосымша 16 бордақылау алаңы, 2 тауарлы сүт фермасы және 2 жасанды ұрықтандыру пункттері құрылды, бұл мал шаруашылығының жалпы өнім көлемін - 19,2, ет және сүт өндіруді 4,5, 2,2 пайыз арт­тыруға мүмкіндік туғызды.

Сондай-ақ, өңірде серпінді жобаларды жүзеге асыруда бағытты да бағдарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы үш жылда ғана индустриялық-инновациялық бағдарлама негізінде жалпы құны 195,4 миллиард теңгенің 29 жобасы жүзеге асыпты. Жаңадан 3 мың жұмыс орны ашылды. Мақала «Ел табысының еселенуі ізденіске байланысты» деген тақырыппен берілген.

Сондай-ақ, аталмыш нөмірде Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның да халық алдында берген есебі туралы талдамалы мақала берілген. Мақалада өңір басшысы облыстағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы толығырақ тоқталған. Облыс әкімі өз баяндамасында барлық негізгі салалардағы көрсеткіштер барысына тоқталды. Оның айтуынша, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1201,3 млрд. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 258,7 млрд. теңгені құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекттік бағдарламасы шеңберінде облыста жаңа өндірістер құруға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және техникалық жарақтандыруға бағытталған 187 инвестициялық жоба іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі 1356,9 млрд. теңгені құрап, жұмыс орындарының саны 5556-ға жетті.
Индустрияландыру картасы шең­берінде облыста 733,9 млрд. теңге сомаға 79 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 404,2 млрд. теңгеге 4 жоба республикалық Индустрияландыру картасына, 329,6 млрд. теңгеге 75 жоба өңірлік картаға енгізілді. 2010-2012 жылдар аралығында құны 189,8 млрд. теңге тұратын 50 жоба іске қосылса, соның ішінде өткен жылы 45,4 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске асты. Ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуда қазақстандық үлесті ұлғайту мақсатында облыс тауар өндірушілерімен 260,0 млрд. теңге көлемінде келісімдер жасалды. Облыстың 187 кәсіпорнында сериясы 9001, 14001, 22000 ИСО және OHSAS 18001 сапа менеджментінің 237 жүйесі сертификатталды.

***

Қазақстан ел тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 63 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салуды жоспарлап отырғаны белгілі. Яғни алдағы онжылдықта құрылыс қарқынды жүреді деген сөз. Алайда соңғы уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған құрылыс нысандарына ел-жұрттың еш көңілі толған емес. Сапасыздығы сондай, жаңа салынған үйлердің шұрық-тесігінен, жамап-жасқауынан бастап, тұрғызылғанына үш жыл толмаған үйдің құлауымен аяқталды. Өткен жылы опырылып түскен «Бесобаның» жағдайы құрылыс саласындағы сапа мәселесі қаншалықты күрделі тұрғандығын көрсетіп берді. Құдай сақтап, адам шығыны болмағандықтан, үйдің құлауына кінәлі деп табылғандар, ақыр аяғы амнистияға ілігейін деп жатыр. Ал олар болса: «біздің еш кінәміз жоқ, ақтап шығарыңдар» деп амнистиядан бас тартып отыр. бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Құрылысты біреу мақтап жүр, Ал Құдай бізді сақтап жүр!» атты мақалада жазылған.

«Қазақстанда сапасыз құ­ры­лыстың қаптап кетуінің басты себептерінің бірі, - дейді техника ғылымдарының кандидаты, ҚазБСҚА про­фес­соры Серік Әшірұлы, - салада білікті құрылысшы-маман­дар­дың жетіспеуі. Тәуелсіздік алғалы 20 жыл ішінде, шыны ке­рек, құрылыс саласы құл­дырап, барлық кәсіби білікті мамандар жан-жаққа шашырап кетті. Басқа салаларға кетіп қалғаннан кейін, құрылыс «бумы» басталған кезде олар қайтадан оралуды жөн көрме­ді. Менің өзім көптеген маман­дар­ды қайтадан шақырғам, алай­да олар «тағы да дағдарыс келсе не болады? деп қорықты. Расында да, дағдарыс қайта айналып соқты. Қазір құры­лыста жұмыс істеп жүрген қалаушы, прораб секілді төменгі буынның көпшілігінің арнайы білімі жоқ. Олардың жалпы жұмыс тәжірибесі болғанымен, теориялық дайындықтан өтпеген. Осыдан келіп, құрылыстың сапасы жапа шегеді. Барлық аймақ­тарда құрылыс сапасының тө­мен болуы - құрылыс компа­нияларын басқарып отырған басшылардың да біліктілігінің төмендігіне байланысты. Сон­дықтан мамандарды дайын­дауға көңіл бөлу керек, - деп пайымдайды Серік Нұршанов.

Сондай-ақ, газетте «Алматы дамудың жаңа сатысына көтерілді» деген тақырыппен Ахметжан Есімовтің халық алдындағы есебі берілген. «Алматы қаласының нақты бюджеті тұңғыш рет 305,6 миллиард теңгені құрады. Бұл барлық даму жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік берді. Бүгін мен сіздерге барлық межеленген жобалар табысты орындалды деп есеп бере аламын. Мұның артында барлық алматылықтардың орасан еңбегі тұр, сол үшін де мен барлықтарыңызға шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді», - дейді А. Есімов.

Оның айтуынша, Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Қазақ­стан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауында: «Біздің басты мақса­тымыз - 2050 жылға қарай мық­ты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде бере­ке­­лі қоғам құру» деп бүкіл қо­ғам алдындағы ортақ міндетті ай­қындап берді. Елбасы Жол­дау­ында белгіленген тапсырма­ларды жүзеге асыру орныққан позицияларды нығайту мен үдетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге мем­ле­кеттік саясатты жетілдіру бо­йынша қажетті шараларды жа­сап шығуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты орнықтыру бо­йынша белгіленген мақсат­тар­ды жүзеге асыру Алматы қаласына дамудың жаңа са­ты­­сына көтерілуге мүмкіндік береді.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Алқабилер институты судьялардың пәрменін әлсіретіп жіберген жоқ па?» атты мақала жарияланған. Онда бүгінгі күні қоғамымызда алқабилерге қатысты туындап отырған мәселе мамандар талқысына түскен.

Газеттің жазуынша, сот билігі жүйесін нығайту мақсатында мемлекетіміз 2006 жылдың 16 қаңтарында «Алқабилер туралы» арнайы Заң қабылдап, 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап сот жүйесіне алқабилер институтын енгізген болатын. Осы алқабилер институты 5 жыл бедерінде не істей алды? Бүгінгі қоғамдық пікірге назар аударсақ, бір қауым жұртшылық алқабилердің сауаттылық деңгейін сынап, «бұл институт үкім шығаруға жауапкершілікпен қарай алмай отыр» деп, еліміздің сот жүйесіне алаңдайды. Ал екінші тарап болса, алқабилер институтының жұмысын бұдан әрі дамыта түсуіміз қажеттілігін алға тартады.

«Жалпы идеялық тұрғыдан алғанда, алқабилер идеясына қарсылығым жоқ. Керісінше, қолдаймын. Бірақ тәжірибе жүзінде бұл идеяның нәтижесі жоспарлағанымыздай болмай отыр. Қазір бұл институттың пайдасынан гөрі зияны басым болып тұр. Сондықтан да, алқабилер институты судьялардың пәрменін әлсіретіп жіберді деген пікірмен келісемін. Мәселен, пәрменділік тұрғысынан келсек, біріншіден, судья бар болғаны 11 адамның бірі ғана. (30-40 азаматтың ішінен жеребе тарту арқылы 12 адам таңдап алынады. Оның 10-ы алқаби, екеуі қосалқы би ретінде сот процесіне қатысады) Яғни, бір-ақ дауыстың иесі. Екінші қырын алып қараңыз. Осы бір ғана дауысқа ие болу арқылы судьяларды жауапкершіліктен босатып қойдық. Демек, қабылданған шешімнің заңдылығына судьялар жауап бермейді деген сөз. Мысалы, үлкен бір қылмыс кезінде судья: «Мен кінәлі деп тауып едім, алқабилер кінәсіз деп дауыс берді» деуі мүмкін. Бұл жерде дауыс жасырын түрде берілгендіктен, мәселенің байыбына бару өте қиын», - дейді адвокат Абзал Құспанов.

Ал Шынқуат Байжанов есімді заңгер: «Менің ойымша, алқабилер судьялардың пәрменін әлсірете алмайды. Тіпті соңғы кезде айтыла бастаған қылмыскерлердің ақталып кетуіне алқабилердің септігі тиіп жатыр деген пікірмен де келіспеймін. Өйткені, біріншіден, алқабилер дегендеріміз заңның адамдары емес. Олар қылмыстық іске судьяның жеткізген дәлелдемелері негізінде ғана қарай алады. Демек, барлық мәселе - істі жүргізіп отырған судьяға байланысты деген сөз. Егер судья қылмыстық іске қатысты деректер мен дәлелдерді толығымен алқабилерге жеткізсе, сонымен қатар соттың тергеуін дұрыс жүргізсе, алқабилер кінәлі қылмыскерлерді ақтап жіберуі мүмкін емес», - дейді.

Сондай-ақ, газетте «Мигранттарға табылған жұмыс біздің жастарға неге табылмайды?» деген тақырыппен проблемалық мақала берілген.

«Ала шапанды өз ағаларымыз бен айыр қалпақты бір туғандарелімізге келіп жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрсе де, біздің жастарымызға екі қолға бір күрек табылар емес. Ал «ауылда маман жетіспейді» деп зар илеп жүрсек те, жастарымыз ауылға бармай, дипломын құшақтап қалада бос жүр. Ал кейбір ауылдан келген жастарымыз жұмыс істеуге мойны жар бермей, жеңіл жолмен ақша тапқысы келіп, қылмысқа ұрынып жатады. Сонда қалай болғаны, өзбек пен қырғыз мигранттарына табылған жұмыс біздің жастарымызға неге табылмайды? Ауылда маман жетіспей жатқанын ескеріп Үкімет «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қабылдап, ақшалай көмек беріп, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие және басқа да жеңілдіктер ұсынып отырса да жастар ауылға неге бармайды? Базбір мамандардың пайымдауынша, мұндай жағдайдың қалыптасуына жастардың оқу бітіргеннен кейінгі тағдырына білім орындарының алаңдамай отыруы, ведомстволардың бірлесе жұмыс істемей отыруы себеп көрінеді», - деп жазады басылым.

Сонымен қатар, мақалада осы мәселе бойынша ҚР Білім және ғылым министрінен бастап, әлеуметтанушы ғалымдардың да пікірлері беріліп отыр.

Соңғы жаңалықтар